astana-view

Қой өсіру – берекелі шаруашылық

2016 жылғы 22 Қараша
23185 просмотров

Малдың жайын білген қазақ қойдың бағасын осы бір ауыз сөзбен берген.

Қой кешегі өндіріс тоқтаған, еңбекақы мен зейнетақы көзден бұл-бұл ұшқан қиын кезеңдерде де қазақтың берекесін сақтап, ақша орнына жүрді, азығы да, киімі де болды. Бірақ бүгінде елдің жағдайы түзелді, қой басын көбейту де қолға алынды. Шындығында біз осы түліктің пайдасын толық көріп жүрміз бе? Қой шаруашылығын дамыту үшін не істеліп жатыр?

Бүгінде қой шаруашылығы – отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі. Ет пен жүн экспорттау ісінде біршама ілгерілеу бар. ҚР Статистика агенттігінің 2016 жылдың 1 қарашасында берген мәліметіне сәйкес, Қазақстанда қой саны 20 миллионнан асқан. Былтырғымен салыстырғанда 183 мыңға өскен.

Мемлекет мал басын арттыруға мүдделі

Қой сатып алу үшін мал басына 8 мың теңге субсидия бар. Ал етті бағытта өсірілетін қойдың бір келі етіне екі негізгі санат бойынша субсидия төленеді: 1-санат бойынша – 200 теңге, екінші санат бойынша 100 теңге беріледі. 1-санаттағы қолдау саулық саны 600 бастан төмен болмайтын шаруашылықтарға берілсе, 2-санаттағы қолдау саулық саны 300 бастан төмен емес шаруашылықтарға көрсетіледі.

Өнеркәсіпте кең қолданылатын қой жүнінің 1 келісіне 130 теңге субсидия төленеді. Мемлекеттік субсидияға меринос тұқымды қойдың жүні ғана ілінеді.  

Қой шаруашылығына несиелер беріледі ме?

Қой өсіріп, кәсіп бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан түрлі қолдау бар. Бұлар негізінен шағын несие алу бағдарламалары. Қой шаруашылығын бастаймын дегендерге, сонымен қатар «Агробизнес-2020» бағдарламаласы арқылы да алғашқы қадам жасауға болады.

 2014 жылдан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне «Алтын асық» бағдарламасы арқылы қой сатып алуға несие бере бастады. Несие 14% жылдық мөлшермен (қарызды мақсатты жаратуына байланысты 4%-дан 7%-ға жылдық мөлшермен субсидиялауды ескеріп) малдың аналық басын сатып алуға, айналымдық қаражатты толықтыруға беріледі. Несиелеудің мерзімі 84 айға дейін.

Қазақстанды қой етімен қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын көбейту, экспорт мәселесін реттеу «Алтын асық» бағдарламасының басым бағыттары болып саналады. Елімізде бүгінге дейін 90 мың асыл тұқымды саулыққа несие берілген. Аталған бағдарламаға ОҚО шаруалары белсене қатысып келеді.

Қой өсіруге арналған несиелердің ішінен халыққа ұнаған бағыттардың бірі тауарлы несие түріндегі «Жайлау» бағдарламасы. Бағдарламаны жүзеге асырудың үлгілік сызбасын келтірелік: ол бес жылға есептелген және жай-жапсары айтарлықтай қарапайым. Шаруалардың әрқайсысына 100 бас аналық қойдан және төрт асыл тұқымды қошқардан беріледі. Бағдарламаға қатысушылар малды бес жылға лизингке алады. Мерзім аяқталғанда кәсіпкер алған қойының санын 200 басқа толтырып қайтарады. Бұл бағдарлама көрші Қытай мемлекетінде қолданылған тәжірибеге сүйенген. Осы жоба арқылы Қытайда қой түлігін қарқынды түрде көбейтіп, ет өндіруде алдыңғы орындарға шыққан.  

Алайда, Қазақстанда 2009 жылы басталған «Жайлау» бағдарламасы тоқтап қалды. Екі жылдан соң «Атамекен» ҰКП-ның мамандары бастамасымен қайта қолға алынған бағдарлама өңір басшылары тарапынан қолдау таппады.

 «Бұл несие шаруалар үшін анағұрлым тиімді болды. Мәселен, қаржылай қаражат жергілікті деңгейлерде қолжетімді, кепілдік талап етілмейді, рәсімдеу құжаттары өте аз. Осындай тетіктер арқылы қой шаруашылығын дамытуға, тұқым түрлерін жақсартуға, мал басын арттыруға, экспортқа шығаруға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге жол ашылады», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Қуандық Чункунов.

Жүн өңдеу өнеркәсібін дамыта аламыз ба?

Жаһандық экономикалық дағдарыс өнеркәсіп салаларының қайсын болмасын қыспаққа алды. Жүн өңдеу өнеркәсібін жолға қойған ірі елдер – Австралия, Жаңа Зеландия, Уругвай шығынға батып, өндірісін қысқартуға мәжбүр. Киім-кешек өнеркәсібінде қой жүнін синтетикалық маталар алмастыруда. Жүннен гөрі синтепон, холофайбер секілді жылу сақтағыш жасанды материалдар қолданылып жатыр. Соған байланысты бұл мемлекеттер етті бағыттағы қой шаруашылығына ден қоя бастады.

Ал Қазақстаннан жүн сатып алатын ел негізінен Қытай болса, оның өзі  аз мөлшерде. Қытай мен Үндістан – қой жүнін үлкен көлемде сатып алатын алпауыттар, алайда олар жүнді көбіне Австралия мен Жаңа Зеландиядан тасымалдайды. Бұл мемлекеттер арасында теңіз арқылы арзан логистика жолдары дамыған. Іріктелген, жақсы сұрыпты жүнді ұсынған Австралиямен, Жаңа Зеландиямен Еуропа мемлекеттері де жұмыс істегісі келеді. Мата өнеркәсібін жолға қойған Түркия өңделген қой жүнін ішкі нарықта пайдаланады. Сондықтан, бұл нарыққа кіру де оңай емес.

Елімізде қой терісіне де сұраныс аз. Бұрынырақта ауыл-ауылдарда қой сойылса, терісін сатуға асығатын, қазір ондай емес. Бұрын қойдың күзгі терісінен тон, қысқы терісінен тұлып тіксе, қазір керегі шамалы. Ірі қара малдың терісіне орта есеппен 5000 теңге төленсе, қой терісі тым арзан бағаланады.

Осындай жағдайда Қазақстанның жүн өңдеу ісін дамытуға мүмкіндігі бар ма? Әрине бар деп ойлаймыз. Оның бірден-бір жолы – ішкі нарықты игеру. Ал Қазақстан нарығындағы жүннің (тек меринос тұқымының) 1 келісінің бағасы орта есеппен 600  теңгеден аспайды. Өйткені, жүн өндеу кәсіпорындары жоқтың қасы. Егер біз осы мәселеге ден  қойып, жүннен жіп иіретін, мата жасайтын өндірістерді іске қосатын болсақ, оларға барынша қолдау көрсетсек, сапалы, табиғи өнімдер шығарсақ, жұртшылықтың отандық тауарға деген қызығушылығы да артатыны анық.

«Қазақстанда қазіргі кезде қой малы өнімдерінің ең пайдалысы – ет. Келешекте жүн де, тері де, елтірі өндіру де халықаралық деңгейге көтерілер. Ол үшін қойды бағып-күту, өсіру, алған өнімді өңдеу технологияларын жақсартуымыз керек. Халықаралық деңгейде қой шаруашылығын озық технологиямен жүргізетін Англия, Аргентина, Еуропа елдері, Жаңа Зеландия,  Австралия өз өнімдерін өте жоғары бағамен сатуда. Біздің де мүмкіндіктеріміз зор. Бірақ, ол үшін шаруа жүргізу мәдениетін, ғылым мен техника жаңалықтарын өндіріске енгізіп, бар өнімді қайта өңдеу, өтімді тауар деңгейіне көтеруіміз керек», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қадыржан Хамзин.

Ет экспортын ұлғайтуға болады

Қазақстанда жиырма шақты қой тұқымы бар. Етті бағыттағы тұқымның кең таралғаны – Еділбай қойлары. Етті-жүнді бағытта меринос тұқымы да жақсы сұраныста. Қазақстан үшін қой етін экспорттау мәселесінде дәл қазір Қытай бағыты маңыздырақ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, экологиялық таза ет тасымалдау мәселесі қарастырылуда. Алдағы уақытта жылына 50 мыңнан 60 мың тоннаға дейін сиыр етін және 300 мың тоннаға дейін қой етін Қытайға экспорттау жоспарлануда. Бұл цифрлар отандық ет өңдеуші кәсіпорындардан алынды. Аталған орындар тиісті тексерістен өткен соң, Қытайға ет экспорттау құқығын иеленген кәсіпорындар тізіміне енетін болады.

«Қазақстанда жайылым алқаптары 180 млн гектардан астам аумақты құрайды. Оның ішінде 61,1 млн га жеке шаруа қожалықтарына ауыл шаруашылығы мақсатында қолдану үшін берілген, 86,6 млн га мемлекет меншігінде, бұл жерлер мал шараушылығына пайдаланылмайды. Қой суыққа төзімді әрі шөп талғамайтын, даладағы арамшөптің 570 түрін азық ететін мал. Өздігінен жайлып жүруі де қаржы жағынан өте тиімді тәсіл. Қазақстан шаруалары  ресейлік Романов тұқымына қызығушылық танытып отыр. Мәселен, меринос, Еділбай тұқымынан жылына 100 саулықтан 120 қозыдан алса, Романов қойлары жылына екі рет қоздап, бір төлдегенде 2-3 қозыдан әкеледі. Сөйтіп, 100 саулықтан 400-ге дейін қозы алады. Романов қойлары шағын, саулықтары 45-50 келіден аспайды. Өз кезегінде қазақи қойлар суыққа төзімді келеді, сондықтан шаруа қожалықтары екі тұқымды будандастыруды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда халық қойдың бабын біледі», – дейді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Қуандық Чункунов.

Әлия Кемелбекова

 

Еншілес ұйымдар

Серіктестер