astana-view

ҚР ҰКП Төрелік орталығы Басқарушы кеңесінің бірінші отырысы өтті

2014 жылғы 21 Қараша
3583 просмотров

Бүгін «ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығы» ЖМ Басқарушы кеңесінің бірінші отырысында төрелікті дамыту және бірыңғай заң жобасын даярлау мәселелері талқыланды

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов өзінің алғысөзінде отандық төрелікті дамыту бойынша шаралар кешенін қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Ұлттық палата бейіндік заңды даярлауға белсене ат салысады. Оны Елбасы Үкіметке 2015 жылғы 1 сәуірге дейін Парламентке енгізуді тапсырған болатын. ҰКП Әділет министрлігіне Жоғарғы Сотпен келісілген ұсыныстарды енгізіп те қойды. Соның ішінде соттардың істің мәнін қайта қарап, төрелік соттар шығаратын шешімдерді болдырмауға мүмкіндік беретін нормаларды алып тастау бойынша, сондай-ақ мемлекеттік сыңайлы сектор ұйымдары мен табиғи монополиялар субъектілерінің қатысуымен болған дауларды төреліктің еркіне беруді кеңейту бойынша.

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Төрелік орталықтың ұйымдастыру-құрылымдық және қаржылай бекітілуі бойынша жоспарларға жан-жақты тоқтала отырып, былай деп атап өтті: «Облыс орталықтарында филиалдар мен кеңселер құрылатын болады. Шетелде өкілдік ашу мүмкіндігі пысықталуда. Алматыда кеңсе ұйымдастыру мәселесі шешіліп те қойды. Орынжай бөлу және олардың материалдық-техникалық жарақталуы бойынша сәйкес тапсырмалар берілді. Кеңсе жақын арада жұмысқа кіріседі». Абылай Мырзахметовтың айтуынша, бұл институттың дамуы даулардың тиімді қаралуына, бағдарламалық негізде төрешілер мен медиаторлардың даярлануына және басқа да заңгерлік қызметтердің толық көлемде көрсетілуіне септігін тигізетін болады.

Отырыс барысында Төрелік орталық Басқарушы кеңесінің шешімімен Реттеме жобасы мақұлданды. Оған Орталық қызметін ұйымдастыру тәртібі, сондай-ақ төрелік және аралық сот үшін ұйымдастыру және процедуралық ережелер кіреді. Орталық Реттемесі осы айдың соңында жарияланады. Сонымен қатар 1 жылға Төрелік орталық төрешілерінің құрамы бекітілді. Тізіммен мына жерде танысуға болады.

«Алдымызда көлемді ағарту жұмысы тұр. Әрбір кәсіпкерге төреліктің бар екенін, онда шаруашылық етуші субъектілердің дауды шешу үшін төрешілерді таңдай алатындығын айтып беруге тиіспіз. Сонда тараптар арасында ешқандай да өкпе-реніш пен түйткіл туындамайды. Әрине, төрешілеріміздің де құрамына көңіл бөлудің маңызы зор. Болашақта олармен түрлі семинарлар өткізілетін болады. Бұрындары мұндай талқылауда тәжірибесі жоқ төрешілерге ұшырасып қалған тұстарым да болған. Олар жақсы ғалым, сауатты маман болуы мүмкін, алайда төрешілердің де білмейтін жерлері болып тұрады», – деді Төрелік орталық Басқарушы кеңесінің Төрағасы Байрамалы Ахмедов.

2015 жылғы 21 қаңтарда ҚР Әділет министрлігі, ҚР Жоғарғы Соты, Төрелік орталық өкілдерінің, сондай-ақ Ресей, Швеция, Сингапур, Ұлыбритания және өзге де төрелік мекемелері мамандарының қатысуымен төрелік қызметі түйткілдеріне арналған арнайы конференция өткізу жоспарланып отыр. «Халықаралық әріптестерімізге көптен қызығып жүрген сауалдарымызды қойып, жұмыс бастау жолдарының бағасын ала аламыз», - деп түсіндіріп кетті Төрелік орталық Басқарушы кеңесінің Мүшесі Рүстем Жүрсінов.

Абылай Мырзахметов Басқарушы кеңес мүшелеренің жәрдеміне және Төрелік орталық қызметкерлерінің белсенділігіне үміт артты. «Ең атақты шетелдік төрелік мекемелерінен қалыспайтын төрелік құра алатынымызға сенімдімін. Ол өз өлшемдері мен қызмет қағидаттары жағынан өзіміздің және шетелдік бизнесмендер үшін тартымды сипат алады», – деп қорытты ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы.

Анықтамалық: «ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығы» төрелік және аралық сотта талқылау саласындағы Еуропалық конвенцияның 4 бабына жүктелген функцияларды атқару бойынша республикадағы уәкілетті орган болып табылады. Төрелік орталық заңды (сонымен қатар шетелдік) және (немесе) жеке тұлғалар арасындағы, олардың азаматтығы, тұрғылықты мекен-жайы немесе орналасқан жеріне қарамастан, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер