astana-view

Су мәселесі шешімін тапты

2016 жылғы 08 Маусым
- Жетісу облысы
9092 просмотров

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Көксу аудандық филиалы жеке кәсіпкердің су мәселесін шешіп берді

Елена Дядькова үшін жер – табыс көзі. Оның «Надежда» шаруа қожалығы жүгері, арпа сияқты дәнді-дақылдар өсірумен айналысады. Биыл ол жалғыз табыс көзінен айырылып қала жаздады. Мәселенің мәні мынада, осы жылдың басында «ҚазСуШаруашылығы» кәсіпорны суды пайдалану туралы шарт жасасудан бас тартты. Оған былтырдан қалған қарызы себеп болыпты-мыс. Ал, бизнесвуменнің айтуынша, ешқандай қарызы жоқ. Кейін анық болғандай, 2015 жылы тараптар арасында жалпы сомасы 20 185 теңгеге бес реттік суғару туралы шарт жасалған. Алайда, суғару маусымында су екі реттен ғана берілген, осыған орай, шаруа қожалығы 11 185 теңге ғана төлеген. Пайдаланылған су көлемі үшін төлем төленгендіктен, Елена Дядькова Көксу ауданы Кәсіпкерлер палатасының филиалына осы мәселенің шешілуіне көмек сұрай келіпті. Сол күні-ақ филиал директоры Марат Бәкиев аудан прокурорымен бірге осы мәселені шешу үшін «ҚазСуШаруашылығы» РМК-ға қарай жолға шықты.

«Қызу пікірталас пен екі жақтың да шағымдарын тыңдаған соң, «ҚазСуШаруашылығы» РМК «Надежда» шаруа қожалығына суармалы су беру туралы шарт жасады. Сол күні-ақ ауданның бес елді мекенін, яғни  15 мыңнан астам суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін бас арнаға су жіберді. Кәсіпкерлер жеделдік танытып, мәселені дер кезінде шешкеніміз үшін алғыстарын білдірді», – дейді филиал директоры М.Бәкиев.

Бұдан бөлек, Кәсіпкерлер палатасы «Федор» жеке қожалығының да суға қатысты мәселесін шешіп берді. Су шаруашылығы кәсіпорнымен табысты келіссөздер жүргізу нәтижесінде сумен қамту қайта қалпына келтірілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер