astana-view

Дұрыстығын дәлелдеп шықты

2015 жылғы 13 Қараша
9514 просмотров

Шенеуніктер қолымен жасалатын әкімшілік кедергілер SPA-процедуралар жасалатын сауықтыру кешенін ашуға бөгет болған

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы Алға ауданындағы филиалының жәрдемімен Алғада сауықтыру әсері бар және SPA-процедуралар көрсетілетін монша кешені ашылмақшы.  

Жеке кәсіпкер Күнжан Сарбасоваға клиенттері барлық қызметтер түрін, оған қоса SPA-процедуралар ала алатын кешенді ашуға деген ой келеді.

Бірнеше жыл бұрын ол жалпы ауданы 500 м² болатын бұрынғы мейрамхана ғимаратын жекешелендіріп алып, ұзақ жылдар бойы қойма ретінде жалға беріп жүрген еді. Биыл ол жерге монша кешенін салуға бел буады. Алайда бірқатар түйткілдерге тап болады.

«Ғимаратты қайта қалпына келтіруге және қайта бейіндеуге берілетін рұқсат құжатарын алуға шешкенімде қиындықтар туындады. Атап айтсам, маған сәулет-өндірістік тапсырма мен СЭС қорытындысын бермей қойды. Әрине, жергілікті атқару органдарының барлық талаптары мен бас тартуларының негізсіз болғанын, бір-біріне қайшы келіп жатқанын түсіндім. Содан ӨКП филиалына көмек сұрап жүгіндім», - деді Күнжан Сарбасова.

Аудандық Кәсіпкерлікті қолдау орталығының қызметкерлері аталмыш түйткілге қатысты барлық нормативтік-құқықтық актілерді зерттеп шықты.

«Мемлекеттік органдар біресе өтінішін қабылдамай, біресе құжаттарының дұрыс еместігін айтқан. Бірге инстанцияларға барып, оның дұрыстығын дәлелдедік. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары тіпті оған белгілі бір талаптарды сақтаған жағдайда, ғимаратты қайта қалпына келтіруге болатынын түсіндірмеген де екен. Күнжан Сарбасова барлық рұқсат құжаттарына қол жеткізіп, жұмысқа кірісіп кетті», - деп жеткізді КҚО менеджер консультанты Жандос Қойтілеуов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер