astana-view

Алкоголь өнімін кинотеатрларда сатуға болады – ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

2014 жылғы 04 Қыркүйек
3328 просмотров

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қоғамдық мониторинг департаменті директорының орынбасары Ербол Өстеміров осындай мәлімдеме жасады.

Ербол Өстеміровтың айтуынша, кәсіпкерлер кинотеатрлар ғимараттары мен аумақтарында алкоголь өнімін сақтауға және өткізуге тыйым салатын салық органдарының әрекетіне шағыммен ҰКП-ға бірнеше рет жүгінген.

Ербол Өстеміровтің сөзіне сүйенсек, салықшылар «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңына сілтеме жасайды. Оған сәйкес мәдени-демалыс ұйымдарының ғимараттары мен аумақтарында алкоголь өнімдерін сақтауға және өткізуге тыйым салынады.

«Аумақтық салық органдары кинотеатрлар да мәдени-демалыс ұйымдарына жатады деп есептеп, кәсіпкерлер арасында кинотеатрлар ғимараттары мен аумағында алкоголь өнімін сақтауға және өткізуге жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», - дейді ҰКП өкілі.

Оның айтуынша, барларда, кинотеатрларда көбінесе сыра сатады да, бұл оларға белгілі бір табыс әкеледі. Ал бұл жағдайда салықшылардың тыйымы кинотеатрлардың тиімділігін төмендетіп, клиенттердің жылыстауына әкеледі.

Сонымен қатар, ҰКП Қоғамдық мониторинг департаментінің мамандары анықтағандай, мәдени-демалыс ұйымдарына қызметін Мәдениет министрлігі реттейтін орталықтар ғана жатады.

«Мәдениет министрлігі, «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, кинотеатрлар мәдени-демалыс ұйымдарынан бөлек мәдениет ұйымдары ретінде белгіленгенін, және де кинотеатрлар мен кинозалдар қызметінің негізгі бағыты фильмдерді прокатқа шығару мен бұқаралық көрсету болып табылатындығын, сондықтан да кинотеатрлар мәдени-демалыс ұйымдары болып табылмайтындығын көрсете отырып, біздің ұстанымымызды қолдады», - деп атап өтті ҰКП Қоғамдық мониторинг департаменті директорының орынбасары Ербол Өстеміров.

Осыған орай, ҰКП ҚР Қаржы министрлігінің атына аумақтық салық органдарына кинотеатрлар ғимараттары мен аумақтарында алкоголь өнімдеріне тыйымға жол бермеуді түсіндіру қажеттігі туралы хат жолдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер