astana-view

Грекиядағы дефолт Қазақстанға қауіпті ме?

2015 жылғы 01 Шілде
8103 просмотров

Грекияның Халықаралық валюта қорына (ХВҚ) 1,5 млрд еуро көлеміндегі қарызын белгіленген мерзімде төлемегені жайлы жаңалық әлемдегі басты жаңалықтың біріне айналды.

Грекия төлем мерзімін өткізіп алды және ХВҚ-дан өз қарызын жапқаннан кейін ғана қаржы алуы мүмкін. Шетелдік кредиторлар Грекияға қаржылай көмек көрсетуге дайын, бірақ нақты реформалардың орнына ғана. Алайда Грекия басшылығы кредиторларды қатаң сынға ұшыратып, олардың ұсыныстары бойынша референдум жариялауды жөн көріпті. Грекия Халықаралық валюта қорымен есеп айырыспаған жағдайда, бұл дефолттың орын алғанын білдіреді. Сонымен қатар, талдаушылар Грекияның еуро аймағынан шығуы мүмкін екендігін де жасырмайды.

Грекиядағы дефолт пен орын алған жағдайлар жалпы Қазақстан экономикасына көлеңкесін түсіруі мүмкін бе? Қазақстанның ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың ойынша, бұл тікелей Қазақстанның мүддесіне әсер етпейді.  

«Бізге ешқандай да тікелей әсері болмайды. Жалпы әлемдік нарыққа әсерін тигізуі мүмкін, себебі Грекия – дефолтқа жол берген алғашқы дамыған ел», - деп мәлімдеді министр. Ерболат Досаев сонымен бірге Грекиядағы кредиторлармен қатынасты жалғастыру туралы референдум қорытындысын күту керектігін атады. 

«5 шілдеде Грекияда референдум өтеді. Қалған жағдайдың бәрі осыған байланысты», - деп түсіндірді министр.

Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «еуроның болашағы бүгінде анық емес» деп есептейді.

«Бұл туралы жақында Германия канцлері Ангела Меркель сөз қылған еді. Егер Грекия еуро аймағынан шығатын болса, бұл осы жүйенің күйреуіне бастау беретін тетік болуы әбден мүмкін», - деді Азат Перуашев.

«Сондықтан да Еуроодақ үшін аса зор тәуекел болып отыр, сәйкесінше, біз үшін де валюталық тәуекелдер де болуы мүмкін. Бірінші белгі еуро бағамының доллар бағамына қатысты төмендеуі орын алуы да мүмкін. Бірақ, тағы бір жағынан, осылайша еуро аймағы әлсіз экономикалардан босатылады және Германия, Франция, Италия тұлғасындағы ЕО донорлары үшін жұмысшы валюта болып қала береді де, біраз уақыттан соң бұл ауытқу қайтып оралып, тіпті жоғарыға кетуі мүмкін… Бұл жерде айтарлықтай елеулі құбылмалылық орын алған», - деп есептейді Азат Перуашев.

Жанар Бiрлiкқызы


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер