astana-view

Қазақстан мен Франция 500 млн доллар сомасында 17 келісімге қол қойды

2014 жылғы 05 Желтоқсан
3421 просмотров

Астанада қазақстандық-француздық бизнес-форум өтті. Ол Франция Республикасы Президенті Франсуа Олландтың Қазақстан Республикасына жасаған ресми сапарының аясында өтті. Форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы шамамен 500 миллион долларды құрайтын 17 коммерциялық келісімге қол қойылды. Іс-шараға екі елден 250-ден астам бизнесмен, ұлттық компаниялар, қаржы институттары, үкіметтік емес сектор және оқу орындарының өкілдері қатысты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Франция Қазақстанның алдыңғы қатарлы экономикалық серіктестері қатарына кіретіндігін атап өтті: «Біздің сыртқы сауда айналымы тұрақты түрде өсуде. Былтырғы жылы ол 6 миллиард доллардан асып түсті. Соңғы 10 жылдағы француз бизнесінің елімізге құйған инвестициясы  11 миллиард доллардың үстінде. Қазақстандық нарықта 100-ден астам француз компаниясы жұмыс жасайды. Бірлескен жобалар өнеркәсіпте ғана емес, жаһандық экономикаға ықпалын жүргізіп отырған жоғары технологиялар саласында да жүзеге асырылуда».

Франсуа Олланд өз кезегінде Франция мен Қазақстанның білім беру жағындағы байланыстарын да нығайтуға қатысты тілегін жеткізді: «қазіргі уақытта біз Қазақстаннан 400 студент қабылдап отырмыз. Соңғы кезде бұл сан екі есе өсіп кетті. Бұдан әрі де тоқталмай, «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалану қажет деп ойлаймын. Француз университеттері қазақстандық студенттерді өзіне қабылдап қана қоймауы қажет. Менің ойымша, біздің университеттердің өкілдері өздері осында келіп, болашақ мамандарды осы жақта қалыптастыруға тиіс».

2014 жылғы 9 ай қорытындысы бойынша елдер арасындағы өзара сауда айналымы 4,7 млрд долларды құраған. Қазақстан негізінде Францияға мұнай, металл және химия өнімдерін экспорттаса, ал Франция ҚР-ға – өнеркәсіптік жабдықтар, дәрі-дәрмектер, косметика, автомобильдер, азық-түлік, ұшу және ғарыш аппараттарын әкеледі. Францияның ҚР экономикасына тікелей инвестицияларының жалпы түсімі соңғы 9 жылда шамамен 10,8 млрд долларды құраған. Француз капиталының қатысуымен Қазақстанда тіркелген компаниялар саны 150-ге жетті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер