astana-view

Мектеп оқушылары табысты болашаққа жол тартады

2015 жылғы 03 Шілде
14828 просмотров

SAGE Халықаралық білім беру бағдарламасы қазақстандық жастар үшін жаңа даму көкжиектерін ашады

Бүгінгі таңда замануи экономиканың келешегі бар және қозғалтқыш күші ретіндегі жастар кәсіпкерлігі жайлы жиі айтып жүрміз. Жас буын уақыт сынақтары мен талаптарынан қалыс қалмақшы емес. Жастар өз идеяларын басқаларынан жылдамырақ жүзеге асырады. Экономика жасарып, оңтайланып келеді. Жаңа буын алға қойылған мақсаттарды шешуге жылдамырақ әрі жақсы жауап қатады. Жастық шақ, Инновациялар, Жылдамдық және Оптимизм өмірімізді жақсы жағына өзгертуге дайын.

Сондықтан да, біршама ересек ұрпақ ретінде жастарды жаңаны біліп, ұғынуға талпыныста қолдауға дайынбыз.

2013 жылғы сәуір айында Қазақстан SAGE («Оқушылар жаһандық кәсіпкерлік дамуын қолдайды») Халықаралық білім беру бағдарламасына қосылды.

SAGE дегеніміз не?

SAGE – дегеніміз әлемнің көптеген жетекші елдерінің қатысуымен жүзеге асатын коммерциялық емес халықаралық білім беру бағдарламасы. Курт Де Берг, Калифорния университеті экономика және бизнес профессоры бағдарлама ұйымдастырушысы болып табылады.

Аталмыш бағдарлама оқушыларды әлеуметтік кәсіпкерлік негіздеріне, экономика және бизнеске оқытады және мектептің орта және жоғары сатысындағы оқушылар үшін халықаралық олимпиадалар өткізеді. Бағдарламаға қатысушылар жасы: 13-19 жас.

SAGE миссиясы:

ИННОВАЦИЯЛАРЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАСЫ ОРТАҚ ЖАҺАНДЫҚ ӘЛЕМНІҢ ШҰҒЫЛ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІН ҚАНАҒАТТАНДЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН БИЗНЕС-КӨШБАСШЫЛАРДЫҢ ЖАҢА БУЫНЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ.

Мұндай деңгейдегі халықаралық бағдарлама мектеп оқушыларының бойында кәсіпкерлік қабілеттердің дамуына көптеген мүмкіндіктер жасайды. Онда Астана қаласында өтетін Ұлттық Біріншілікке қатысу үшін күллі Қазақстан бойынша іріктеу турлары өткізіліп, осыдан соң Қазақстанды әлемдік біріншіліктерде таныту мүмкіндігі беріледі. «SAGE Kazakhstan» сияқты көлемді инновациялық жобаны жүзеге асыру үшін, еліміз аясында мемлекеттік әрі жеке меншік қаржылай қолдау қажеттігі сөзсіз.

Қазірде «SAGE Kazakhstan» жобасына Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау) мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетуде.

ҚР БҒМ бұйрығымен бағдарлама пилоттық режимде Қазақстанның бес облысында жүзеге асырылуда (Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында). Оқушылар топтары құрылды. Оларға бизнес-жетекшілер, тәлімгерлер бекітілген. Топтар тіркеуден өтті. Сонымен бірге еліміздің басқа да өңірлеріндегі жас жеткіншектер арасынан аталмыш бағдарламаға қатысқысы келетіндер де табылды (Астана қаласы, Атырау облысы). Оларды да тіркедік. Тіркелген топтар саны – 30.

Вебинар түріндегі сабақтар орыс және қазақ тілдерінде, Бағдарлама негізін қалаған Курт ДеБергтің оқушылар үшін арнайы дайындалған кәсіпкерлік жөніндегі негізгі дәрістер курсы бойынша өтеді.

Жыл сайын Бағдарлама бойынша өңірлік біріншіліктер нәтижелерімен оқушылар арасында кәсіпкерлік жөніндегі жобаларды қорғау бойынша Ұлттық біріншілік өткізіліп тұрады.

Биылғы жылы «SAGE Kazakhstan-2015» Ұлттық біріншілігі 7 шілдеде Астана қаласында «Hilton Garden Inn» қонақ үйінде өткізіледі. Қазіргі сәтте өңірлік біріншіліктер өткізілген. Облыстық топтар тізімі айқындалды.

Топтар арасында екі номинация бойынша жобалар қорғалады: 1. Әлеуметтік-жауапты бизнес; 2. Әлеуметтік кәсіпкерлік.

«SAGE Kazakhstan-2015» Ұлттық біріншілігі қазылар алқасының тізіміне жетекші бизнес-басшылар, қоғамдық және шетелдік өкілдіктер, «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері кіреді.

Біздің финалистер 7-10 тамыз аралығында Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында Әлем біріншілігіне қатысады.

Іс-шараны қаржыландырудағы негізгі түйткілдер біртіндеп шешімін табуда. «Атамекен» ҚР ҰКП қаражат тарту мәселесінде қолдау көрсетіп те жатыр.

Балаларға арналған «SAGE Kazakhstan» бағдарламасы кәсіпкерлік саласында белгілі бір білімдер мен біліктер алуға қатысты тиімді де табысты бағдарламалардың бірі болып табылады. Ең бастысы -  жеткіншектер жеке бизнестерін өз беттерінше жүргізуге үйренеді. Олар психологиялық жағынан біршама батылдыққа ие болып, салмақты шешімдер қабылдаудан қорықпайды. Бұл Бағдарлама қиындықтан қорықпайтын, сонымен бірге өз шешімдерінде дәйекті әрі қисынды түрде қимылдайтын тұлға қалыптастырады. Бизнес-жоспар жазуда, бюджет және басқа да іскер кәсіпкерлік қызметтің стратегиялық міндеттерінде алынған білім жаңа формация жастарын дүниеге әкеледі. Біз балаларымызды көшбасшы әрі табысты да сенімді, дербес, әлеуметтік-жауапты бизнесмен етіп өсіреміз. Әрине, Бағдарлама осы мектептен оқып, білім алған балалардың жақын болашақта табысты іскер адам болуына, және де әркімнің жеке бизнес ашатынына кепіл болады деуге болмайды. Біз олардың өз-өздеріне сенуіне, қиын жағдайлардан шығуына көмектесеміз. Жеткіншектер мектеп қабырғасынан бастап бизнестің ережелері мен қыр-сырын біліп алып, осы бастан шешім қабылдап, мамандық таңдай алатын болады. Сонымен қатар білім беру бағдарламасының басым бағыты болып табылатын екі міндет:

1. Бағдарлама орыс және қазақ тілдерінде өтеді. Бұл түрлі тілдерде бизнес-білім алудың негізгі түйткілін бірден шешіп береді, сонымен бірге балалардың назарын ағылшын тілі сияқты үшінші тілге аударамыз. Себебі финалистеріміз жыл сайынғы Әлемдік біріншілікте өз жобаларын тек ағылшын тілінде ғана қорғайды.

2.Оқу сабақтары вебинар түрінде іске асырылады және шалғайдағы ауылдар мен аудандарды қосқанда әлемнің кез-келген түкпірінде жүзеге асырылуы мүмкін. 13 жастан бастап барлық балалар біздің бағдарламаға қатысып, оқи алады. Бастысы, компьютер мен Интернет желісіне кіре алса болды.

Аталмыш Бағдарлама туралы оның негізін қалаушы Курт ДеБергтің айтқаны ерекше ұнайды:

«Бұл бағдарлама оқушыларды кәсіпкерлік және әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын мектеп қабырғасында жүргеннен игеруіне түрткі болады және ынталандырады, ал SAGE сайыстары спорттық жарыстардан кем түспейді.

SAGE бағдарламасымен айналысуға шешім қабылдауым – өзімнің педагогикалық қызметімде жасаған ең маңызды дүние.

Студенттермен жұмыс жасай жүріп, оларды жеке жоба жасаудың қалай қуантатынын көрдім. Одан да жас жандармен табысқа жете алатынымызды түсіндім. Олар үлкен идеалистер, біршама ашық, олар көп шектеуге ермейді және қоршаған ортаға әсер ете алатындықтарына сенімді…».

«SAGE Kazakhstan» бағдарламасы еліміздегі экономикалық, әлеуметтік және менталдық климатқа жақсы әсерін тигізе алады деп сенгіміз келеді. Мен оптимист жанмын. Біздің жағдайымызда «SAGE Kazakhstan» тобы күтіп, қарап отырғаннан гөрі, балаларға оқудағы жаңа көкжиектерді (кәсіпкерлік, бизнес) игеруге көмектесе отырып, іс тындыруды және  алға жылжуды жөн көреді.

«Білмесең, қорықпа – үйрене алмай қаламын деп қорық», - деген екен ежелгі қытай философтары.

Өкінішке орай, «SAGE Kazakhstan» жобасын қаржыландыру мәселесі шешілмей отырғандықтан, балаларымыздың тағдырына бей-жай қала алмайтын компанияларға жүгінгім келеді. Бағдарламамызды және оның Қазақстан аумағында жуықтағы 3-5 жылда гүлденуін қолдағысы келетін компаниялармен ынтымақтастыққа дайынбыз.

Ардана Ваширхан, «SAGE Kazakhstan» Халықаралық білім беру бағдарламасының бағдарламалық директоры,
«Жастар кәсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ сарапшысы (Қор «Атамекен» ҚР ҰКП Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңесінің жұмыс органы болып табылады)

Еншілес ұйымдар

Серіктестер