astana-view

Тимур Құлыбаев: Жеке инвестицияларды тарту мен медициналық қызметтердің сапасын арттыру – «Атамекен» және Денсаулық сақтау министрлігінің басты міндеті

2019 жылғы 12 Сәуір
4153 просмотров

 Бұл жайында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев  Фармацевтика, медицина өнеркәсібі мен медициналық қызметтер комитеті отырысында мәлімдеді. Айта кетелік, осыған дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысы Тимур Құлыбаев және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың жұмыс кездесуі өткен болатын

Әлемдік тәжірибеде денсаулық сақтау саласы ауқымды индустрия, бұл салада мемлекеттік те, жеке инвестициялардың қатысуымен де көптеген бағыттар бар.

Фармацевтикалық сала, медициналық заттардың өндірісі – өз алдына жекеше салалар. Бұл ретте стоматология мен пластикалық хирургияның үлесі басым. Зертханалық диагностикаларды жүргізуге және консультациялық диагностикалық қызмет көрсету бағытында бизнес белсенді атсалысуда.

Комитет басшысы Жамболат Сәрсенов атап өткендей, отандық өндірушілердің әлеуеті тиімді пайдаланылса, дәрі-дәрмек және медициналық заттардың импорт көлемін кем дегенде 200 млрд теңгеге төмендетуге болады. Бұл жұмыс дәрі-дәрмектер бағасын төмендетіп, олардың қолжетімділігін арттыра түседі. Статистикалық деректерге сүйенсек, отандық фармацевтикалық өнім өндірісінде жыл сайын тұрақты өсу қарқыны байқалады  (соңғы бес жыл ішінде өсу 50%-дан артты), ал импорт көрсеткіші біртіндеп төмендеуде. 2018 жылы кәсіпкерлер денсаулық сақтау саласына шамамен 44 млрд теңге инвестиция құйған. Ал инвестициялардың жалпы сомасы 90 млрд теңгені құрады. Осылайша денсаулық сақтау секторындағы жеке инвестициялар мемлекеттік инвестициялар көлемімен теңесті. 2018-2019 жылдарда жекеменшік секторында медицианалық қызметті көрсетушілер саны мен мемлекеттік тапсырыс  бойынша төлем көлемі 2 есеге артқан.

Мемлекетпен кепілдендірілген тегін медициналық қызметтер тізбегі сақталады. Бұл тегін медициналық қызмет тізбегі конституциялық тұрғыда бекітілген. Мемлекет стандарттау, аккредиттеу, лицензия беру, санитариялық нормативтерге талап қою, сапаны бақылау және басқа да құралдарды қолдана отырып, денсаулық сақтау және денсаулықты қорғау жүйесінің реттеуші функциясын әлі де атқарып келеді.

2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл медициналық қызметтер үшін төлем жасаудың жаңа формасы. Мұндағы басты бағыт -  тариф белгілеу саясаты. «Атамекен» басшысы медициналық қызметтерге қатысты тарифтерді үйлестіру бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп атқарылып жатқан жұмысты мақұлдады.

«Жаңа жүйеде қызметтер мен тарифтер стандартталуы тиіс. Мемлекеттік және жеке клиникалар көрсетіп жатқан медициналық қызметтердің қожетіміділігі, сапасы мен бағасында үлкен айырмашылық болмауы керек. Министрлікпен бірлесіп, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қызметтерімен қоса, жеке медициналық мекемелердің шығындарын өтеу әдістерін де әзірлеу қажет. Бұл жұмыс жеке медициналық мекемелердің де белсенді атсалысуына қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі қызметтер тізбектерін егжей-тегжейлі қарау керек. Тарифтің барынша тартымдылығын арттыру үшін  медицина қызметкерлерінің еңбекақысы мен негізгі құрал-жабдықтарды жаңартуға кететін шығындар да қосқан абзал. Бұған қоса азаматтардың, әсіресе егде тартқан адамдардың өмір сапасын жақсартуға қажетті оңалту, ерекше (паллиативті) көмек көрсету түрін арттыру арқылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер тізбегін кеңейту қажет. «Check up» тексеру қызметін және қосымша инновациялық технологиялар қызметін қосу керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуде барлық жұмыс азаматардың денсаулығын нығайтуға, профилактикалық бейінді күшейтуге бағытталуы тиіс», – деді Тимур Құлыбаев.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, ведомствода жаңа жүйені енгузі алдында процедураларды, хаттамаларады стандарттау, медициналық ұйымның жұмысын тиімді бағалау мақсатында науқастың электронды паспортын енгізу  жұмыстары жүргізілуде.

Электрондық құжат айналымы енгізілуде. Денсаулық сақтау саласының интеграциялық платформасы әзірленуде, онда электронды денсаулық паспорты орналастырылады. Бұл платформа арқылы науқастарға  медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін электронды қызметтер мен ақпараттар ұсынылады, сонымен қатар медициналық ұйым қызметін бағалауға мүмкіндік беріледі. Жасанды интеллекті енгізу арқылы күрделі дерттердің алдын алу қызметтерін көрсетуге де мүмкіндік ашылады, яғни күрделі дерттер,  генетикалық ауруларды алдын ала болжау, сондай-ақ  аурудың таралуына жол бермеуге мүмкіндік жасалады.

Министрлік өз кезегінде  статистика, талдау және саланы басқаруға қажетті деректерді алып отырады. Дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтарды және тауарды таңбалау мен қадағалаумен қоса, оның қажетті көлемі мен шығынын жоспарлай алады.

Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры сараптама жүргізуде емнің нәтижесіне емес, жүргізілетін емнің көлеміне бағдарланады. Көрсетілетін қызмет пен көмек сапасының нақты индикаторлары жоқ. Осы тұста көрсетілетін қызмет пен көмек сапасының заманауи тәуелсіз сараптамасын құру өте маңызды болып табылады. Бұл жұмысты тәуелсіз сарапшылар жүргізуі тиіс, олар ем белгілеу, емдеу барысы мен нәтижесін бақылайтын болады. Басты мақсат – науқастың толық емделуі немесе ұзақ мерзімді емдеу арқылы созылмалы дерт түрлерін толыққанды емдеу.

Жоғарыда аталған шаралар медициналық ұйымдардың қызмет көрсету сапасын арттыруға, медициналық қызметтерге кететін мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға жол ашады. Осы ретте атап өтетін оң көрсеткіштердің бірі: тегін дәрі-дәрмектер ақпараттық жүйесіне тіркеу арқылы министрлік 14,5 млрд теңгені үнемдеген. Бұл үнемделген қаражат бастапқы медициналық-санитариялық көмек және жедел жәрем қызметін қаржыландыруға жұмсалған.

 Денсаулық сақтау саласындағы жеке инвестициялар қарқынын сақтап, оны одан әрі көбейту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әр 17 өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамытудың  2025 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді жоспарын ескере келе,  Жол картасын әзірледі. Статистика деректеріне сәйкес, демографиялық өсу мен өмір сүру жасының ұзақтығы болжамын есепке ала отырып, жаңа ауруханалар саны, қолданыстағы аурханаларды жөндеу және модернизациялау, медициналық мекемелердің сенімді басқаруға берілуі, осы саладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалар саны есептелді. Нәтижесінде қолжетімді медициналық қызметті арттыру үшін емханалар саны артып, ауруханалардағы сұранысы төмен төсек-орын саны қысқартылады.

Бұдан бөлек, 23 санитариялық-эпидемилогиялық талаптардың санитариялық ережесі оңтайландырылып, Денсаулық сақтау министрлігінің 12 бақылау-қадағалау функциясы қысқарды. Сондай-ақ барлық өңірлерде «Тексерулердің бірыңғай жүйесі» электронды формасы енгізілді.

Елжан Біртановтың айтуынша, медициналық білім беру сапасын арттыру үшін әр мемлекеттік жоғары оқу орнындағы бірінші проректорлар қызметіне АҚШ, Швеция, Италия, Түркия, Литва және Польшаның жетекші медициналық мектептерінің өкілдері алынған. Халықаралық дәрежедегі мамандардың міндеті – оқу бағдарламаларын өзгерту, шетелдік оқытушыларды тарту, ғылыми-білім беру қызметіне басымдық беру, студенттердің шетелде білім алмасуын қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта университеттер жанында клиникалар құрылуда, 7 ғылыми-зерттеу институты және ғылыми орталық жоғары оқу орындарымен біріккен, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігі кеңейтілген.

Кездесуде жоғары оқу орнынан бастап барлық медициналық қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру маңыздылығы айтылды. Қолданыстағы білім беру бағдарламалары мен біліктілік талаптарының заманауи медицинадағы қарқынға сәйкес келуі де басты назарда. Цифрлық медицина қағидаларын қызмет көрсетіп отырған дәрігерлер де білуі керектігі айтылды. Бұл бағытта ЖОО және колледждер базасында  дайындық орталықтарын ашуға болады, ал бұл  жеке бизнеске ашылар үлкен әлеует.

Жиын соңында Тимур Құлыбаев Комитетке өңірлерде жұмысты күшейтуді, жергілікті нарықтың сұранысы мен ерекшеліктерін, өз мүмкіндіктерін жақсы түсінетін өңірлік бизнес-қауымдастықтарды осы жұмысқа барынша тартуды тапсырды. Төралқа Төрағасы денсаулық сақтау саласына бағытталған өзгерістерді есепке ала отырып, өңірлердің жекелеген медициналық қызмет түрлеріне және инфрақұрылымға талдау жүргізу маңыздылығын атап өтіп, оның нәтижесінде бизнеске жаңа әлеуетті бағыттарды ұсынуды тапсырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер