astana-view

Атыраудың ең жақсы тауары таңдалады

2016 жылғы 18 Тамыз
- Атырау облысы
9040 просмотров

19 тамыз күні Атырауда бизнес-қауымдастық көптен күткен оқиға – «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің өңірлік сайысы өтеді

Айта кетерлігі, қатысушылар аталған байқауда жеңіске жету арқылы өз өнімін бүкіл Қазақстанға жария етуге мүмкіндік алады. Жеңімпаздар байқау белгісін төрт жыл бойы жарнама мақсатында пайдалану құқығын иеленеді, яғни сол арқылы өз өнімін нарықта саудалайды. 

Осы жылы кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер арасынан байқауға қатысуға 22 бизнес субъектісі өтінім берген. Негізінен алғанда, байқауға қатысып жатқан 15 бизнес субъектісі «Халыққа арналған үздік тауар» аталымы бойынша сынға түспек. Сонымен қатар, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында 4 кәсіпорын бақ сынауды жөн көрсе, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша іріктеу сайысы 3 кәсіпорын арасында өтеді деп күтілуде.

Қатысушылар арасында жеке бизнесте табысқа жетіп үлгергендер де, жұмысын енді жандандыра бастағандар да бар. Шаруасы өрге домалап үлгергендердің қатарында «ЖігерМұнайСервис», «Өнерпаз»,  «Карат» және тағы басқа жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бағын сынамақ.

Байқауға өтінім берген жас кәсіпорындар қатарында «Полимер Продакшн» ЖШС, «CENTECH» ЖШС және «A.B.Style» ЖК мықтылығын дәлелдемек. «Полимер Продакшн» компаниясы қазылар алқасына полипропилен пленкасын, биаксиалды бағыттағы полипропилен пленкасы мен кең қолданыстағы полиэтилен пленкасын ұсынбақ. Ал «CENTECH» ЖШС электротехникалық бұйымдарын көрмеге қоюды жоспарлап отырса, «A.B.Style» жеке кәсіпкерлігі өзі өндіретін киім-кешектерді көрсетпек.

Өңірлік айналым соңында жеңімпаздар «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымдары бойынша анықталады. Әр аталымда I, II  және III дәрежелі үш дипломант таңдалады. Одан кейін олар өңірдің атынан республикалық байқау-көрмеге қатысады.

Байқау-көрме «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтеді. Басталуы 10.00-де.

Көрермен ретінде кез-келген тілек білдіруші қатыса алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер