astana-view

Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысының кәсіпкерлерімен ШОБ дамытудың перспективалы бағыттарын талқылады

2017 жылғы 18 Қараша
3551 просмотров

Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелерімен кездесу өткізді, оның барысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған, «Бизнестің жол картасы 2020», индустриялық аймақтар мен моноқалаларды дамыту бағдарламаларын іске асыру мәселелері талқыланды деп хабарлайды primeminister.kz

Кездесу барысында бизнес ортаны әрі қарай жақсарту мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шараларын көрсету аясында 800 млрд теңгеден астам сомаға 13 мыңнан астам бизнес жоба қаржыландырылды, атаулы мөлшерлемесі 6% аспайтын 18 млн теңгеге дейін шағын несиелер ұсынылады.

Сондай-ақ, бизнесті қайта реттеу бойынша заңнамалық шаралар қабылдануда. Аталған бағытта үкімет ауқымды жұмыс атқарды. Лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 еседен астам қысқарды. ШОБ субъектілерін тексеру бойынша 17,6 мыңнан астам талап қысқарды. Осылайша, кәсіпкерлерді тексеру бойынша талаптар саны 57% қысқарды.

Бұдан өзге, денсаулық сақтау және білім беру салаларын ырықтандыруға баса назар аударылады. 2017 жылы 34 мыңнан астам ШОБ субъектісі бизнестің санитарлық және медициналық тексерулерінен босатылды. Ағымдағы жылы 447 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Келесі кезеңде денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына қатысты 30 ескірген санитарлық ережені алып тастау жоспарланған.

Кеңесте сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды.

Еліміздегі ШОБ дамытудың ағымдағы жағдайы туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов айтып берді.

Өз кезегінде «Атамекен» Өңірлік кеңесінің мүшелері облыстағы бизнесті дамыту үшін өзекті мәселелерді айтты: Лариса Сафонова жер телімдерін сұрау кезінде электронды форматқа көшу мүмкіндігі туралы, Есей Мұхиев – өңірлік операторлардан ЖЖМ көлемдерін алуға қатысты, Гүлдара Нұрымова – БЖК-2020 аясында сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау туралы, Константин Мичурин – индустриялық аймақтарды дамыту туралы, Жамбыл Бегманов – селекциялық-тұқым шаруашылығы дақылдарын дамытуды қолдау орталықтарын құру қажеттілігі туралы, Валерий Ромащенко – қайталама шикізаттан жасалған тауарлар алуға мемлекеттік сатып алулар туралы, Арыстан Тілебаев – Жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында қалалар мен моноқалаларды қаржыландыру туралы, Дастан Айтүленов – жүн дайындау және бастапқы өңдеуге қатысты сұрақтар қойды.

Кәсіпкерлер қойған сұрақтарға энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, Тараз қ. «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының директоры Дәулет Хамзин, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов түсініктеме берді.

Қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев жауапты тұлғаларға ШОБ өкілдерінің барлық мәселелері мен ұсыныстарын бақылауға алуды және аталған бағытта кешенді жұмыс жүргізуді тапсырды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер