astana-view

Қызылорда: «Бастау» жобасы армандарды, батыл жасалған қадамдарды орындайтын мүмкіндік»

2018 жылғы 29 Қараша
- Қызылорда облысы

Кейде кәсіп бастауға туыстарымыздың, достарымыз бен жақындарымыздың кеңесі себеп болып жатады. Ал бүгінгі кейіпкерімізге салаға жетекшілік ететін мемлекеттік органдағы жұмысы жеке ісін ашуға негіз болды.

Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданының тұрғыны Айзат Момынтаева теміржол саласы бойынша білім алған. Бірнеше жыл түрлі салада өз бағын сынап көрген Айзат аудандағы кәсіпкерлік бөлімінде жұмыс жасап жүргенінде іскер азаматтармен жиі кездесіп, жетістіктеріне қызыға қарап жүрді және уақыт өте келе өзі де осы жандардың қатарында болғысы келетініне көзі жетті.

Қолынан кондитерлік өнімдерді пісіру келетін Айзат осыдан үш жыл бұрын несиесіз өз ісін бастап кетеді. Күнделікті пісірген өнімдерінен түскен қаржыны айналымға салып, кәсібін дамыта түседі.

Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалындағы мамандардан «Бастау» жобасына қатысып, ісін кәсіби түрде жүргізуге, тіпті қаржы ұйымдарынан қажетті қаржыға қол жеткізуге болатындығын естіп, оқуға ниет білдіреді.

«Оқу барысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында шағын несиелеу шарттары жайында ақпарат алдым. Бизнес-тренерім маған сауатты бизнес-жоспарды құруға көмектесті. Әр күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, бизнестегі әр қадамымды ойластыра бастадым «Бастау» жобасына қатысу арқылы кәсіпкерліктің әліппесін үйрендім. Қаржыны сауатты басқару, тұтынушымен дұрыс байланыс орнату, оларды табу, кризис кезеңінен ұтымды шығу жолдары – оқу курсында көтерілген бұл мәселелердің барлығын бүгінде тәжірибеде қолданып келемін», - дейді кәсіпкер Айзат Момынтаева.

Жас кәсіпкер «Бастауда» жобасын сәтті қорғап, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан алған 3 млн.теңгеге шағын цех ашып, қажетті құрал-жабдықтар алады. Қазір өзінен өзге 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Өнімдеріміз ауданда сұранысқа ие. Торт пен печеньелердің түр-түрін пісіреміз. Мұнан өзге тоқаштар, бәліштер, тәтті нандар мен кондитерлік өнімнің өзге де түрлерін күнделікті тұтынушыларға ұсынып келеміз. Бизнес ашу арман еді. Енді ол орындалды. Жоспарда – өндірісті кеңейтіп, тағы бірнеше жұмыс орнын ашу тұр. Ары қарай елімізде тамақ өнеркәсібін дамытуға күш салмақпын. «Атамекен» ұжымына, бизнес-тренеріме алғысым шексіз. «Бастау» жобасы армандарды, батыл жасалған қадамдарды орындайтын мүмкіндік. Кәсіп ашқысы келетін жандарға мемлекеттік қолдау бағдарламаларына назар аудару керек деген кеңес беремін», - дейді  «Бастаулық» кәсіпкер. Айзаттың кәсібіне береке тілейміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер