astana-view

Байтақ даланың сапалы өнімдері Елорда төрінде

2017 жылғы 28 Шілде
3513 просмотров

Астанаға «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысу үшін 144 компания келді

Бүгін 28 шілде күні басталған «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің ІІІ форумы 30-шілдеге дейін жалғасады. Форум аясында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы 144 жеңімпазы Елорда қонақтарына өз өнімдерін алып келді.

Еске салсақ, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын 2015 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2016 жылы кәсіпкерлік қызметте үздік кәсіпорындарды қолдау мақсатында «Іскер» арнайы сыйлығын бекітті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2006 жылдан бастап «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік және республикалық көрме-байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Жеңімпаздар өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар», «Үздік азық-түлік тауары» аталымдары бойынша анықталады.

Өңірлік көрме-байқауының жеңімпазы атанып, республикалық байқауға қатысуға жолдама алған компания өкілдерінің пікірлеріне назар аударайық...

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымы

 

Алматы қаласында өткен көрме-байқаудың жүлдегері – «iDC» компаниясы. Молдан Бабалықов, атқарушы директор:

– Біздің компаниямыз шығарған «дамыл түймесі» 2016 жылдан бастап  қолданып келеді. Алматы қаласындағы қару сататын дүкендерде, ірі сауда орындарына қойылған. Бұл «дабыл түймесінің» бірегейлігі сонда – іске қосылған кезде «102» нөміріне хабарласудың қажеті жоқ, түйме басылған соң ақпарат тікелей түседі. Бұл құралды жетілдіре отырып, микрофон мен камера қостық. Кезекші қосымша жасақ қажет болса, жедел жөнелте алады. Уақыт үнемдеуге, жеделдікке таптырмас құрал. «Қазақстанның үздік тауары» көрме байқауына қатыса отырып, отандық өнімді пайдалануға жаңа серіктестер тауып, жоғары сапалы өнім екенімізді дәлелдей аламыз деп ойлаймын.

Павлодар облысы көрме байқауының жүлдегері – «Павлодар электродты зауыты». Ерлан Сушин, бас инженер:

–  «Павлодар электродты зауыты» өңірлік көрме-байқауынан 3-орынды иеленіп, республикалық кезеңге өтті. Міне, бүгінде Астанаға дәнекерлеу электродтарын таныстыруға алып келдік. Біздің зауыттың ашылғанына бір жылға жуық қана уақыт болды. Әрине, осындай аз уақыттың ішінде сапалы өнім шығарғанымызға мақтанамыз. Көрме-байқауы сапаны арттыруға, бәсекеге қабілеттілікті шыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа серіктестер қатарын арттырудың таптырмас жолы. Сондықтан осы күндері құрылыс саласында жұмыс істейтін компаниялармен әріптестік орнатамыз деген ойдамын

«Халыққа арналған үздік тауар» аталымы

 

Қызылорда облысы өңірлік көрме-байқауының жүлдегері – DalaTex фабрикасы. Дархан Шадиев, фабрика меңгерушісі:

– Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқанымызға 2 жылға жуық уақыт болды. Өнімдеріміздің 70% ішкі нарыққа шығарылады. Сондай-ақ жақын шет мемлекеттерге шығарып отырмыз. Ерлерге арналған жейделер Қызылордада тігілгенімен, негізгі мата, аксессуарлар Түркиядан жеткізіледі. Фабрикада бүгінде 35 жұмыскер бар. Сонымен қатар 2 түрік шебері жеңіл өнеркәсіппен айналысуды үйретіп жатыр. Көрме-байқауының кәсіп жүргізуге тигізер септігі мол. Тәжірибе алмасуға, жаңа серіктес табуға мүмкіндік береді. Елімізде сапалы өнім дайындалатынының тағы бір дәлелі осы «Қазақстанның үздік тауары» байқауы екені сөзсіз».

Атырау өңірлік көрме-байқауының жүлдегері – «Өнерпаз» тоқыма-тігін фабрикасы. Светлана Саясатова, компания менеджері:

– «Өнерпаз» фабрикасы Атырау өңірінде өткен байқаудың жүлдегері ретінде республикалық көрме-байқауына шақырылды. Біздің фабрика тоқыма-тігін бұйымдарын дайындаумен айналысады. 2007 жылы «Алтын сапа» сыйлығын иелендік, ендігі меже – «Қазақстанның үздік тауары» сыйлығын алу.  Жыл сайын көрме-байқауға қатысып келеміз. Биылғы ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы байқаудың жақсы өтуіне, кәсіпкерлер ісінің өрге басуына атсалысып келеді. Көп рахмет айтамыз.

«Үздік азық-түлік тауары» атылымы

 

Алматы облысы өңірлік көрме-байқауының жүлдегері – «Лепсинк өнімдері» ЖШС. Асем Құспанова, компания менеджері:

– «Лепсі өңірінің табиғаты керемет. Дәруменге бай өсімдіктер өсетін аймақ. Осы аймақта бал өнімін өндірумен айналысуды бастадық. Нарыққа шыққанымызға көп бола қойған жоқ, дегенмен жетістігіміз қуантарлықтай. Біз өндіретін бал өніміне сұранысбар. Тұтынушыларға әр түрлі қаптамада ұсынып отырмыз.  Сонымен қатар Қытайдың Jumore электронды сауда алаңына тіркелдік. Бұл даму үшін ауқымды нарық екені анық, оған экологиялық таза өнімге деген сұраныс пен қызығушылық зор.

Жамбыл облысы өңірлік көрме-байқауының жүлдегері – «Rola-7»ЖШС. Ринат Заламаев, өткізу бөлімінің менеджері

– Жамбыл облысының Байзақ ауданында макорон өнімдері шығарумен айналысамыз. 2008 жылы нарыққа шықтық, бүгінде 40-тан астам аталым өнімін шығарып отырмыз. Шикізат өз еліміздікі, солтүстікте өскен дәнді-дақылдардан жасалған ұннан дайныдалады. Сонымен қатар біздің кәсіпорынның аумағында Қытаймен бірлесіп салынған кәсіпорын жұмысын бастады. Қытай нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Компанияда 150 қызметкер жұмыс істейді. Ішкі нарыққа ғана емес, Ресей, Қырғызстан секілді көршілес елдерге де сатылымға шығардық.

 

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының республикалық сынына өңірлік іріктеуден өткен жеңімпаздар қатысады. Бүгінде елордаға 14 облыс пен Алматы және Астана қалаларының үздік 144 компания өз өнімдерін алып келді. Жеңімпаздар жыл саңында Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының қорытындысымен қатар жарияланады.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер