astana-view

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы бағдарламасын әзірлеуге белсене ат салыспақшы

2014 жылғы 21 Қараша
4179 просмотров

20 қарашада ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Қазақстандағы жалға берілетін тұрғын үй нарығы және оның даму стратегиясы» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Отырыс Елбасының Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясатында әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысы туралы жариялауына және Премьер-Министрдің жалға берілетін тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту туралы тапсырмасына орай ұйымдастырылды. «Дөңгелек үстел» жұмысына ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының және ҚР ҰКП Төралқасы бейіндік комитеті Басшысының төрағалығымен «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ, «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, «Қазақстанның Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ өкілдері, құрылыс компаниялары мен екінші деңгейлі банктер басшылары қатысты.

Әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан 145 млрд теңге бөлініп, 50 млрд теңгені «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ тартады, сонымен қатар, басқа да көздерден қаржы қаражаты тартылған. Бұл жиынтықта 250 млрд теңгені құрайды. 2020 жылға дейін 25 000 пәтер, немесе 1 500 000 шаршы метр тұрғын үй салынады. Бағдарлама 2015 жылдың қаңтарында бастау алады. Екі механизм – тұрғын үйді сатып алу және салу көзделеді. Бүгінгі таңда Бағдарлама Тұжырымдамасы келісудің ақтық сатысында жатыр.

Отырыс барысында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағдарламаны талқылауға және дайындауға белсене ат салысатыны жайлы шешім қабылданды.

Бұл Бағдарлама әлеуметтік топтарды ғана қолдауды көздейтін болғандықтан, жеке меншік салушылар, банктер, жеке меншік жылжымайтын мүлік қорлары қатыса алатын коммерциялық жалға беру нарығын дамыту үшін қосымша механизмдер әзірлеу туралы ұсыныс енгізілді.

Отырысқа қатысушылар ауылда жалға берілетін тұрғын үй нарығын дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Олардың ойынша, бұл көп пәтерлі құрылыс болуы мүмкін. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры мен Қазақстанның ипотекалық компаниясының тұрғын үй жинақтары, құрылысы және жүзеге асыру желісі бойынша ағымдағы жағдай жайлы ақпараты жарияланды.

ҚР ҰКП тұрғын үйді сатып алудағы ашықтықты, бағаның әділетті түрде қалыптасуын, бағдарламаға жеке меншік салушылардың қатысу мүмкіндігін қолдайды.

Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы уәкілетті мемлекеттік органдарға және «Бәйтерек» ҰБХ»АҚ-ға Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бағдарламасын дамыту бойынша ұсыныстарын жолдайтын болады.   

Жалға берілетін тұрғын үйді дамыту мәселелері алда 2014 жылғы 2-3 желтоқсанда Астанада өтетін Бірінші Еуразиялық Құрылыс саласы конгресінде де қаралмақшы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер