astana-view

Әйелдер кооперациясы моделін ауылдық өзін-өзі басқаруда қолдану қажет-Ләззат Рамазанова

2018 жылғы 09 Қараша
2857 просмотров

Бизнесвумендерді кооперацияға және жергілікті өзін-өзі басқару секторына белсенді тарту керек.

Астанада өткен ауыл әйелдерінің бірінші форумында «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер Кеңесінің төрағасы осындай пікір білдірді. Форум «Қазақстанның ауылдық аумақтарын тұрақты дамытуға әйелдердің үлесі» тақырыбында өтті.

«Әйелдер әуелден-ақ өз табиғатына сай  қоғамдағы өзгерістердің жолсерігі саналады. Бизнеске кооперация әдісімен батыл келуге болады, - деді Ләззат Рамазанова. - Бүгінде бизнеспен айналысудың ғана емес, бірігудің маңызы зор. Тәжірибе көрсеткендей, әйелдер құрған кооперативтер жұмысы жанданып отыр. Кәсіпкер әйелдердің жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуының арнасын кеңейту- ауыл халқы мен мемлекеттік басқарудың арасындағы байланыс тізбегіндегі бос орынды толтыруға мүмкіндік береді».

Бүгінде әйелдер кооперативі қозғалысын дамыту – іскер әйелдер кеңесі жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Дамыған еуропалық елдерде сервис саласындағы инфрақұрылым кооперация есебінен көтеріледі, деп атап өтті Ләззат Рамазанова.

«Бұл жергілікті атқарушы органдар үшін де қолайлы. Бүгінгі күні бізге отанға деген сүйіспеншілікті арттыра отырып, табысты ауыл әйелінің бейнесін қалыптастыру қажет. Біздің Кеңес «ауыл – қала» мысалында кооперацияны енгізуді бастады. Ауылда қандай да бір іс бастағымыз келсе, оны қалада негізін құрып, жүргізу керек. Азаматтық қоғам шағыннан басталады. Сондықтан, бірігіп, біз көптеген мәселелерді, соның ішінде ауылдық аумақтарды дамыту тұрғысынан шеше аламыз», - деді Ләззат Рамазанова.

Өз кезегінде, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова ауылдық округтердегі әйелдер жергілікті халықты толғандыратын барлық мәселелерді жақсы білетіндігіне тоқталды.

«Адамдар өзін-өзі басқаруға белсенді түрде қатысып, әлеуметтік белсенділік көрсету қажеттігін түсінуі тиіс. Және көп нәрсе, әрине, ауылдық жерлердегі әйелдерге байланысты», - деді Айзада Құрманова.

Астанада өтіп жатқан форумның мақсаты – ауыл әйелдерінің тұрақты дамуға қосқан үлесін көрсету, Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын талқылау, ауылшаруашылығы кооперацияларын және өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамыту, сондай-ақ ауылдағы гендерлік саясатты қолдау.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер