astana-view

Қате түзеліп, өндіріс жұмысы қайта жанданды

2016 жылғы 06 Сәуір
- Астана қаласы
7354 просмотров

Мемлекеттік органдардың қателігінен елордалық компанияның жұмысы төрт ай бойы тоқтап тұрған

2015 жылдың желтоқсан айында «Техносфера» ЖШС-ның Астана қаласының Сарыарқа аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасынан келген шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы қаулы негізінде банктегі есепшотын бұғаулап тастаған. Себеп – салық төлеушінің тіркеу мекен жайы бойынша орналасқан жерін растамауы. 2015 жылдың қыркүйек айында ЖШС-ны қайта тіркеуге байланысты тексеріс екі айға созылған.

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына көмек сұрай келген компания басшыларының айтуынша, ЖШС көрсетілген мекен жайда орналасқан, соған қоса, жер телімінде дайын өнімдерге арналған қойма пайдаланылып, жаңа цехтың құрылысы жүріп жатыр екен әрі тәулік бойы күзетілетін көрінеді. 

«Иә, қаладан қашығырақ орналасқанбыз, Өнеркәсіптік аймақта, бірақ, бізді таба алмау мүмкін емес. Басқарма мамандарының қалай іздегендерін білмеймін, мүмкін іздемеген де шығар. Мүмкін, мекен жайға жете алмай қалған да шығар», – дейді кәсіпорын қызметкері Светлана Хан.

Қалай десек те, кәсіпорынның жұмыс істеуіне тыйым салынған. Ал, бұл компанияның кеңеюді жоспарлаған сәтімен тұспа-тұс келіпті. Бұл уақытта компания жартылай бағалы тастарды қайта өңдеуге арналған цех салып жатқан. Оған дейін бірнеше жыл қатарынан сондай тастарды сатумен айналысып келген.

«Компания қиын жағдайға тап болды. Өйткені, компанияның салық төлеуге, шот-фактура беруге, құрал-жабдықтар сатып алуға, қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге мүмкіндігі болмады», – Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бейсенов.

Мәселенің мәнін түсіу үшін, ӨКП сарапшылары көрсетілген жерге барып, серіктестіктің тіркелген мекен жайда орналасқандығын анықтады. Бұл мәселенің шешемін Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқын қорғау кеңесінің кезекті жиналысында ортаға салып, соның нәтижесінде басқарма қызметкерлері әрекетінің заңдылығын анықтау туралы қалалық прокуратураға өтініш білдіру туралы шешім қабылданды.

«Қалалық прокуратура ұсынылған дәлелдерді қарастырып, «Техносфера» ЖШС-ға бағытталған салық төлеушінің орналасқан мекен жайын растау туралы ескертпенің күшін жою туралы, сондай-ақ ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешім шығарды. Лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы акт жасалды», – деп мәлімдеді Астана қалалық прокуратурасы бірінші басқармасының прокуроры Сәруар Әубәкіров.

Нәтижесінде, кәсіпкерлік субъектісінің ҚҚС төлеуші мәртебесі қайта қалпына келтіріліп, компанияға өндірісті жолға қою жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берілді.

«Мұндай жағдай жүйелік сипатқа ие. Олай дейтініміз, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасына осыған ұқсас шағымдар жиі келіп түседі. Қазіргі уақытта біз осындай екі мәселені қарастыру үстіндеміз. Өткен жылы Палата мен қалалық прокуратураның ортақ күш біріктіруімен «OPENLIGHT.KZ» ЖШС-ның ҚҚС төлеуші мәртебесі қайта қалпына келтірілген болатын», – дейді Бауыржан Бейсенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер