astana-view

Алтын сапа: Тәтті өнімді осында шығарады

2016 жылғы 03 Тамыз
3808 просмотров

Өткен жылы «Алтын сапа» ұлттық байқауының арнайы сыйлығына ие болған «Рахат» АҚ, бүгінде «Халал» стандарттарына сәйкес өнімдер шығару құқығын еншілегенін қуана хабарлауда.

2015 жылдың 11 желтоқсанында Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен Индустриализация күні аясында өнім сапасы саласындағы республикалық доданың марапаттау рәсімінде «Халық тұтынатын тауарлар сапасының көшбасшысы» атанған «Рахат» компаниясы 70 жылдан астам уақыт шежірелі тарихы бар, Қазақстандағы кондитерлік өнім өндіретін ірі өндіріс орындарының бірі.

Кондитерлік өнімдер алғаш рет 1942 жылы ликер зауыты алаңында соғыс кезінде Мәскеу мен Харьковтан көшіріліп әкелінген жабдықтармен шығарыла бастаған. Қазіргі уақытта «Рахат» АҚ ауқымында 3500-ге тарта адам жұмыс істейді екен. Өндірістік қауқары Алматы және Шымкент қалаларындағы екі алаңда шоғырланған.

Жобаның жан-жақты сипаты, кең көлемі мен какао бұршақтарын қайта өңдеу бойынша дербес желінің болуы компания үшін отандық өндірушілер арасында кондитерлік өнімдердің мол таңдауын әзірлеуге мүмкіндік беруде. Бүгінгі таңда «Рахат» АҚ қоржыны 10 түрлі топқа жататын алуан түрлі кондитерлік өнімнің 250-ден аса атауымен толыққан.

Атап өтерлік жайт, «Рахат» АҚ - сусамыр (диабет) ауруынан зардап шегетін адамдарға арнап арнайы өнім шығаруды игерген Қазақстандағы бірден-бір кәсіпорын. Бұл бағытқа қуаттылығы төмен әрі қантты тең дәрежеде табиғи шикізатпен ауыстыру арқылы шығарылған шоколад, кәмпит, печенье және вафлидің бірнеше атауы кіруде. Тағы бір «тәтті» компания өзгешелігі – санқилы айрықша шоколад өнімдерін шығаруға басымдылық танытуы.

Қолдағы мәліметке қарағанда, кәсіпорында бірыңғай жауапкершілік пен сапаны бақылаудың кешенді жүйесіне негізделген ішкі жүйе ұйымдастырылып, іске асырылуда. Бұл жүйе өндірістің әр сатысында шикізат пен өнім сапасын бақылауға арналған. Кәсіпорында ҚР ИСО 9001 - 2001 СТ стандартына сәйкес сертификатталған сапа менеджменті жүйесі енгізілген және іске қосылған. 2013 жылы Ұлттық сараптама және сертификация орталығы сапа менеджменті жүйесіне сәйкестігін растаған, ресертификацияланған аудит жүргізілген.

Отандық нарықта ғана емес, шетелдер нарығында да танымал «Рахат» АҚ, ТМД республикалары мен алыс шетелдер тарапынан өнімдеріне деген қызығушылықтың болуына орай, келешекте өндіріс көлемін ұлғайтуды және экспорт көлемін арттыру жолымен өткізу нарығын кеңейтуді жоспарлауда.

Сонымен қатар, компания басшылығы тек тұтынушылар мүддесін ғана емес, өз жұмыскерлері туралы да ойлайтынына сендіруде. Бірінші және екінші ауысым жұмыскерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылған асхана, жоғары санатты дәрігерлер қызмет көрсететін медсанбөлім, тренажер залы бар сауықтыру орталығы қызмет көрсетеді екен. Түрлі саладағы мамандардың біліктілігін көтеру бойынша сабақтар үнемі өткізіліп тұратын оқу сыныптары қарастырылып, мемлекеттік тілді үйрету курстары ұйымдастырылыпты.

2013 жылы Оңтүстік Кореяның жетекші кондитерлік LOTTE Confectionery компаниясы «Рахат» АҚ-ның негізгі акция пакетіне ие болды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер