astana-view

Комитет өзін-өзі реттеу жүйесін жаңа деңгейге көтереді

2018 жылғы 17 Қыркүйек
3913 просмотров

ӨРҰ-ның дамуын қалай жеделдетуге және бизнестің тұтынушы алдындағы жұмыс қауіпсіздігі үшін жауапкершілігін қамтамасыз етуге болады? Осы тақырып «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы жанындағы өзін-өзі реттеуді дамыту мәселелері жөніндегі комитеттің бірінші отырысында көтерілді.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Р. Жүрсінов ұйым мүшелеріне комитет төрағасын, құқық саласында тәжірибесі мол, заңгер Ұлан Байжановты таныстырды, және оны жаңа қоғамдық лауазыммен құттықтады.

«Шын мәнінде біздің алдымызда жауапкершілігі мол күрделі жұмыс тұр. Өзін-өзі реттеу туралы Заң 2015 жылы қабылданды, бірақ ол бойынша айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Қазір біздің басты міндетіміз- неге мемлекеттік органдар белсенді емес және осы мәселеде неге оң динамика байқалмайды? Екіншіден, өзін - өзі реттеуді дамыту үдерісіне елеулі серпін беру қажет», - деп атап өтті  «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы жанындағы ӨРҰ дамыту мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы Ұлан Байжанов.

Бүгінгі күні міндетті өзін – өзі реттеу тек екі салада ғана енгізілген- бағалау және заң қызметтерін көрсету. Бұл, әрине, аз, деді Ұлан Байжанов. ӨРҰ жүйесінің өзі бизнестің нарықтағы өмір сүруін жақсартуға және тұтынушы алдындағы сапасы мен қауіпсіздігіне толыққанды жауап беруге бағытталған. 

Сондықтан да Комитет Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп осы саладағы заңнаманы түбегейлі «қайта жүктеумен» айналысуы тиіс. Ең алдымен, қандай бизнес ӨРҰ-ға жатады, ал қайсысы жоқ деген нақты критерийлерді белгілеу қажет.

«Бізге қайталама металл жинау қауымдастығы, теміржол билеттерін сату қауымдастығы, букмекерлер қауымдастығы келеді. Және бәрі өздерін ӨРҰ деп  таныстырады.  Бұл қаншалықты заңды? Қарапайым кәсіби стандарттар жоқ. Бұл шын мәнінде, қауымдастықтан ӨРҰ-ның негізгі ерекшелігі саналады. Бастапқыда біздің клиенттеріміз кім екенін түсіну керек. Комитет шеңберінде осы Тұжырымдаманы әзірлеу қажет. Сөйтіп кәсіби және кәсіпкерлік қызметте ӨРҰ енгізілуі тиіс шарттарды анықтау міндеті тұр», - деп мәлімдеді отырыста «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.

Өзін-өзі реттеу табысты енгізіліп жатқан мекеме ретінде мысалға Астананың Лифт шаруашылығы саласын атауға болады. Көп қабатты үйлердегі лифтілерге қызмет көрсетумен айналысатын Бизнес бірыңғай стандарттарды енгізіп, жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін жағдай жасап отыр. Бұл ретте адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өз жауапкершілігін де арттырады.

Өзін-өзі реттеу процесінде кәсіпкерлерді қызықтыру үшін Комитет іс-шаралар жоспарын әзірледі.

Бірінші блок ерікті өзін-өзі реттеуді дамыту бойынша іс-шараларды қарастырады. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, міндетті өзін-өзі реттеуді енгізу ерікті ӨРҰ-ның сапалы қабатына салынуы тиіс. Осыған байланысты нарықтағы субъектілердің саны бойынша статистикалық мәліметтерді қалыптастыру және оларды ерікті ӨРҰ-ға шоғырландыру үшін жағдайларды айқындау қажет.

Бұдан басқа, тауарлар мен қызметтердің сапасы үшін ӨРҰ жауапкершілігін арттыру бойынша нақты іс-шаралар белгіленген. Қызмет түріне қарай оған стандарттау жүйесі және бірыңғай біліктілік талаптарын белгілеу арқылы қол жеткізілетін болады. Сақтандыру құралдарын пайдалану және қамтамасыз ету қорларын қалыптастыру бойынша тәсілдер айқындалды.

Соңғы кезең- қолданыстағы реттеуші құралдарды қайта қарау және өзін-өзі реттеудің оңтайлы моделін айқындау болады.

Ұлан Байжанов Комитет мүшелерінен жұмыс жоспарына өз ұсыныстарын енгізуді сұрады. Ол, сайып келгенде, белгіленген шаралар кешені Қазақстанда өзін-өзі реттейтін ұйымдардың сапалы қалыптасуы үшін мықты негіз құруы тиіс екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер