Бейтаныс кәсіпкер көп балалы отбасына Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер сыйлады
Есімін жасырын қалдырғысы келген елордалық кәсіпкер Ермек Хапайдың көп балалы отбасына Нұр-Сұлтан қаласынан 3-бөлмелі пәтер сыйлады. Осыған дейін бұл отбасы қала шетіндегі қарауыл күркесінде 15 жыл бойы күнелткен
Осыған дейін «Менің Атамекенім» бағдарламасының эфирінде жобаның амбассадоры Тәңірберген Бердоңғаров және кәсіпкер Сайра Матайбаева отбасының қиын өмірлік жағдайы туралы хабарлаған болатын. Ермектің өзі 30 жыл бұрын Моңғолиядан Қазақстанға коныс аударған. Осында отбасын құрған.
Ермек Хапайдың айтуынша, бастапқыда отбасы пәтер жалдаған, бірақ балалар саны ұлғайған соң жалға берушілер пәтерлерін жалға беруден бас тартқан. Сол себепті бұл отбасы көп жылдар бойы ауданы 10 шаршы метр күркеде тұрып келген. Отбасын асырау үшін отағасы үш жұмыста еңбектенуде, сондықтан оларға атаулы-әлеуметтік көмек берілмеген. Өйткені отбасының әр мүшесі үшін жан басына орташа табысы кедейлік деңгейінен асқан.
«Соңғы уақытта «Менің Атамекенім» жобасы жаңалықтарын бақылап жүрмін. Міне, бүгін көп балалы бір отбасына көмек беруге ынта таныттым. Компаниям қайырымдылықпен жиі айналысады, мұның бәрін жасырын, дабырсыз жасап келдім. Жобаның саясаты көңілімнен шықты, өйткені жақсылық туралы танылу үшін емес, қайырымды жандардың қатары көбейіп, жақсылық артуы үшін айтып, көрсету керек. Бірақ бүгін Хапай отбасының тұрмыс жағдайын көріп, таң қалдым. Бұл мен үшін түсініксіз жайт. ХХІ ғасырда адамдар осылай өмір сүрмеуі керек. Бәріміз бірігіп, оларға көмектесе аламыз деген ойдамын», – деді бағдарлама эфирінде Сайра Матайбаева.
Екі апта бойы аталған эфир интернет кеңістігінде қызу талқыланды. Әркім отбасына көмек беріп, қолдағысы келді. «Менің Атамекенім» порталы арқылы адамдар көмек қолын созып, отбасына азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техника апарды.
Ал 18 сәуір күні кәсіпкер «бір батырманы» басып қана Хапай әулетінің басты арманын орындады. Енді Ермектің отбасы 3-бөлмелі пәтерде тұрып жатыр.
«Басында пәтер сыйлады деп айтқанда сенбедім. Бізге уақытша үміт сыйлағысы келеді деп ойладым. АЛ бізді осында әкеп, қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымда шек болмады. Бәрінен бұрын балаларымыз мәз. Өйткені олар мұндай жайлылықта тұрып көрген жоқ. Тіпті дәретхана бөлмесі олар үшін таңсық. Мұның бәрі «Менің Атамекенім» жобасын ұйымдастырушыларының арқасы. Олар болмаса, біз әлі де күркеде күнелтетін едік. Осы жылдар ішінде бізге көмектескен адамдардың бәріне алғысым шексіз. Өзім және отбасым атынан жобаның өкілдеріне зор денсаулық, табыс пен сәттілік тілеймін. Олар үлкен игі іс атқаруда», – деді отағасы Ермек.
«Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаеваның хабарлауынша, отбасы тұрып келген күркені сүріп тастаған. Сондай-ақ, Ләззат Шыңғысбаева жобаның серіктестері «URTA Interior Decoration» және «СПФ «Регион Строй» ЖШС отбасына пәтерге жөндей жұмыстарын жүргізу және жиһаз жасау бойынша көмек көрсететінін айтты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: