astana-view

Астанада кім үздік?

2016 жылғы 29 Тамыз
- Астана қаласы
9567 просмотров

Елордалық бизнес өкілдері жыл сайын өтетін «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысуға әзірленуде

Көрмеде алғаш рет әуежайлар мен әуе компанияларына қажет мұз қатуға қарсы құралдар және made in Astana медициналық, электр жабдықтары таныстырылмақ. Үздіктер байқауында, сондай-ақ, сорғылар шығаратын кәсіпорындар, қоқыс жинауға қажет құрылғылар, зергерлік бұйымдар, жиһаз, фаст-фуд, жартылай дайын өнімдер дайындаушы компаниялар да өз бақтарын сынап көрмек.

Қатысушылар арасында биыл бірінші рет қатысатындар да және осыған дейін бірнеше рет бақтарын сынап көрген компаниялар да бар. Мәселен, жол, қауіпсіздік белгілері мен металл құрылымдарын дайындауға мамандандырылған «Тенгиз+» компаниясы» ЖШС былтыр «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында екінші орынды иеленген. Ол осы жетістігімен шектеліп қоймай, биыл да бақ сынамақ ниетте және бұл оған «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысуға мүмкіндік  беріп отыр. Қазіргі таңда елордалық кәсіпорын еліміздегі жол белгілерін жасаушы бірден-бір ірі компания болып табылады. Оның өнімдері Қазақстанның барлық аймақтарындағы жолдарда қолданылып келеді. Жыл сайын «Тенгиз+ » компаниясы 30-40 мың қалыпты белгі шығарады.

Ал байқауға алғаш рет қатысушылар қатарында «Alab Industries» ЖШС бар. Ол Қазақстан Республикасы аумағындағы әуежайлар мен әуе компанияларына, коммуналдық қызметтерге, оның ішінде, ұшып-қону жолағын өңдеуге арналған сұйық реагенттерге қажетті мұз қатуға қарсы құралдар шығаратын кәсіпорын болып саналады. Компанияның құрылғанына көп болмағанымен, өндіріс орны бүгіннің өзінде-ақ біршама жетістіктерге қол жеткізген.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын өткізудегі басты мақсат – отандық кәсіпкерлер өндіретін тауарлардың сапасын арттыру, қазақстандық тауарларға деген қоғам қызығушылығын арттырып, оны дәріптеу. Себебі, бизнесті жандыруға бірлесе отырып қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз», –  дейді Ғани Тасмағанбетов.

Дәстүрге сай отандық үздік тауарды сарапшылар комиссиясы үш аталым бойынша анықтайды: «Өндірістік мақсаттағы саласындағы үздік тауарлар», «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары».

Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға дипломдар табысталады.

Өңірлік іріктеу сайыстарының жеңімпаздары жыл соңында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатыса алады. Мұндай деңгейдегі жеңіс қатысушыларға өз өнімін бүкіл Қазақстанға таныстыруға жол ашады. Байқау дипломанттары байқау белгісін жарнама мақсатында төрт жыл қатарынан қолдануға мүмкіндік алады.

«Көрме-байқау 31 тамызда сағат 9-дан 13.00-ге дейін «Қазмедиа орталығының» бірінші қабатындағы холда өтеді. Қала тұрғындары мен меймандарын осы іс-шараны тамашалап, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге шақырамын», – деді елордалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер