astana-view

Абылай Мырзахметов: Мемлекеттік кәсіби аппарат пен бәсекеге қабілетті бизнес елдің әл-ауқатын қамтамасыз етеді

2018 жылғы 11 Қазан
3891 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Шығыс Қазақстан облысында импорт алмастыру және жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы аймақ активімен кездесу барысында айтып берді.

Іс-шара ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өтті және Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының негізгі міндеттерін талқылауға арналды.

Абылай Мырзахметов биылғы Жолдауда бизнесті дамыту мен халықтың табысын арттыру өзара байланысты екенін айтты. Ол Елбасының ең төменгі жалақыны көтеру туралы үндеуін бірінші кезекте еліміздің ірі кәсіпорындары қолдап, Қазақстанның барлық кәсіпкерлеріне үлгі көрсетіп отырғанына сенім білдірді.

«СемАЗ»  ең төменгі жалақы алып келген техникалық персоналға жалақысын көтеретінін жариялады. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы бүкіл бизнесті қамтитындығына сенімдімін», - деді Абылай Мырзахметов.

Ол сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың рөлін жан-жақты атап өтті.

«Бизнестің жол картасы 2020» - ең танымал бағдарлама. Жыл сайын оны жүзеге асыруға мемлекет 30 млрд теңге бөледі. Келесі жылға қосымша 30 млрд. теңге бөлінеді, қаражаттың жартысынан астамы пайыздық ставкаларды субсидиялауға жұмсалады. Дегенмен бизнесті дамытуға қолдау көрсететін тағы да бір маңызды мәселе бар – бұл несие ресурстарымен қамтамасыз ету», - деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы.

Абылай Мырзахметов ШҚО-да отандық өндірісті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Біз өңдеумен айналысатын орта және ірі кәсіпорындарды скринингтен өткіздік. ШҚО-да 192 кәсіпорын төлқұжатталды. Нәтижесінде импорт алмастыруды қажет ететін негізгі тауарлар тобы дайындалды», - деді Абылай Мырзахметов. 

Бүгінгі күні тауар айналымы құрылымында импорттық жеткізілімдер 23% - ды құрайды. 2017 жылы 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыс импорты 33% - ға артып, 903 млн АҚШ долларын құрады. 

«Жалпы ШҚО жергілікті  өнімді өндіруді қолдау бойынша көшбасшы. Бұл көрсеткіш 84% - ға дейін жетті. Биылғы жылы барлық мектептер отандық өндірушілердің 500 млн теңгелік жиһаз өнімдерін сатып алды. Бұл бағыттағы жұмысты жолға қойылған. Кадрларды даярлау бойынша да Шығыс Қазақстан жақсы үлгі болып отыр. 120-дан астам кәсіптік бағдар кабинеті бірнеше жылдан бері мектептерде жұмыс істейді. 10 мыңға жуық оқушы мен 400-ге жуық кәсіпорын қамтылған. Оқушылар 7 сыныптан бастап кәсіпорындарға экскурсияға шығып, осы жастан бастап мамандық таңдауға бейімделуде», - деді Абылай Мырзахметов.

Бизнестің ахуалының жақсаруына  жарияланған салықтық рақымшылық да оң әсер етеді, деп атап өтті «Атамекеннің» Басқарма Төрағасы.

«Жолдауда тосқауылсыз ортаға баса назар аударылды. Мемлекет басшысы бизнестің жерге, әсіресе ауылдық жерлерде қол жеткізуі тиіс екенін атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша интерактивті портал құрылуы тиіс, онда бос жер учаскелері туралы барлық ақпарат орналастырылады. Пайдаланылмай жатқан жерлерді алып, бизнеспен айналысқысы келетіндерге беру бойынша нақты міндет қойылған. Бұл жұмыс ШҚО қалалары мен ауылдарында басталды. Ақша бөлінді. Желтоқсан айында біз осындай портал барлығына қолжетімді болады, деп күтеміз. Ең бастысы, Президент мемлекет бизнеске әрдайым көмектескенін атап өтті. Бизнес те жауапкершілік танытып, өзіне тиісті міндеттемелер алатын уақыт келді. Мемлекеттік кәсіби, шағын аппарат пен жауапты, бәсекеге қабілетті бизнес халықтың әл - ауқатын бірге қамтамасыз ететініне сенімдімін», - деп түйіндеді Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер