astana-view

Елбасы Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының бірқатар бастамаларына қолдау көрсетті

2014 жылғы 01 Қазан
5121 просмотров

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапарының барысында кәсіпкерлермен және өңір жұртшылығымен жиналыс өткізді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Жаңбырбай Доспаев Елбасыға шағын және орта бизнес дамуына қатысты істің жай-күйі жайлы баяндады.  

Кәсіпкерлік қызметпен айналысуды қалайтындарға Маңғыстау облысында барлық жағдай жасалған, оған дәлел – өңірдегі іскерлік белсенділіктің өсуі. Мұнда «Бизнестің жол картасы», «Өндіріс», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары, сондай-ақ Моноқалаларды дамыту бағдарламасы табыспен іске асырылуда. ӨКП облыстық әкімшілікпен тығыз ынтымақтастықта. Ашылуы 2014 жылғы желтоқсан айына жоспарланып отырған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы үшін Жергілікті атқарушы органдар ғимарат та бөліп қойған.

«КҚК орталығында кез-келген кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың барлық бағыттары бойынша консультация алып, өз бизнесін ашып, қажет құжаттарды ала алады. Сонымен қатар бұл ғимаратта даму инстиуттарының, микрокредиттік ұйымдардың, бизнес-қауымдастықтардың филиалдарын, яғни бизнестің дамуына қажет барлық құрылымдарды орналастыру жоспарланып отыр. Бұл жөнінен тәжірибеміз де жоқ емес: біз әкіммен бірлесіп Жаңаөзенде бизнес-инкубатор ашқан болатынбыз, онда бүгінде 32 кәсіпкер жұмыс жасайды, шамамен 400 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ әкім бизнес-инкубатордың үлгілік жобасын дайындау және оларды облыстағы әрбір аудан орталығында салу идеясына қолдау көрсетті», - деп Президентке ақпарат берді Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Биыл Маңғыстау облысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша микрокредиттеу 43% ұлғайтылып, 561 млн теңгеге кредит берілген. Қайтымдылық көрсеткіші – 98%. Қарыздар негізінде шағын тігін цехтарын, шағын-наубайханаларды, шаштараздарды және т.с.с. ашуға арналады.

«Біздің ұсынысымыз бойынша облыс әкімі келесі жылдан бастап 1 млрд теңге мөлшеріндегі облыстық микрокредиттеу қорын іске қосуға шешім қабылдады, және де бұл сома қажеттіліктің өсу шамасына қарай көбейтілуі мүмкін», - деді Жаңбырбай Доспаев.

Алайда проблемалы тұстарды тастап кетуге болмайды. «Бүгінгі күнге дейін «Қазагро» құрылымы Маңғыстау облысы аумағында бірде-бір жобаны қаржыландырмаған, сондықтан да қалаулы әсер де жоқ. Оның үстіне жақында ғана құрылған «Қазагрофинанс» филиалын жабу жоспарланып отыр. Біздің ойымызша, бұл құрылымның жалпы ұстанымы мен кредиттік саясатын қайта қарап, ауыл шаруашылық өндірушілерімен жұмысты күшейту қажет», - деп атап өтті Доспаев.

Ол сонымен қатар өңірдегі мал шаруашылығы саласында түйе шаруашылығының маңызды орын алатындығын мәлімдеді (37%). Алайда осы бір шағын сала Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығын қолдау бағдарламасына қосылмаған.

«Өңірдегі мал шаруашылығы осы бағытының маңыздылығын ескере отырып, түйе шаруашылығын басымдылықты салалардың бірі ретінде анықтап, шұбат өндірісі және жоғары өнімді асыл тұқымды түйе өсіруді субсидиялаумен Ауыл шаруашылық министрлігінің қаржыландыру бағдарламасы тізбесіне қосуды сұраймыз», - деп ұсыныс жеткізді Жаңбырбай Доспаев.

Елбасы жалпы ӨКП бастамаларын қолдап, облыс әкімдігі мен Ауыл шаруашылық министрлігіне сәйкес тапсырмалар берді.    


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер