astana-view

Қазақстанның көлік саласында түйткілді сауал көп

2017 жылғы 14 Қыркүйек
5236 просмотров

13 қыркүйектің «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Логистика және тасымалдау комитетінің кеңейтілген 16-отырысы өтті

Жиын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті, Комитет төрағасы Қанат Алпысбаевтың жетекшілігімен өтті. Басқосуға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Комитет мүшелері, салалық қауымдастықтар, бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры­-Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Рустан Женалинов Ұлттық палатаның салалық қауымдастықтардың және бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңдық мүдделерін қорғау, заңнамалық нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жасау бойынша атқарылған жұмысымен таныстырды.

Темір жол көлігі бойынша қосалқы комитет төрағасы Илья Сегал экспедиторлық компаниялар мен темір жол тасымалдаушыларының арасындағы типтік жария шарттың жоқтығы, ҚР Ұлттық кедендік кодексінің шығынды қайтару бөлігіне өзгертулер енгізу секілді түйткілді мәселелерді көтерді.

«Жаңашылдық пен темір жол қызметін тұтынушылардың  шоғырландырылған шешімін дайындаудың қиындығын ескере отырып, жария шартқа қатысты мәселені шешуді жеделдету үшін мамандар мен мемлекеттік орган өкілдерінен тұратын уақытша жұмыс тобын құру керек. Бұл жұмыс тобы Ұлттық палата алаңында келісімшарттың қағидатты шарттары мен талаптарын талқылайды. Бұл типтік келісімшарттың мақұлдануы мен бекітілуін жеделдетеді», ­- деп атап өтті Илья Сегал.

«Жылдың басында көтерген маңызды мәселелердің бірі – жария шартты бекіту немесе мақұлдау. Қай кезеңде екенімізді түсіну керек, оны жүзеге асырылуы заңнамалық тұрғыдан бекітілмеген. Осыған қатысты жұмысты жеделдетуді сұраймын, ең болмағанжа жобасын әзірлеп, қолданыстағы заңнама негізінде ұсыныс беру керек. Бұл мәселені жыл соңына дейін жабу керек», - деді Қанат Алпысбаев.

«Министрліктің бұл мәселеге қатысты қарсылығы жоқ. Жыл соңына дейін жұмысты тездету керек», - деп қолдау көрсетті вице-министрі Роман Скляр.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Тау-кен қазу және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Радостовец 2017 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 3 мыңдай ашық вагондардың жетіспеушілігі мәселесіне назар аударды.

Сонымен қатар жиын барысында Автокөлік жөніндегі қосалқы комитеттің төрағасы Теодор Каплан отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігі туралы ой бөлісті.

«Алғаш рет автокөлік қызметі нарығының жалпы көлемінде  Қазақстан автотасымалдаушыларының қатысу үлесі бекітілген 40%-дық жоспарда 46%-ға жетті. Мұнымен қоса жылжымалы құрам паркінің жаңаруына қатысты мәселе бар, атап айтқанда пайдалану мерзімі 5-тен 7 жылға дейінгі көлікті бірінші рет тіркеу үшін 2500 АЕК жинау керек. Бұл батыс Еуропада шығарылған сапалы көлікті алуға тыйым салуға әкелді. Ұлттық палата бұл мәселемен айналысады, министрлік те қосылды, халықаралық тасымалдау үшін аталған жинауды алып тастау қажет. Екінші, ҚР Заңнамасына «бөлінбейтін жүк» нормасын енгізу керек, себебі Қытайда Қазақстанға ауыр салмақтағы автокөліктермен рұқсат етілген осьтік жүктемеден асатын жүктер автокөлік жолын бұзып тасымалданады. Біз Үшарал–Достық, Ақтөбе­–Бейнеу бағытымен дұрыс жүре алмаймыз, ол жақта жол жоқ. Бұл елдің транзиттік әлеуетіне кері әсер етіп, жүк жеткізу мерзіміне артуына соқтырады. Ақтау теңіз портына шығу үшін Бейнеу-Шалқар автожолының құрылысын шешу керек», ­- деді Теодор Каплан.

Сонымен қатар Т.Каплан шетелдік тасымалдаушылардың көлік бақылауының тиімсіздігін, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі тарапынан отандық тасымалдаушылар нарығын қорғауға қатысты қарқынды жұмыс атқаруы керектігін де айтты.

ҚР ИДМ Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаевтың айтуынша, Заңнамалық қызмет жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы «Қазақстан Республикасының көлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңнама жобасының Тұжырымдамасын мақұлдаған.

Логистика және тасымалдау комитетінің мүшесі Серік Алағожинов жолаушы тасымалының шығындылығы мен мемлекеттік қолдаудың қажеттілігі мәселесіне назар аударды.

«Заңсыз тасымалдаушылар мәселесіне қатысты жұмыс тобын құру қажет, сондай-ақ өңір әкімдерінің рейтингінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тізіміне автобус тасымалдаушыларының залалдығы субсидиялау арқылы Жолаушылар көлігін дамыту көрсеткішін енгізу керек. Бұл жолаушылар тасымалындағы күрделі жағдайға көңіл бөлуге мүмкіндік тудырады», - деп атап өтті Серік Алағожинов.

«Бұл мәселені «Атамекен» ҚР ҰКП Инвестициялар және даму министрлігімен бірнеше мәрте талқылады. Осы жылдың шілде айында әкімдіктердің қатысуымен өткен селекторлық жиында да талқыланды. Бүгінде ҚР Үкіметінің атына тиісті хат дайындалып жатыр», - деді Елдос Рамазанов.

Жиын барысында азаматтық авияция жөніндегі қосалқы комитеттің төрағасы Болат Наурызәлиев, келешекте кеден жүйесімен бірлестіру арқылы «E-Freight» жүйесін енгізуді жеделдету, ҚР Шағын авиациясын дамыту, жылына 100 мыңға дейін жолаушы тасымалдайтын әуежайларға қаржылай көмек көрсету мәселелерін көтерді. Ал су көлігі жөніндегі қосалқы комитеттің төрағасы Николай Юдин ЕАЭО аясында кеме қатынасы туралы Келісімге қол қоюды жеделдетудің маңызы, теңіз арқылы тасымалдаушыларға мемлекеттік қолдау көрсету, Ақтау халықаралық теңіз сауда портын шығынсыз жұмысқа өткізу, теңіз әкімшілігі қызметін нормативтік-құқықтық база және білікті мамандармен қамтамасыз ету арқылы жетілдіру қажеттілігі жайлы баяндады. Сонымен қатар Көлік логистикасы жөніндегі қосалқы комитет төрағасы Ерхат Искалиев логистикада «жұмсақ» инфрақұрылымды дамыту мен цифрлық технологияны біріктіру қажеттілігі туралы ой бөлісті.

Комитет мүшелері жиынды қорытындылай келе қосалқы комитеттердің 2017 жылдың 1 жартыжылдығында атқарған жұмыс есебін мақұлдап, көзделген міндеттерді жүзеге асыру қажеттілігін атады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер