astana-view

Иван Сауэр: «Атамекен» – бірінші кезекте, сенімді серіктес

2016 жылғы 09 Қыркүйек
8477 просмотров

Кәсіпкер әріптестерін Ұлттық палатамен бірлесе жұмыс істеуге шақырды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына – 3 жыл. Біз бүгін ұйымның қалай құрылғанын Қазақстанның Еңбек ері, «Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры, танымал кәсіпкер Иван Сауермен бірге еске алып отырмыз. Ол кәсіпкерлер бірлестігі құрылғалы бері ұйымның басы-қасында жүрген жандардың бірі.

Иван Адамұлы, айтыңызшы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалай құрылды, және де осы жаңалық бизнеске қалай әсер етті?

Жалпы Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құрмас бұрын, ауқымды насихат науқаны жүрді. Мынадай бағыттағы ұйым құру жоспарланып жатыр екен деген кезде, бизнес-қауымдастық оны талқылауға қызу кірісіп кетті. Әлбетте, ол мені де айналып өтуі мүмкін емес еді. Біз оны шаруалармен отырып талқыладық және де ұйымдастырылуына жақын қалған кезде маған жай ғана Палатаның құрамында болу емес, Төралқа мүшелерінің қатарына кіру туралы ұсыныс түсті.

Ол кезде елімізде қандай да бір бизнес-қауымдастықтар мен бірлестіктерді құру арқылы ешкімді таң қалдыра алмайтын едік.  Оның бәрі бұрында да болған. Бірақ олар салалық, аумақтық, тіпті кейде шағын қалалық  деңгеймен шектеліп қалып жататын. Артықшылығына келсек, еліміздегі бизнестің салалық және әртүрлі бағытта жүруі болса керек. Соған сай әртүрлі қауымдастықтың мүшесі болу – өте тиімсіз еді. Сол себепті барлық кәсіп түрлерін бір қауымдастықтың астында жинайтын, және де сол жерде барлық мәселелер қарастырылатын ұйым құру керек деген мәселе тұрды.

Сіздің ойыңызша, сол сәтте Ұлттық палатаны құру шешімі қаншалықты өміршең болды?

Мен ет және сүт одағын басқардым. Бұл жерде алғашқыда сүт одағы болатын, кейін ет одағы құрылды. Қандай одақтар болмады десеңші... Қызмет саласы бойынша жақын болғанымен, жан дүниесі жағынан әртүрлі болатын. Сол себепті, әлбетте, барлығы біріккісі келді, қандай да бір ортақ ұстанымдарымен бөліскісі  келді. Алайда ол мүмкін болмады. Мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру шешімі дұрыс болды деп ойлаймын. Қазір оның ең дұрыс шешім екенін бірауыздан айтуға болады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысына қандай баға берер едіңіз?

Менің көзқарасым бойынша, бұл шын мәнінде өте бірегей ұйым. Үш жылдың нәтижесін бақылап отырсақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастық пен билік құрылымдары арасындағы ұйыстырушы, біріктіруші көпір бола білді. Бұл айтылғандар шағын, орта, ірі бизнеске де қатысты. Өйткені Палата солардың барлығын бір арнаға біріктіріп, барлығының мүдделерін өз қорғауына алды.

Біз біреулерге бір жағдайлар ұнамайтынын, қандай да бір мәселесі шешілмегенін, ҰКП-да сөзбұйдаға салады дегенді де естіп жатамыз. Бірақ, біріншіден, бізде «біткен іске сыншы» көп. Өкінішке орай, олардың саны оң пікірлес адамдардан да артық. Алайда, біреудің жеке пікіріне тәуелді болмаған жөн. Көпшілігінде еріншектік көңіл-күй басым. Мысалы, бір мәселе шығып қалды дейік, ал ол бірде-бір қағаз толтырмаған. Елдің айтқанын естіп алады да, басын төмен салбыратқан бойы билікке жүгіну керек, олар барлығын шешіп береді деп  ойлайды. Ал енді, сол мәселемен ҰКП айналысса, ол Палатаға емес, өрт сөндіру командасына айналып кетеді.

Менің көзқарасым бойынша, көптеген мәселелер шешімін тауып жатыр және де оны осы мәселелерді шешуге жақын адамдар ғана дұрыс бағалай алады.

Сіз ойыңызша, бұдан да тиімді қызмет етуі  үшін Ұлттық палатаның қандай мәселелермен айналысқаны дұрыс?

Бүгінгі таңда екі мәселе бар. Біз қандай да бір деңгейде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде артта қалып жатырмыз. Бизнестегі әріптестеріңмен кездесесің, олар Палатаның жұмысы туралы аз біледі. Міне, осы жұмыстарды қолға алып, уақытында шешу керек. Бизнес өкілдері еңбегіңнің нәтижесі бірінші кезекте өзіңнің сол жұмысты беріле істеуіңе байланысты екенін түсінгені жөн. Сен сол жұмысты қаншалықты беріліп істесең, өзің де түсінетін, көмектесетін, өзіңнің шешіміңді ұсына алатын боласың. Алайда, бізде осыған байланысты үлкен мәселе бар. Егер осы жұмысты белсенді жүргізетін болсақ, көптеген нәтижеге қол жеткізген болар едік.

Сондай-ақ билік құрылымдарының Палатаны жақын серіктес ретінде қарағанын қалаймын. Өйткені біз ортақ істі қолға алдық. ҰКП – билік үшін қарсылас емес, бірінші кезекте көмекші екенін ұмытпайық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер