astana-view

Іскер әйелдер тәжірибесінен сыр шертті

2016 жылғы 07 Қараша
- Жетісу облысы
10580 просмотров

Облыстың іскер әйелдері Мемлекеттік хатшымен кездесті

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Алматы облысына жасаған сапары аясында жергілікті іскер әйелдермен кездесу өткізді. Бизнес-қоғамдастық үшін маңызды болып саналатын кездесуге облыс басшысы Амандық Баталов, Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрайымы, Алматы облысы Іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Римма Салықова, Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Мәмилә Мұсабекова, Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева және өңірдің басқа да белгілі әрі танымал бизнес-ханымдары қатысты.  

Кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда нәзік жандардың белсенділігін күшейту,  әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету, шешім шығару деңгейінде әйелдер қауымы санының артуы, отбасылық және рухани-адами құндылықтарды нығайту мәселелері талқыланды. Өңірлік кеңес төрайымы және Іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Римма Салықова облыста әйелдер қауымы мемлекеттік бағдарламаларды белсенді түрде қолға алып келе жатқандығына тоқталды.

«Даму» қорының «Бизнестегі әйел» жобасы бойынша Алматы облысында жалпы сомасы 108 млн теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылды. Ал «Шағын кәсіпорындарды қаржыландыру» бағдарламасы бойынша, 657 іскер әйелге жалпы сомасы 295 млн теңгені құрайтын қаражат берілді. Сондай-ақ «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау» бағдарламасы аясында 70-тен астам әйел жарты миллиард теңгені құрайтын жеңілдетілген несие алды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған микронесиелеудің «Бизнес-өңірлер» атты жаңа бағдарламасы аясында облыстағы 39 кәсіпкер әйел 65 млн теңге несие алды. Бұл ретте, мұндай қолдау ауылдағы кәсіпкер әйелдерге көрсетіліп жатқандығын айта кеткен жөн. Мысалы, Кәсіпкерлер палатасы Сарқанд ауданында 9 бизнес-жоспар әзірлеп, оның 6-ы қаржыландырылды. Жобаның жалпы құны 20 млн 950 мың теңгені құрап отыр», – деді Р.Салықова.

Сонымен қатар Өңірлік кеңес басшысы, Алматы облысында кәсіпкерліктің 56 мыңнан астам субъектісін әйелдер басқарып келе жатқандығын хабарлады. Мұндай кәсіпкер әйелдер күн сайын ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатыр деді ол. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы кәсіпкер әйел өрік бақтарын өсіру бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырып отыр екен. Осылайша, жобаның жалпы құны 610 млн теңгені құрап, кәсіпкер оның 573 млн теңгесін – өз қаражаты есебінен жұмсаған. Сондай-ақ аудандық Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарында әйелдер қауымына 1500-ден астам кеңес берілген. Ал кәсіпкерлік негіздері бойынша 652 әйелге білім беріліп, олардың 300-ден астамына бизнес-жоспар жасалыпты.

Басқосу барысында, Римма Салықова мемлекеттік хатшыға Іскер әйелдер қауымдастығы мен Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің табысты әріптестігі туралы да айтып берді.

«Біз біргеміз! Осылайша біз бизнестегі өз біліміміз бен тәжірибемізді бөлісе отырып, бірлігі бекем команданы құрап отырмыз. Әйелдер бизнесі мәселелерін талқылаған 30-ға жуық кездесу, басқосу, форум мен семинарды бірге өткіздік. Аталған кездесулерден кейін, әйелдер Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарына келіп өз идеяларын ұсынып, сосын оны одан әрі жүзеге асырып жатқандықтарын атап өткен жөн. Біздің негізгі жұмыс аудандық және ауылдық іскер әйелдер кеңесі құрылған, облыстың барлық аудандары мен ауылдық округтерінде қолға алынып жатыр», – деді ол.

Кездесу барысында Гүлшара Әбдіхалықова мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген «Алтын бесік» балабақшасы туралы өз әсерімен бөлісті. Мемлекеттік хатшы бұл бағыттағы жұмыстарға жоғары баға беріп, кәсіпкерлерден мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің ауылды жерлерде дамуы туралы сұрады. 

Әріптестіктің жарқын мысалы ретінде, Римма Салықова Сарқанд ауданы тұрғынының мысалын алға тартты.

«Сарқанд ауданында проблемалық мәселелердің бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту болып отыр. Осыны ескере келе, біз жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қатысты семинар ұйымдастырдық. Онда банк пен даму институттарының өкілдері МЖӘ-ге мемлекеттік қолдау көрсету шаралары мен бағдарламалар туралы айтып берді. Семинар аяқталған соң іскер әйелдердің бірі ауданда бірінші болып балабақша ашу туралы шешім қабылдады», – деді Салықова.

Сонымен қатар Өңірлік кеңес мүшесі, «Дана» жекеменшік мектебінің директоры Күләндә Батырбекова да өз тәжірибесімен бөлісті. Айта кетерлігі, оның жекеменшік балабақшасы мен мектебі өңірдегі жетекші әрі инновациялық білім беру мекемелері қатарына еніп отыр.

Бұдан бөлек, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ бірінші проректоры, облыстық саясаткер-әйелдер клубының төрайымы Ләззат Еркінбаева әйелдердің саяси өмірге араласуы туралы әңгімелеп берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер