astana-view

«Атамекеннің» жоғары басқару органы жайлы не білеміз?

2017 жылғы 31 Мамыр
7141 просмотров

14 маусымда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті съезі өтеді. Съезде жыл бойы атқарылған жұмыстың есебі беріліп, 2017-2019 жылдарға арналған бюджетті бекіту және тағы басқа көптеген мәселелер талқыланады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғашқы съезі 2014 жылдың 25 маусымында өткен. Жиында атқарылған жұмыстың бағасы беріліп, Палатаның таяу жылдардағы даму стратегиясы бекітілді.

Ал екінші съезд 2015 жылдың 27 қаңтарында өтті. Бұл съезде талқыланған басты мәселелердің бірі бизнес субъектілері аударатын міндетті мүшелік жарна көлемі мен төлеу тәртібін өзгерту болды. Делегаттар міндетті мүшелік жарна төлеушілердің бірінші санатына алты қосымша санат және екінші санатқа  төрт қосымша  санат  бекіту нұсқасына дауыс берді.

Сонымен қатар, делегаттар Палатаның бизнеске кризиске қарсы қолдау көрсету шараларына қатысты  ұсыныс берді. ҚР Үкіметі Ұлттық кәспкерлер палатасымен бірлесе отырып 2015 жылы өндірістік өнеркәсіптерге қолдау көрсету шаралары бойынша Іс-шаралар жоспарын жасады. Оның ішіне темір жол қызметі мен электр қуатының тарифін сақтау мен азайту, мемлекеттік келісімшарттар мен қаржылық ресурстармен қамтамасыз ету көмегімен өндіріс көлемін сақтау мәселелері енгізілді. Сонымен қатар, делегаттар Палата атауын «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» деп өзгертуге дауыс берді.

Үшінші съезд 2016 жылдың 16 маусымында өтті. Мұнда сатып алулар, қаржылық ресурсқа қол жеткізу, микронесиелеу, мемлекеттік органдардың заңсыз тексеруі, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту мәселелері көтерілді. «Атамекен» ҚР ҰКП жұмысының қорытындысы бойынша жыл сайынғы есеп пен Ұлттық палатаның үш жылға арналған орташа мерзімді бюджеті бекітілді.

Съезде Ұлттық палата Төралқасының кейбір мүшелерінің уәкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мен сайлау, Басқарма уәкілеттігінің мерзімін бекіту, ҰКП Жарғысына өзгертулер мен толықтыруар енгізу туралы хабарланды. Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы Хартиясы қабылданды.

Ұлттық палатаның құрылымы өкілдік және атқарушы органнан тұрады. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары басқару органы – Съезд.

Төралқа мүшелігінің құрамы ҚР Үкіметінің үш өкілі, депутаттар пен қоғам қайраткерлерінен 16 өкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғайтін уәкіл, аккредиттеуден өткен республикалық салааралық, салалық қауымдастықтардың 16 өкілі мен өңірлік кеңестердің 16 өкілінен тұрады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасын Тимур Құлыбаев басқарады. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы – Абылай Мырзахметов. Басқарма Төрағасының 7 орынбасары бар – Нұржан Әлтаев, Эльдар Жұмағазиев, Дана Жүнісова, Рустам Жүнісов, Елдос Рамазанов, Төлеміс Шотанов және Юлия Якупбаева. Әрқайсысы жекелеген түрлі мәселелерге жетекшілік етеді.

Еліміздің Астана, Алматы қалалары мен 14 облысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерлік субъектілері мен тұрғындарға мемлекеттік қолдау шараларын кешенді түрде көрсету мақсатында 23 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары құрылған, сонымен қатар кәсіпкерлерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында моноқалаларда, шағын қалалар мен аудан орталықтарында 188 Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер