astana-view

«SULU» – Қазақстанда шығарылатын бірінші сабын

2018 жылғы 23 Мамыр
11306 просмотров

Зерттеуге сүйенсек 2017 жылы Қазақстанда айына 3500 тоннаға жуық сабын пайдаланылады. «SULU» сабынын өндіретін «Адал плэнт» ЖШС айына 100 мың тонна шығарады. Осыған қарамастан компания өнімі көптеген супермаркетке шығарылған. Бәсекелестікке қалай төтеп беруде, тұтынушыға қандай өнім ұсынатыны туралы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иелену байқауына қатысушы «SULU» маркасымен иіс сабын шығаратын «Адал плэнт» ЖШС мәлімет береді.

«Біздің компания 2012 жылы құрылды. Ол уақытта елімізде сабын мүлде шығарылмайтын, негізінен Ресейден тасымалданатын. Әуел баста кәсіби маман іздеу мәселесі тұрды, себебі біздің елімізді бұл саланың мамандары тапшы. Ал Түркия – сабын өндіруде көшбасшы. Сондықтан әлемдік тәжірибесі бар маманды шақырып, елімізде кадр дайындауға кірістік», – дейді өткенге ойша оралған «Адал плэнт» ЖШС директорының орынбасары Толқын Исабекова.

Бүгінде «Адал плэнт» ЖШС өнімдері Қазақстанда таралып қоймай, Моңғолия, Қырғызстан, Қытайға экспортталады. Жергілікті өндіріс арзанға түсетін Қытай нарығына шығу оңай емес екені белгілі. Зертханалық сынақтан өтіп, сапасының жоғары екенін дәлелдеген отандық өнім Қытай нарығына жол салған.

«Қытай нарығына жақында шықтық. Олар біздің өнімімізге қызығушылық танытып отыр, себебі сабын табиғи қоспалардан дайындалады. Қытайда көп жағдайда табиғи қоспалары бар косметикалық сабын мен балалар сабынына сұраныс жоғары. Осы ретте компания «SULU baby» маркасымен елімізде алғаш рет балаларға арналған сабын шығаруды бастағанын айта кету керек. Қазіргі таңда өнімімізді «taobao» және тағы басқа да интернет-сервистері арқылы өткізуге дайындық жасап отырмыз», – деді Толқын Исабекова.

Қанша жерден сапалы әрі отандық өнім болғанына қарамастан нарықтағы бәсекелестік қатаң. Тұтынушылар «P&G», «DURU», «Чистая линия» секілді нарық алыптарының өнімдерін пайдалануды әдетке айналдырған әрі осы компаниялардың өнімдерін кез келген дүкеннен оңай табуға болады. Халықтың сенімінен шығып, сапалы өнім өз елімізде де өндірілетінін дәлелдеу мақсатында «Адал плэнт» компаниясы «SULU» брендімен «Алтын сапа» байқауына қатысуға шешім қабылдаған.

Бүгінде зауыттан иіс сабынның 30-дан астам түрі шығарылады. Сапалы «SULU» сабыны Қазақстанда шығарылғанын көпшілік білгенін қалаймыз. «Алтын сапа» байқауы отандық нарықтағы танымалдалықты арттырып, тұтынушылардың сенімінен шығуға сеп болса екен деген тілек бар», – деп атап өтті Толқын Исабекова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер