astana-view

Бизнесті қорғауға басымдық беріліп келеді

2016 жылғы 04 Ақпан
- Маңғыстау облысы
8439 просмотров

2015 жылы Кәсіпкерлер палатасының сарапшы-заңгерлері 204 өтінішті қарады.

Олардың 107-сі кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау  жөнінде өтініш жасаған. Оның 94-і оң деп қабылданды.

Мұндай ақпаратпен  ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Талғат Ноғаев бөлісті.

Оның сөзінше, кәсіпкерлер жер құқықтық қатынастары (45%) мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың әрекеттеріне қатысты шағым айтып жиі өтініш жасайды. Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңес  отырыс өткізіп, әкімдік қызметкерлерінің үстінен арыз түсірген кәсіпкерлердің 16 өтініші қаралған.

Есеп беру кезеңінде 20 әкімшілік кедерге анықталды және оларды азайту үшін жергілікті атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық актлерінің жобасына 110 дәйектеме әзірленді. Нәтижесінде 17 жобаға ескерту жасалды, олар әкімдік тарапынан қабылданып, жөнделді.

Палата сарапшылары 20 сот ісіне қатысып, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғады. Палатаның ықпал етуімен бизнес субъектілерінің 366 586 716 теңгеге тең құқы қорғалды.

Талғат Ноғаев сәтті шешілген өтініштерден бірнеше мысал келтірді. Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімі «Жігер-Ақтау» компаниясының үстінен жеткізушіні әділетсіз деп тану және 5 278 358 теңге көлемінде айыппұл өндіріп алу туралы талап арыз түсірген. Сот шешіміне сәйкес, мемлекеттік мекеменің талабы қанағаттандырылмады.

Тағы бір мысал ретінде, «West oil software» ЖШС-нің жер комиссиясының отырысында қаралып оң шешімін тапқан жер телімін беру туралы мәселесін айтуға болады. «Мәселе былай болған, серіктестік жерді пайдалану туралы жоба дайындап, ол Маңғыстау аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекшісінің бұйрығымен бекітіледі. Осы ресімдерден кейін жерді беру ресімдері тоқтап қалады. Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Маңғыстау аудандық прокуратурасы тексеріс жүргізіп, соның нәтижесінде заңбұзушылықты жою жөнінде ұсыныс жолданды. Осыдан кейін Маңғыстау ауданы әкімінің қаулысымен серіктестікке жер берілді» – дейді Талғат Ноғаев.

Бизнесвуменнің құқын қалай қорғағанымыз туралы тағы бір жарқын мысал.

Д.Тұралықова ЖК бірнеше жыл бойы жер телімін жалға алу мерзімін ұзарта алмай, оны ұзартуға ықпал етуді, сондай-ақ бұрынғы жер телімімен іргелес тағы да қосымша жер телімін сұрап Палатаға жүгінеді. «Біздің бастамамызбен Ақтау қаласы әкімдігі көлемі 5,43 га жер телімін жалға алу келісімшартының мерзімін 2025 жылдың 14 қазанына дейін ұзарту, өнеркәсіптік аумақтағы  асфальт-бетон зауытының нысандарын орналастыру және пайдалану үшін көлемі 0,3654 га қосымша жер телімі берілді» – деп хабарлады ӨКП директорының орынбасары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер