astana-view

«Төлеу керек»: тапсырыс беруші фирманың қарызын қайтарады

2018 жылғы 03 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
5941 просмотров

«Строй-С» кәсіпорны тұрғын үй шатырын жөндегені үшін төлем қаражатын сот арқылы алуына тура келді

Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасына «Строй-С» ЖШС басшылығы жүгініп, серіктестіктің құқығы мен заңды мүддесін қорғауды сұраған. Кәсіпкердің айтуынша «ШҚО Тұрғын үйді пайдалану басқармасы» ЖШС мердігерлік келісімшарты аясында тұрғын үй шатырын қалпына келтірген құрылыс жұмысы үшін берешек қаражатты төлеуден бас тартқан.

Кәсіпкерлер палатасы өтінімді тексере келе кәсіпкер тарапынан міндет толықтай өтелгенін анықтаған. Алайда атқарылған жұмыс актісінің толтырылғанына қарамастан тапсырыс беруші қалған 1 млн теңгені төлеуге құлықсыздық танытқан.

«Кәсіпкер бұл қаражатты өтеу өтінімімен бірнеше рет тиісті басқармаға жүгінген. Алайда түрлі себептер айтылып, жүзеге аспаған», - дейді кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі бөлімнің сарапшысы Бақыт Байбосынов.

Бизнес субъектісінің бұзылған құқығын қорғау үшін ШҚО Кәсіпкерлер палатасы сотқа талап арызымен жүгінді. Нәтижесі де көп күттірмеді. Үш ай өткен соң соттың алғашқы инстанциясы «Строй-С» ЖШС пайдасына 1 млн теңгені өтеу және мерзімін бұзғаны үшін 100 мың теңге төлеу туралы шешім шығарып берді. «ШҚО Тұрғын үйді пайдалану басқармасы» ЖШС сот шешімін орындауы тиіс.

«Алайда «ШҚО Тұрғын үйді  пайдалану басқармасы» ЖШС бұл шешіммен келіспей аппелияцияға берген. Дегенімен келесі инстанция да бизнестің пайдасына шешім шығарды. Серіктестіктің құқығы мен заңды мүддесі қорғалып, толықтай өтелді», - деді Бақыт Байбосынов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер