astana-view

Жүк жөнелтушілер жұмысын жандандыру

2019 жылғы 27 Мамыр
4439 просмотров

«Атамекеннің» Транспорт және логистика Комитетіне қарасты қосалқы комитетінде Қазақстан логистикасы мен тасымалдауын қалай жандандыру керектігі жайлы талқы өтті.  

Бұл саланың бүгінгі басты мәселесі – жүк ағынын барынша өсіру. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Павел Соколовтың сөзіне сенсек 2017-2019 жылдар аралығында тасымалдауда өсу байқалады. Барлық кірістің 33%  транзитті тасымалдаудан түскен.

«Транзит – бұл бір адам атқаратын шаруа емес. Біз транзитті көршілерімізбен бірлесе жасайтынымызды естен шығармауымыз қажет», - деді Павел Соколов өз баяндамасында.

Сондай-ақ, өздерінің логистика саласындағы жұмыстарын жақсартып жатқанын, клиенттермен жұмыс істеу барысындағы ілгерілеушілікті, жаңа технологиялар енгізіп жатқандарын да тілге тиек етті.

«Темір жол арқылы тасымалдаудың  стандарты  тарифі бар. Дегенмен,  бүгінгі талқыланып отырған, жаңа көлемдегі тасымалдауларға байланысты  өзгерістерге ыңғайланып, біз бәсекеге қабілетті жаңа тариф енгізуді қарастырамыз. Бұл әрине, біздің және «ҚТЖ» эксперттерінің талқылауымен өтеттін дүние. Бизнес өкілдерінен ұсыныстар күтеміз. Ұсыныстарға әрдайым есік-тереземіз ашық», - деді  «Қазтеміртранс» АҚ Бас директоры Дәурен Бимов.

Отырыста  жаңадан енгізілгелі отырған, 3PL провайдер болуды көздейтін  «KTZ-Express» АҚ бизнес-үлгісі де талқыланды. Бұл үлгі үш блоктан тұрады: сату, логистика және операция блогы.

 «Бұл үлгі тұтынушылардың сұранысына байланысты жұмыс істейді және логистикадағы ұсталған шығын орнын толтыратын болады. Сондай-ақ, жеке кабинеттің болуы қарастырылған. Тұтынушы осы кабинеті арқылы қанша контейнерлердің келгендігі және тапсырыстың қанша контейнерге берілгендігін бақылай алады. Сондай-ақ, өз ақшаларын осы мәліметтерге қарап, жүйелей алады», - деді жаңа бизнес-үлгі «KTZ-Express» АҚ Бас директоры Манарбек Төлегенов.

Отырысқа қатысушылар теңіз жолдары арқылы тасымал жасайтын Транскаспий Халықаралық көлік маршруты бойынша біраз ақпаратқа қанығып, алдағы даму мүмкіндіктеріне негізделген ақпараттарға қанықты.

«Біздің Қауымдастық ретіндегі мақсатымыз жүкті Транскаспий Халықаралық көлік маршруты бойынша тасымалдауға болатынын насихаттап, соған қол жеткізу. Мәселен, 2018 жылы осы маршрут арқылы Қазақстаннан Түркияға жіберілген астық контейнерлерінің саны 1 800-ге жетті. Ал, 2017 жылы небары 243 болатын. Әділін айту керек, кері бағытта тасымал жасауға да барлық жағдай қарастырылған. Бізге қарай кірген контейнерлер саны 1500»; - деді «Транскаспий Халықаралық көлік маршруты» Халықаралық Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас хатшысы Рахметолла Құдайбергенов.

 

Сондай-ақ, 2019 жылы осы маршрут арқылы  150 мың тонна астық,  150 тонна көмір,  300 мың тоннадан астам мұнай өнімдерін, 150 мың тонна күкірт тасымалдау жоспарда бар екенін де айтып өтті.

 

ҚР индустрия және инфрақұрылымды дамыту министірлігінің экспортты ілгерілету басқармасының басшысы Өмірбек Баштай кәсіпкерлер жиі ұшырасатын бір мәселені көтерді. Ол Қытайдан тауар толып кеп, бос қайтатые вагондар мәселесі.

Эксперттердің айтуынша  өнім нарығын кеңейтуге кедергі боп тұрған мәселенің бірі логистиканың қымбаттығы.

«Егер, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ осы мәселелерге шешім тапса, біздің алдымыздан Кавказ нарығының есігі ашылар еді. Сондай-ақ, тасымал жылдамдығына да көңіл бөлу керек. Мен Павлодардан аса алыс емес Шарбақтыдан Өзбекстанның Уртаауылына жүк жіберемін. Шарбақтыдан шыққан вагондар Астанаға бес күнде жетеді. Ал, Астанадан Өзбекстанға әуе жолы арқылы үш күнде жібереміз.  Енді, өздеріңіз ойлаңыздаршы, 600 шақырымдық жолды бес күн жүретіндей не көрінді?», - деп мұңын шақты «NurlyZholTrade»  ЖШС Бас директоры Қанат Көбесов.

 

 «Кәсіпкерлерге арнап әдейі «Atameken Services» платформасын ашқанбыз. Сіздер бұл жерде онлайн режимінде түрлі қызмет ала аласыздар.  Егер, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бұл мәселеге қызығушылық білдірсе, бірлесе жұмыс істеп, біздің платформа арқылы қызмет көрсетуге болар еді», -деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Евгений Больгерт.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер