astana-view

Асқар Махамбетов: «Кәсіпкерлер палатасының жұмысы жүйелі жолға қойылған»

2017 жылғы 13 Маусым
1933 просмотров

Осы жылдың 14 маусымында өтетін «Атамекен» ҰКП-ның ІV съезі қарсаңында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Фирма «Best-Servis LTD» ЖШС-ның бас директоры Асқар Махамбетовпен сұхбаттасып, Палатамен бірлесіп атқарылған жұмыстар жайында, сонымен қатар Кеңесте көтерілген мәселелер туралы анықтаған едік...

 - Асқар Аралбайұлы, Сіз Кәсіпкерлер палатасы құрылған сәттен бастап істің басы-қасында жүрген азаматсыз. Қателеспесем, Кеңесте де құрылған сәттен бастап төрағалық жасап келесіз. Осы ретте, қысқаша Кеңес туралы айтып өтесіз бе?

-  Дұрыс айтасыз, Кәсіпкерлер палатасының құрылған сәтінен бастап бүгінгі таңдағы қалыптасу, даму сынды барлық кезеңінде аймақтағы іскер азаматтармен бірге жұмыс жасап келеміз.   

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі 2013 жылы құрылды. Бүгінде кеңестің 19 мүшесі бар. Бұл азаматтар облыстағы кәсіпкерлердің мүдделерін білдіретін кәсіпорындардың және қауымдастықтықтардың басшылары, беделді кәсіпкерлер. Кеңес құрылымы шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп кешені, құқықтық қорғау, адами капиталды дамыту, экономикалық бағытты (мемлекеттік-жеке әріптестік, инвестицияларды тарту, т.б.) қамтитын 5 комитеттен тұрады.

Сонымен қатар, Өңірлік кеңестің жанынан тұрақты жұмысшы органдары ретінде ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерді және олардың бастамаларын қолдау мақсатында барлық 7 ауданда Аудандық кәсіпкерлер кеңестері құрылып, бүгінгі күнге ауылдық аймақтардың бизнес өкілдері қамтылып отыр. Аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшелігіне 10-12 кәсіпкерден енгізіліп, төрағалары сайланды.

Жалпы 4 жыл ішінде Өңірлік кеңестің 50-ден астам отырысы өткізіліп, 128 мәселе талқыланды.

- Кеңесте көтеріліп, оң нәтижесі шыққан мәселелер бар ма?

- Кәсіпкерлер палатасы құрылған сәттен бастап біз облыс орталығындағы, аудандардағы, ауылдардағы әріптестеріміз – кәсіпкерлермен тұрақты кездесіп тұрамыз. Өзіміз де бизнесте жүрген азаматтармыз. Сондықтан да кәсіппен айналысқысы келетін жандар үшін бірден бір мәселе – кәсіпкерлік саласына қатысы бар мекемелердің жан-жақта орналасуы. Осы жайттарды ескере келе, 2015 жылдан бастап «Кәсіпкерлер үйін» құру бастамасын көтеріп келдік. Мұнан өзге, аудан, ауыл тұрғындарына шағын несие беретін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығын, Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығын, рұқсат беру құжаттарымен айналысатын толық форматтағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құру бастамаларын көтердік. Нәтижесінде бұл ұсыныстарымыздың барлығы да жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау тауып, бүгінде сәтті жүзеге асырылып отыр.

- Енді съезд туралы айтып бересіз бе? Біздің өңірден кімдер барады?

- «Атамекен» ҰКП-ның съезі осымен 4-жыл қатарынан өткізілуде. Съезд барысында біз бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, кәсіпкерлердің кездесіп отырған мәселелерін ортаға саламыз. Аталмыш съезге Үкіметтің, орталық атқарушы органдардың басшылары қатысатын болғандықтан өңірлердегі кәсіпкерлердің проблемасын бірге талқылау, салаға қатысты шешіліп жатқан мәселелерді естіп, өзіміздің әріптестерімізге жеткізу аса маңызды.

Біздің өңірден бұл съезге Өңірлік кеңестен 6 делегат, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасының басшысы мен аудандық филиал директорлары – барлығы 13 азамат қатысады.

- Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысы туралы қысқаша пікір білдірсеңіз...

- «Атамекен» ҰКП құрылған сәттен бастап 17 мыңнан астам кәсіпкерден құқығын қорғау жөнінде өтініш түсіп, орта есеппен 42 пайыздан астамы оң шешілді. Нәтижесінде кәсіпкерлер  ммүліктік құқығын қорғап отыр.

Мұнан өзге, заңнамалардың жобаларына қатысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік саласына қатысты 11 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілердің жобасы түсті. Оның ішінде 300-ден астамы заң жобалары. Тек қана 2016 жылдың өзінде «Атамекенмен» 4930 нормативтік-құықтық акті жобасы қаралды.  

Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы» бағдарламасының жүзеге асыруға да атсалысуда. «Атамекеннің» жүргізген жұмыстарының нәтижесінде шағын қаржы ұйымдары құрылып, аталмыш қаржы ұйымдары арқылы жалпы құны 2 705 млн теңгені құрайтын 563 жоба қаржыландырылды, 2544 жаңа жұмыс орны ашылды.

Әрине, кәсіпкерлік саласында әлі де шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Бұл салық мәселесіне қатысты, қаржының қолжетімділігі, әкімшілік кедергілер және тағы да басқа мәселелер бар. Дегенмен, бүгінгі таңда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысы жүйелі жолға қойылған. Жоғарыда аталған мәселелерді жүйелі шешу мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізуде. Нәтижесін кәсіпкерлер нормативтік-құқықтық құжаттарға енгізілген өзгерістерден көріп отыр. Мұнан өзге бизнес өкілдерімен жұмыс жасауда «Атамекенде» нақты механизмдер бар. Салаға қажетті ақпараттардың барлығын бизнестегі азаматтар Палатаның ресми сайтынан ала алады, мұнан өзге Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы әр департамент кәсіпкерлермен кері байланыста нәтижелі жұмыс жасап отыр. Ал жергілікті жерде жергілікті атқарушы органмен әріптестік қарым-қатынас жолға қойылған.

- Асқар Аралбайұлы, сұхбатыңыз үшін рахмет. Сапарларыңыз сәтті болсын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер