astana-view

Қосалқы мердігерлердің түйткілді мәселелері

2016 жылғы 21 Қаңтар
- Батыс Қазақстан облысы
8119 просмотров

БҚО бизнесмендері Кәсіпкерлер палатасының жосықсыз әріптестерінен қарызын өндіруге көмектесуін сұрайды

Өткен жылдың қыркүйек айында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтына БҚО кәсіпкерлері – «Сана-Строй» ЖШС, «Регион Запад» ЖШС, «Ермекбаев Б.Ж.» ЖК және «АЯН» ЖК атынан өтініш келіп түсті.

Бизнесмендер хатта «Сибстроймонтаж» ЖШҚ-дан (РФ) қарыздарын өндіріп беруге көмектесуді сұрайды. Бұл туралы palata.kz 2015 жылғы қараша айында жазған болатын.

2014 жылғы тамыз айында «К-ДорСтрой» АҚ (бас мердігер) мен ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі (тапсырыс беруші) арасында 6,323 млрд. теңге сомасына Орал қаласы әуежайындағы ұшу-қону жолағын, бұрылу жолын қайта қалпына келтіру бойынша мемлекеттік сатып алулар туралы (1 кезек) шарт жасалғаны анықталды.

«К-ДорСтрой» АҚ «Дорожно-строительное предприятие» ЖШҚ-мен (РФ) қосалқы мердігерлік шартын жасайды. Оған сәйкес ресейліктер Орал қаласы әуежайында жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізуге тиіс болады. Түмендік жол-құрылыс фирмасы өз кезегінде омбылық «Сибстроймонтаж» компаниясымен қосалқы мердігерлік шартын жасасады. Оның үстіне «Сибстроймонтаж» ЖШҚ мен Жол-құрылыс кәсіпорны арасындағы шарт жұмыс көлемі жөнінен «К-ДорСтрой» АҚ мен «Дорожно-строительное предприятие» ЖШҚ арасындағы шартқа ұқсас, тек құн айырмашылығы 25%-ға төмен. 

«Сибстроймонтаж» өз кезегінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп, нысанға материалдар жеткізуі үшін, қазақстандық фирмалармен («Сана-Строй» ЖШС, «Регион-Запад» ЖШС, «Ирмекбаев Б.Ж.» ЖК және «Аян» ЖК) шарт жасасады. Делдал ретінде ресейлік фирманы алудың қажеті қанша деген сауал туындайды?

Кәсіпорындар шартты орындайды, барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді және материалдар айтылған мерзімде 2014 жылғы қараша-желтоқсан айларында жеткізілді. Мұны орындалған жұмыс актісі растайды. Бірақ … «Сибстроймонтаж» шарт бойынша есеп-айырыспайды, телефон қоңырауы мен хаттарға жауап бермейді.

Өңірлік палата облыс прокуратурасына, БҚО бойынша Мемлекеттік кіріс департаменті мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хатпен жүгінеді.

2015 жылғы қазан айында облыстық кіріс департаменті «Сибстроймонтаж» басшылығына қатысты «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, істі көлік прокуратурасына беру туралы қаулы шығарады да, бұлар қылмыстық істі одан әрі тергеу үшін Орал станциясы көліктегі ішкі істер желілік бөлімі Ішкі істер департаментіне береді.

2016 жылғы 6 қаңтарда БҚО бойынша мемлекеттік кіріс департаменті БҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының атына жазған хатында қылмыс құрамының болмауы себебінен қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы хабарлайды.

Бұдан кейін Өңірлік палата Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының төрағасы Қайрат Қожамжаровқа үндеу әзірлейді. Онда өңірлік деңгейдегі уәкілетті органның қабылдаған шешіміне келіспейтіндігіне байланысты, бизнесмендер өтінішін республикалық деңгейде жан-жақты әрі тиісті түрде қарауға жәрдем көрсетуді сұрайды. Хатта Кәсіпкерлер палатасына көптеген қосалқы мердігерлік шарттарын қайта жасаудың, ресейлік компанияларды таңдаудың, сондай-ақ қылмыстық іс тоқтатылуының түсініксіз екені жазылады. Олардың артында атышулы есімдер тұрғандығынан болар бәлкім?

Хатта сонымен қатар облыстың уәкілетті органдарының даулы мәселелерді азаматтық іс жүргізу тәртібінде шешуге нұсқау беруден басқа, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға және алаяқтық әрекеттер тәсілін ашуға шынайы әрекет жасалмағаны аталады.

Қазақстанда қоғамдық қатынастар жүйесін толығымен модернизациялайтын «100 нақты қадам Ұлт жоспары» Бағдарламасын жүзеге асыру аясында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы үнемі сыбайлас-жемқорлық тәуекелдерін болдырмау тұрғысынан мемлекеттік сатып алулар жүйесін оңтайландыру жөніндегі ұсыныстарын алға тартып отырады. Барлық тендерлер ірі компаниялар қолына тиіп, олар осыдан кейін қосалқы мердігерлік шартын жасап, ақырында барлық жұмысты жергілікті ШОБ компаниялары орындап шығып, осыдан соң орындалған жұмыс үшін есеп-айырысуға қол жеткізе алмай жүрген кезде шағын және орта бизнестің дамуы мүмкін емес, деп санайды Палата.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер