astana-view

Қазақстандық майды Америка тұтынушылары қолданатын болады

2016 жылғы 28 Шілде
2881 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының белсенді атсалысуымен жақын арада «Қазақстанда жасалған» белгісі бар тауарлар Америка дүкендерінен табылып қалуы ғажап емес. Оған дәлел, бүгінде АҚШ аумағындағы белді Walmart сауда желісі сөрелеріне салқындай сығылған майды жеткізу жайлы келіссөздер жүргізілуде.

«Бұның өзі біз үшін үлкен жетістік. Өйткені мұхиттың әр жағындағы алып нарықты бағындыру оңай шаруа емес. Осы орайда бірден айта кетерлігі, шетелдік әріптестерімізге қазақстандық өнімнің еш химиялық қоспасыз тазалығы, табиғи келбеті ұнайды. Сондықтан мұндай жоғары сапаны Америкадан бөлек, Қытай, Иран сынды алпауыт елдер қатты бағалайды. Дегенмен, құжаттарды реттеу, қағаз жүзінде куәландыру сияқты тиісті тәртіпте рәсімдеу үдерістері ұзаққа созылып кететіні жасырын емес. Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында көп нәрседе түсіністік тапқанымызбен, логистика жағы, яғни көліктегі тасымалдау қымбатқа соғатынын да айта кеткен ләзім», - деп әңгімелейді «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры Қайыржан Ыбыраев.

Бұл тұста, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қабырғасында, ағымдағы жылдың 4 шілде күні, отандық тауар өндірушілердің консалтингтік «Roberts Group» компаниясының басшысыWalmart сауда маркасына ие Wal-Mart Stores Inc америкалық ритейл-компаниясының өкілі Майкл Робертспен кездесуі ұйымдастырылғаны белгілі. Ал оның алдында ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Америкаға арнайы іс сапармен барғаны жайында ақпарат берілген болатын.

Кеңейтілген жиында екі ел арасындағы сауда-экономикалық серіктестік көкжиегі талқыланып, түйткілді жайттар сарапқа салынған.

«Жүздесуге Қазақстандағы даму институттары, кәсіпкерлердің Сыртқы сауда палатасы мен отандық тамақ өндірушілер, Қостанайдағы «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы, «Цесна-Астық» корпорациясы, «Arba wine» шарап өндіруші компаниясы, «Беккер и К», «Рахат» АҚ сынды ірі компаниялар және тағы басқа мүдделі жақтар қатысып, тауар үлгілерін әкеліп көрсетті. Нәтижесінде Америка нарығындағы «ойын шартын» сұрап алудың, АҚШ-қа экспорттайтын тауар қандай талаптарға сай болуы керектігін білудің зор мүмкіндігі туды. Майкл Робертс жемісті ынтымақтастыққа ынта білдірді. Ол қазақстандық импорт тауарларға қызығып, біздің елге америкалық технология мен инвестиция тартуды жөн санайтыны аңғарылды», – дейді Қайыржан Ыбыраев.

Қазіргі уақытта кейбір тауар түрлері «Walmart» компаниясының кеңсесіне олардың сапасын анықтау мен сараптама жасату үшін жіберілген.

Сарапшы маманның айтуынша, жалпы жоғарыда келтірілген басқосуға 35 өндіруші қатысқан. Жұмыс отырысының қорытындысында бүгінгі таңда Алматы облысындағы «Воnne ltd» ЖШС май өнімін өткізуге талпыныс жасалуда екен. Жалпы, алғашқы қадам оң сипатта жүзеге асса, шикізаттық емес өңдеуші саладағы тамақ өнеркәсібінің дайын өнімдерін экспортқа жөнелту бойынша мол тәжірибе жиналатыны даусыз.

«Воnne ltd» ЖШС өндіріс меңгерушісі Нұржан Оңдасыновтың сөзіне қарағанда, салқындай сығылған майдың ерекшелігі сонда, қыздырылып, ыстықтай қайнатылмайтындықтан, ішіндегі дәрумені мен нәрін, дәмін жоғалтпайды. Сондықтан денсаулыққа пайдалылығымен әрі Қазақстанда өсірілгендіктен, экологиялық мінсіздігімен дараланады.

Кездесуге қатыса алмаған отандық кәсіпорындар Астанадағы «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаментіне, 91-93-52 телефонына хабарласып, мән-жайға қанықса болады.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер