astana-view

Нұржан Әлтаев: «Қазақстан инновациялық жобаларды жинау жөніндегі хабқа айналуға тиіс»

2015 жылғы 22 Маусым
9091 просмотров

Алматыда өткен дөңгелек үстелде Қазақстанда кәсіпкерлік білім берудің даму келешегі қаралды.

Пікірталасқа «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының Орынбасары Нұржан Әлтаев және ҚР білім және ғылым вице-министрі Тақыр Балықбаев қатысты.

Білім және ғылым вице-министрі дөңгелек үстел отырысын аша отырып, білім мен бизнес арасындағы тығыз байланыстың экономиканы дамытудағы маңызды факторлардың бірі екенін атап өтті. Қазірде ведомство заңнамалық деңгейде ғылым, білім және өндіріс интеграциясы мен басқарудың жаңа үлгісіне көшуді дайындау үстінде.

“Жоғары оқу орындарында құрыла бастаған бақылау кеңестерінде өндіріс, бизнес өкілдері бар, ал бас комиссияда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін кездестіресіз”, - деп хабарлады ол. Вице-министр сонымен қатар кәсіпкерлік ойлау қабілетіне ие мамандарды даярлаудың «экономиканың дамуын қаласақ, дамытылуға тиіс бағыт» екенін атай кетті.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев өз кезегінде Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі және алдағы ДСҰ-ға кірудің еліміздің алдында адами капиталды дамыту және инновациялық және кәсіпкерлік ойлау қабілеттеріне ие менеджерлерді даярлау қажеттілігі мәселелерін алға қоятынын атады.

“Мемлекеттік үдемелі индустриялық даму бағдарламасын дамытудың алғашқы бесжылдығы жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құра бастағанымызды, жаңа технологиялар әкеле бастағанымызды көрсетті, алайда, өкінішке орай, кадрларды даярлау жүйесі жаңа технологияларға үнемі ілесіп үлгере бермейді. Зауыттарымыз бен кәсіпорындарымызда инновациялық кәсіпкерлік тұрғыдан ойлай алатын менеджерлер жоқтың қасы, - деді Нұржан Әлтаев. – Еуразиялық одақ ішінде қазірдің өзінде Ресейдің ірі кәсіпорындары тарапынан салмақты қысым сезіліп жатыр, ал ертеңгі күні күллі әлемнің аса салмақты кәсіпорындары шоғырланған ДСҰ-ға кіргенде олардың өнімдері біздің нарықты басып тастайтын болады. Сондықтан да ойдағыдай бәсекелесу үшін адами капиталмен салмақты жұмыс жасауымыз қажет”.

Ол сонымен қатар бизнес-қоғамдастықтың басқарушылық дағдыларын техникалық және технологиялық процестерді терең түсінумен ұштастыратын менеджерлердің білікті тізбегінің жоқтығын бірнеше мәрте атағанын айтып өтті.

“Адами капиталды дамыту түйткілінің мемлекеттік әрі мемлекеттік сыңайлы сектор үшін де, корпоративтік сектор үшін де тең шамада бой көтергені анық. Қажеттіліктің болуына қарамастан, Қазақстанның бірде-бір жоғары оқу орнында «Инженерлік бизнес және менеджмент» факультеті жоқ», - дейді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Мемлекеттің индустриялық-инновациялық дамуындағы екінші түйткіл ретінде ол кәсіпорындардың инновациялық белсенділігінің төмендігін атады -  ғылым мен бизнес өзара тығыз жұмыс жасамайды. Ал бизнестің ғылым шешіп бере алатын түйткілдері жетіп артылады.

Нұржан Әлтаев дөңгелек үстелді өткізіп жатқан Алматы Менеджмент Университеті басшысының ҮИИДМ бағдарламасы кәсіпорындары үшін 5 мың менеджер даярлау бағдарламасын енгізу туралы ұсынысын қолдады.

“Біз бұл ұсыныстарды қолдаймыз және өзіміз де мынадай ұсыныс дайындап жатырмыз: осындай мамандарды даярлауға арналған бағдарлама жүзеге асырылуға тиіс әрі бюджеттен қаражат бөлінуі керек. Түрлі нұсқаларды қарауға болар еді, мәселен, бірлесе қаржыландыру, онда мемлекеттік бюджет осы мамандардың даярлануына 50-70% төлесе, ал 50-30% - кәсіпорын өзіне алады”, - деді Нұржан Әлтаев. Ол сондай-ақ білім және ғылым вице-министрінің осы бағдарламаны қолдауын сұрады.

Ол сонымен қатар бизнес мамандарын даярлауға көлемді қаражаттар жұмсалатын скандинавиялық елдердің табысты тәжірибесі жайлы айтып өтті. “Бұл мәселеде артта қалуға болмайды деп ойлаймын. Ресей Федерациясында да осындай тәжірибені көруге болады. Мұндай кадрлар Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінде даярланады”, - деп ескере кетті ол.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, скандинавиялық өңір елдеріне сапары барысында Аалто-университеттегі (Финляндия) инкубатордың ерекше үлгісі зерттелген.

“Финляндияда өте тамаша бизнес-инкубатор көріп қайттық және ол Design factory және Startup Sauna бағыттарына бөлінеді. Ғылым мен бизнес арасындағы осы байланыстың қалай іске асырылатынына таңқалдым. Шын мәнісінде, инновациялық жобалар үшін белгілі бір хаб құрылған және барлық университеттерде студенттер мен ғалымдар қатысатын топтар құрылады, ал бизнес осы бизнес-инкубатор алдына нақты міндеттер қояды. Шамамен 150-ге жуық ірі еуропалық компанияға осы бизнес-инкубаторда қызмет көрсетіледі”, - деді Нұржан Әлтаев. Ол сонымен қатар қазақстандық бизнестің де осындай бизнес-инкубаторлар арқылы инновациялық зерттемелер жағынан өз түйткілдерін шеше алатындығын ескере кетті.

“Сондай-ақ Еуропа үлгісінде қандай да бір жаңалықтарды дайындайтын стартап-алаңдар құруды ұсынамыз. Ал бизнес-инкубатордың міндеті осы ноу-хауды буып-түю, одан бизнес-жоба жасап шығу және одан салмақты бизнес жасау болатын-болмайтындығына ерекше көңіл аудара отырып, нарықты есептеп шығу. Осы бизнес-инкубаторлар айналасында көптеген инвестициялық және венчурлық компаниялар бар, ал бизнес-инкубатор осы жобаларды соларға ұсынады. Еуропада осындай бизнес-инкубатор арқылы жыл сайын шамамен 100-ге жуық жоба жүзеге асырылады. Біз де солар сияқты осы жұмысты қолға ала аламыз”, - деп есептейді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, ҰКП “Бәйтерек” холдингімен бірге инвестициялық қор құрып, оған 18,6 млрд теңге салып қойған. Қазір қор мамандары жаңа инновациялық жобаларды іздеуде.

“Бұл жағынан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ашық, біз жоғары оқу орындарына, ең алдымен технопарктері барларға «Бизнес-инкубатор» жұмысына арналған жай беруді ұсынамыз. ҰКП өз тарапынан консультанттар мен бизнес-менторлар құрамын қалыптастырады, ал олар тәжірибесімен бөліседі, кеңестерін береді және «бизнес-періштелер» ролін ойнып, іске қосу кезеңіне дейін сүйемелдей алады. Ғылым мен кәсіпкерлерді барынша жақындастыруға аса мүдделіміз”, - деп баса айтты Нұржан Әлтаев.

“Біз ғана осындай ақкөңіл болып жүрген. Инновацияларды шетелдік «аулаушыларға» бере саламыз. Біздің ұстаным, керісінше, Қазақстан жақын орнылысқан мемлекеттер үшін хаб, инновациялық жобаларды жинақтаушы инвесторға айналуға тиіс. Барлық инновацияларды осы жерге жинау керек”, - деп қорытты ол.

Білім және ғылым вице-министрі өз кезегінде «Алатау» ИТП ауданында ғылым мен бизнес кездесетін және инновациялық жобалар құрылатын алаң құрылатынын атады.

ҰКП өкілінің ұсынысына Алматы Менеджмент Университеті президенті Асылбек Қожахметов те қолдау жасап, сонымен бірге дәл осы Ұлттық палатаның кәсіпкерлік білімді өркендетуге тиіс екенін атады.

“Қазақстан үшін қандай үлгі лайықты екенін, қандай трендтер бар екенін түсіну үшін, әлемдік тәжірибені зерттедік. Олардың арасынан көңілімізден шыққан екеуін таңдап алдық. Университеттер нарық талаптарына бағдарлануға тиіс, ертеңгі күні сұранысқа ие болатын дүниені болжауға тиіс”, - деді Асылбек Қожахметов.

Оның айтуынша, жоғары оқу орны таяудағы бес жылда 25 тұрақты стартап құруды жоспарлап отыр. Оның әрқайсысынан кем дегенде 100 мың доллар пайда түсуге тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер