astana-view

Автокөлік кімге бұйырды?

2016 жылғы 23 Желтоқсан
5851 просмотров

«Чек талап ет те, сыйлық ұтып ал!» акциясы қорытындыланды

27 мыңнан астам қазақстандық аталған науқанға қатысты.

Науқанды республика бойынша 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізді.

Қазақстандықтар осы уақыт ішінде «Wipon» ұтқыр қосымшасы арқылы мемлекеттік кірістер органдарына 1,5 млн фискальды чек жолдады. Екі жарым айға  созылған науқан кезінде республика бойынша 120-дан астам сыйлық ойналды, олардың ішінде тұрмыстық техникалар, байланыс құралдары, ыдыс-аяқтар бар.

Ең көп чекті Оңтүстік Қазақстан облысының, Шығыс Қазақстан облысының және Алматы қаласының тұрғындары жолдаған.

Бас жүлде – «Chevrolet Aveo» автокөлігін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Петропавл қаласындағы маманы Равиль Хайруллин ұтып алды. 100 мың және 300 мың теңгелік сертификаттарды Алматы қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары иеленді.

«Науқанның оң нәтижесін мемлекеттік кірістер органдары ұсынған мына көрсеткіштерден көруге болады: тіркеуге тұрған жеке кәсіпкерлер саны 10 мыңнан асты, қосымша тіркелген кассалық-бақылау машиналарының саны – 94 мың болса, кассалық-бақылау машиналары арқылы берілген салықтық заңнама талаптарына сәйкес келмейтін бақылау чектерін беру деректерінің саны 56 мыңнан асып жығылды.

Мен біздің Комитеттің және қызметкерлердің атынан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына науқанды, оны өткізуге қатысқан азаматтарды  қолдағаны үшін және өзінің салықтық міндеттемелерін адал атқарып жүрген салық төлеушілерге үлкен алғыс айтқым келеді», – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев.

Ол Елбасының салықтық орган құрылғалы бері көлеңкелі экономикамен күресудің айқын бағытын жолға қойғанын еске салды.

«Көлеңкелі экономиканың басты мақсаты – салық төлеуден жалтару екені белгілі. Көлеңкелі экономикамен күрестің негізгі құрамдас бөлігі – бұл салықтық әкімшілік ету арқылы салық төлеуден қашып жүрген тұлғаларды бақылау, сонымен бірге оның алдын алуға мүмкіндік беретін жүйе құру, – деп атап өтті Теңгебаев. – Азаматтар арасында ақша есептеу мәдениетін кең тарату үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол бойынша сатып алушы сатылған тауар мен көрсетілген қызмет үшін чек талап ете алады. Өздеріңіз білетіндей, 1 қазаннан бастап «Чек талап ет те, сыйлық ұтып ал!» науқанын іске қостық. Науқан, ең алдымен, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сонымен бірге барлық салық төлеушілердің салықтық заңнаманы бірдей қолдануын қамтамасыз етуге   бағытталған». 

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов, өз кезегінде, «Атамекен» жеке бизнесті дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы экономиканың ашық болуына, бизнесті адал жүргізуге, барлық қаржылық процедуралардың ашық түрде жүзеге асуына мүдделі. Әрбір тарап: сатып алушы азаматтар, салық органдары, бизнес-қоғамдастықтар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  өзара серіктесе жұмыс жасауға бағыт алды. Біз оны қолдаймыз, бұған қатысуға дайынбыз. Менің ойымша, бұл бірінші кезекте серіктестік қатынастар, себебі біздің өзіміз шын мәнінде тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделі болып отырмыз», – деді ол.

ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша, науқан барысында көптеген кәсіпкерлер салықтық кеңестер алған.

«Менің ойымша, бұл шара бизнес пен салықтық органдар арасында бұдан да жақсы қарым-қатынас, сенім орнатуға мүмкіндік берді. Көптеген бизнес өкілдері жақсы кеңестер алды деп ойлаймын.  Көптеген өзгерістерді көріп отырмыз, кейбір заңбұзушылықтар байқалса, олар осы науқан кезінде жөнделді. Болашақта, науқан кезі болсын немесе жай кезең болсын,  азаматтар мен бизнес мұны қолдауы керек. «Чек талап ет те, сыйлық ұтып ал!» науқаны біз үшін негізгі өмірлік кезең болуы керек деп ойлаймын. Тұтас алғанда, егер әрбіріміз чек талап етер болсақ, біз үшін дамыған экономиканың өзі сыйлық болады, – деді Мұрат Әбенов. – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осындай серіктестік қарым-қатынасты, мұндай науқанды қолдай отырып, «Шевроле» автокөлігі түріндегі сыйлықты ұсынады. Бұл Ұлттық палата аппараты емес, бұл бизнес өкілдерінің ақша жинап, осы науқанды қолдау мақсатында ұсынған сыйлығы. Олар анағұрлым белсенділік танытқан сатып алушы елге үлгі болады деген ниетте. Біз мұндай шараларға қатысуға әрдайым дайынбыз».

«Бұл сыйлық Қазақстанның барлық бизнес-құрылымдары атынан ұсынылып отыр», – деді Мұрат Әбенов.

Жеңімпазды анықтау үшін компьютерлік бағдарлама қолданылды. Ол кездейсоқ таңдау тәсілі арқылы жеңімпаздың чегін анықтады. Науқан екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Былтыр Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті қызметкері автокөлік иесі атанған болатын. Науқан келесі жылы да өз жалғасын табатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер