astana-view

Шаруаларға субсидия толығымен төленді

2016 жылғы 06 Мамыр
- Жамбыл облысы
10568 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы кіріскеннен кейін Жамбыл облысының шаруа қожалықтарына тиесілі 130 миллионнан астам теңге субсидия төленді

Кәсіпкерлер палатасының құқықтық бөліміне Жамбыл облысының бірнеше шаруа қожалықтарынан ортақ мәселе жөнінде шағым келіп түскен, яғни 2015 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бөлінген субсидия толығымен төленбеген. Мәселен, Талас ауданынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен айналысатын «Әбдір» шаруа қожалығының басшысы Нұржан Мылтықбаев соңғы екі жылда ірі қараның төл басына тиісті 18 000 теңгенің орнына 13 000 теңгеден алып отырған. Сонымен қатар Байзақ ауданындағы «Жафар» ШҚ 670 319 теңге, Т.Рысқұлов ауданындағы «Мұқағали» ШҚ 600 000 теңге, «Бай-Ару» ШҚ 575 000 теңге көлеміндегі қаржысын алмаған. Жеке кәсіпкер Дүкенбаева Балгүлге төл басына тиісті соманың 70%-н ғана төлеген әрі отандық асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға толығымен қаражат төлеуден бас тартқан.

ҚР «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңына сәйкес, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік реттеу отандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің селекциялық және тұқымдық жұмыстарды жүргізу шараларын субсидиялау арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту субсидиялаудың әлеуетті бағыты ретінде қарастырылған. Қаражат жетпеген жағдайда, комиссия жеткіліксіз қаражатты әлеуеті басым бағытқа қайта бөлу туралы ұсыныс енгізеді. Аталған Ережелерде селекциялық және тұқымдық жұмыстарды жүргізу тәртібі де қарастырылған. Оны субсидиялау Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры есебінен жүргізіледі.

«Субсидия төлеу тәртібін реттейтін нормативті актілермен танысып шыққан Кәсіпкерлер палатасы бұл шағымдарды Жамбыл облысы ауыл шаруашылықғы басқармасының қызметін тексеруді ұйымдастыру үшін Жамбыл облысының прокуратурасына жіберді», – дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов.

Облыстық прокуратураның тексерісі нәтижесінде басқарма басшысының атына жоғарыда аталған шаруа қожалықтарына субсидияның қалғанын төлеу туралы және заңның бұзылуына жол берген кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапқа тарту туралы ұйғарым шығарылды.

Нәтижесінде, 2015 жылға бөлінген субсидияны ала алмай жүрген 357 шаруашылыққа 138 253 017 теңге көлеміндегі субсидия толығымен төленіп, ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты тұлғасы тәртіптік жауапқа тартылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер