astana-view

Үздік тауар өндірушілер марапатталды

2016 жылғы 12 Тамыз
- Жамбыл облысы
6912 просмотров

Тараз қаласында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өз мәресіне жетті

Кәсіпкерлік саланың басты оқиғасы «Arai plaza» бизнес-орталығында өтті. Қонақтарды залда шығармашылық ұжымдар күтіп алды. Атап айтсақ, Жамбыл политехникалық колледжі студенттерінің, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі студенттерінің қолынан шыққан жұмыстардың көрмесі, сондай-ақ Рамиля Хикматулинаның жетекшілігімен облыс суретшілерінің «Оңтүстік таланттар галереясы» көрмесі болды. Суреттердің, шығармашылық жұмыстардың таныстырылымы Жамбыл облыстық филармониясындағы «Алатау» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен өтті.

Тіркеу кезінде барлық қатысушыларды анық  байқап, тану үшін көк-сары фирмалық белгілер үлестіріліп берілді. Сарапшылар тобы да арнайы белгілер тақты. Барлық еріктілер байқау логотипінің жанында естелік суреттерге түсіп жатты. Сонымен қатар келушілерге екінші дәрежелі банктерден кеңес алуға жағдай жасалды.

Үлкен залдың кіреберісінде байқаудың барлық аталымы бойынша компания атаулары жазылған арнайы белгілер мен тақтайшалар орналастырылған. Залда, үстелдер, тақтайшалар, белгілер саны көп болғанына қарамастан, жан-жаққа оңай бағдар жасауға болады. Байқауға қатысушылардың барлығы бір қатарға тізбектелген. Зал секция бойынша бөлініп, олардың арасын үш түрлі түстегі матадан тігілген – көк, қызғылт сары (Ұлттық палатаның корпаративтік түстері) және ақ түсті перделер ажыратып тұрды.

Жамбыл облысының 72 кәсіпкері байқауға қатысуға өтініш білдірді. Аламан үш аталым бойынша өтті: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары». Олардың ішінде – «Қазфосфат» ЖШС, «Жамбылгипс» АҚ, «Жамбыл Цемент Өндіру Компаниясы» ЖШС, «ZhambylKeramzitCompany» ЖШС сынды нарықта үздіктер қатарынан танылып жүрген ірі компаниялар бар. Мұздатылған жартылай фабрикаттар өндіруші «Метелица» ЖК «Кан В.Р.», автоматтандырылған цехта қымыз өндіруші «Заң» ЖШС, битум қоспасын, асфальт, қиыршық тас, құм және басқа да өнім өндіретін «Katsa» ЖШС байқауға алғаш рет қатысып отыр.

Өңірлік байқауда өнімдерге баға беруші сарапшылар тобының құрамына Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері,  «ҰССО» АҚ, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Жамбыл облыстық Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті, «НұрОтан» партиясының өкілдері, сондай-ақ шағын және орта бизнес қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті кірді.

Байқаудың шымылдығын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Тимур Жанке ашты. Ол іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, байқаудың ұйымдастырылуына жоғары баға берді.

«Бұл барлық қатысушылар үшін – өз-өзін көрсетіп, тұрғындар мен сарапшылар тарапынан еңбегіне жоғары баға алу ғана емес, сондай-ақ жаңа сапалық серпіліс жасауға үлкен ынталандыру, – деді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатысының директоры Қарлығаш Аралбекова іс-шараның ашылу салтанатында. – Біз байқауға қатысушы ретінде кәдесый өнімдерін өндірушілерді шақырдық. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені келер жылы біздің елді әлемдік үлкен деңгейдегі «ЭКСПО-2017» іс-шарасы күтіп тұр. Біздің облыс соған үлкен дайындық үстінде. Тараз қаласының аудандарынан 20-ға жуық өндіруші өз кәдесыйларын назарға ұсынатын болады».

Байқау қызықты, жаңа форматта өтті. Барлық таныстырулар видеотаныстырылыммен сүйемелденді. Байқаудың ақпараттық серіктесі – «77 TV» телеарнасы «Arai plaza» бизнес-орталығының залында LED-дисплейден байқаудың тікелей көрсетілім ұйымдастырды. Ресми ашылу салтанаты залдан тікелей көрсетіліп жатқан кезде, «77 TV» арнасының корреспонденттері қатысушылар мен сарапшылар тобының мүшелерінен сұхбат алып жатты.

Былтырғыдай биыл да сарапшылар тобының жұмысы байқаудың өзінен бұрын басталғанын атап өткен жөн. Олар кәсіпорындарға барып, қатысушылар туралы ақпарат толық болуы үшін өндірістің жұмысымен жан-жақты танысып шықты. Байқау бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді насихатталды.

Сарапшылар тобы залдағы өнімдерді бағалап жатқан кезде сахнада қатысушылар туралы видеороликтер көрсетіліп, артынан концерт басталды. Жамбыл облыстық филормониясының танымал орындаушылары мен бишілері байқаудың көркін қыздырып, тамылжыта ән салып, мың бұрала би биледі.

Міне, көптен күткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының жеңімпаздарын жариялайтын сәт те келіп жетті. Сарапшылардың қорытындысы бойынша «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында үшінші орынды – Қордай ауданында омарта шаруашылығын жүргізіп жүрген бал өндіруші «Ромашенко В.Ф.» ЖК, екінші орынды – Шу ауданының мақсары майын өндіруші «Kaz-Ir Agro» ЖШС, бірінші орынды – Тараз қаласының қымыз өндіруші «Заң» ЖШС иеленді. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша үшінші орынды – битум қоспасын, асфальт, қиыршық тас, құм және басқа да өнім өндіретін «Katsa» ЖШС, екінші орынды – құрғақ құрылыс қоспаларын, гипсакартон және гипс тасын өндіруші «Жамбылгипс» АҚ (Тарза қаласы), бірінші орынды – тараздық радиатор, бетон, асфальт өндіруші «Арайстроймаркет – 2003» ЖШС алды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша үшінші орынға – тон, аяқ киім, кеудеше өндіруші жеке кәсіпкер Әділхан Қадырбаев, екінші орынға – кәдесый және полиграфиялық өнім өндіруші «Рысбаева и Ко» ЖШС, бірінші орынға – былғары етік пен былғары шығарушы «Тараз Былғары Етік» ЖШС лайықты деп табылды.

Салтанатты жиын соңының марапаттау рәсімінде жеңімпаздар естелікке суретке түсіп, БАҚ өкілдеріне сұхбат беру үшін залда жиналды.

«Біз кәсіпкерлерге арналған байқауларға белсенді түрде қатысамыз. Биылғы жылдың өзінде өнімімізді Қырғызстанда, Якутияда болған байқауларға апарып, жүлделі орынға ие болып отырған жайымыз бар. Біз бүгін қымыздың төрт түрін назарларыңызға ұсындық. Және де өз өніміздің жоғары бағаланып, үздіктер қатарынан көрінгеніне өте қуаныштымыз», – деді «Заң» ЖШС директоры Дүйсенбек Ыбыналиев.

«Зауытымыз 50 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді, бұрындары «былғары комбинаты» деп аталған, – деп ой бөлісті «Тараз Былғары Етік» ЖШС өндіріс департаментінің директоры Дәурен Жәнібеков. – Біз әйелдерге, ерлерге, балаларға, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне арналған аяқ киімдер тігіп, былғары шығарамыз. Біз күзде сәнді аяқ киімдер топтамасын ұсынып, республика бойынша фирмалық дүкендер желісін ашуды жоспарлап отырмыз».

«Басшылық атынан осы байқауды ұйымдастырушыларға алғыс айтып, барлық кәсіпкерлерге сәттілік пен жақсылық тілеймін. Осындай байқаулар облыстағы кәсіпкерліктің дамуына септігін тигізеді», – деді «Арайстроймаркет-2003» компаниясының аға менеджері Дәулет Серіков.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер