astana-view

Бизнес-омбудсменнің халықаралық аренадағы жұмыс нәтижелері қандай?

2019 жылғы 10 Қаңтар
2192 просмотров

Ұрланған жүк, проблемалық транзит және кәсіпкерлер арасындағы байланыстың болмауы – бұл Ресей аумағында жұмыс істейтін қазақстандық бизнесмендер тап болатын негізгі проблемалардың бір бөлігі ғана деп жазады ombudsmanbiz.kz.

«Algorithm» ЖШС компаниясының жүк тиелген көлігі ұсталып, Мәскеу облысындағы мамандандырылған тұраққа жіберілді. Компания тапсырыс беруші ресейлік «Форенон» ЖШҚ компаниясының «Derfolg» ЖШС компаниясынан сатып алған жүгін әкетіп бара жатқан болатын.

Жүкті кідірту «Derfolg» келісім-шартының міндеттемелерін бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін еді, сондай-ақ компанияның жосықсыз жеткізушілердің тізіліміне ілігу қаупі де туды.

Мәселе Қазақстан бизнес-омбудсменінің араласуымен шешілді. Уәкілетті органмен келіссөздер жүргізілгеннен кейін тауар жүк алушыға мерзімінде жеткізілді.

Транзитке қатысты проблемаға СҚО-ның тағы бір компаниясы тап болды. Келісім-шарт аясында «КАМЕТЕХ» компаниясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингтік компаниясына «Versatile-460» екі тракторын жеткізіп беруі тиіс болатын. Мұнда да айтарлықтай қиындықтар туындады: Ресей Федерациясының аумағы бойынша габаритті емес жүкті тасымалдауға арнайы рұқсат алу қиынға соқты.

Барлық мәселе Рязань облысының аумағындағы су тасқыны шараларынан кейін үлкен жүк таситын арнайы техниканың өтуін шектеуге қатысты еді, бірақ дәл сол уақытта су тасқыны жағдайы аяқталған болатын. Шектеу алынып тасталғаны туралы растауды алу және оны арнайы шешімге енгізу қажет болды. Ресей Федерациясы Рязань облысының бизнес-омбудсмені мен Қазақстан бизнес-омбудсменінің үйлесімді жұмысы арқасына қиын жағдайдан шығудың жолы табылды. Нәтижесінде солтүстікқазақстандық кәсіпорын жүкті тапсырыс берушіге уақытында жеткізді.

Бұл тізімді әрі қарай да жалғастыруға болады. Айта кететін жағдай, қазақстандық кәсіпкерлер Ресей аумағында алаяқтықпен де кездеседі. Көбінесе шарттық міндеттемелерді орындамауға қатысты мәселелер орын алады.

Мысалы, Орынбор облысында бизнес-омбудсменнің жәрдемімен «Парижская коммуна» ЖШС (ет өнімдерін өндіруші) өніміне қатысты экспорт бойынша шектеулерге қатысты мәселе шешілді.

Қазақстан мен Воронеж облысы бизнес-омбудсмендерінің арқасында қазақстандық сатып алушы «Саламат-Агро» ЖШС Воронеж қаласының «СБ Агро» ЖШҚ Ресей компаниясымен 1 млн 400 мың рубль немесе 7,8 млн теңге сомаға жабдықтарды жедел жеткізу туралы келісімге қол жеткізді.

Бұл 2017 жылы Қазақстан мен Ресейдің бизнес-омбудсмендері арасында қол қойылған Келісім аясында атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана.

Бүгінгі таңда басқа елдермен ынтымақтастық тек нығайып, дамып келеді. 2018 жылдың маусым айында Қазақстан мен Өзбекстан бизнес-омбудсмендерінің форумы ұйымдастырылды. Өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер