astana-view

ҰКП инвестор-компанияның төрешіл кеденшілерді жеңіп шығуына көмектесті

2015 жылғы 07 Шілде
9496 просмотров

«Мир круп» ЖШС басшылығы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының Төрағасы Абылай Мырзахметовтың атына алғыс хат жолдады. Палата сарапшыларының қолдауы кәсіпорынның «Астана – жаңа қала» Арнайы экономикалық аймағы Кеден басқармасымен арада орын алған сот ісін жеңіп шығуына көмектесті.

Оқиға былай басталған еді. «Астана – жаңа қала» АЭА-ға тіркелген «Мир круп» ЖШС Арнайы экономикалық аймақ қатысушысы ретінде (барлық тиесілі жеңілдіктермен және артықшылықтармен) құны 2 миллиард теңге тұратын азық-түлік өндірісінің жобасын жүзеге асыруға кіріседі.

Компания инвестор тартып, АЭА аумағында өндірістік тұрғын-жай құрылысына кірісіп кетеді де, кенеттен кеден органдары ойдан шығарылған негіздермен құрылыс жабдықтарын әкелуге жеңілдік беруден бас тартады. Олар АЭА қызметінің басымдылықты түрлері тізбесінде «өндірістік нысандар, қойма және өзге де жайлар құрылысы» деген тармақтың жоқтығын желеуретіп, компанияға жалпы негіздерде кеден баждары мен салықтарын төлеуді міндеттейді де, бұл жоба құнын бірнеше есе ұлғайтып жібереді.

Ұзаққа созылған әрі сәтсіз келіссөздерден кейін компания басшылығы түйткілді шешу үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. Палата ҚР ИДМ Инвестициялар жөніндегі комитеті, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті, «Астана – жаңа қала» АЭА Әкімшілік ету басқармасы өкілдері мен бизнес-қоғамдастық қатысуымен «Мир круп» ЖШС түйткілдерін ортаға салды.

АЭА мемлекеттік реттеуді жүзеге асырушы уәкілетті орган өкілі – ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жеңілдіктердің нысандар құрылысынан бастап өндіріс басталғанға дейінгі өндірістік циклдың өн-бойына ұсынылуы тиістігімен келіскенін айта кету керек. Керісінше жағдайда АЭА құрудың еш мағынасы жоқ. Оның үстіне, басқарушы компания мен АЭА қатысушысы арасындағы шартта инвестордың (АЭА қатысушысы) өзіне пайдалануға берілген жер телімінде өздеріне қажет өндіріс және инфрақұрылым нысандарын салу міндеттемесі тікелей белгіленген.

Кеденшілердің кез-келген күмәнін сейілту үшін, ҚР ИДМ Инвестициялар жөніндегі комитеті тіпті Шартқа өзгерістер де енгізді. Жаңа норма АЭА қатысушысы «еркін кеден аймағы» кеден процедурасы қолданылатын қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруына қажет тауарлар тізбесін белгілеуді көздейді. Алайда мұндай толықтыру да қақтығыстың шешілуіне әкелмеді – кеденшілер өз дегенін алға тартуды жалғастыра берді.

Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әсер етудің басқа шараларын түгесіп, аталмыш түйткілді шешу үшін, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс департаментінің Төрағасы Дәулет Ерғожинге жүгінеді. Кәсіпорын басшылығы сонымен бірге «Астана – жаңа қала» АЭА Кеден басқармасының үстінен талап-арызбен сотқа жүгінеді.

ҰКП сарапшылары сот процесінде компанияға қолдау көрсетті. Ал компания процесті бірінші сатыдан жеңіп шықты…

«Мүдделі мемелкеттік органдармен бірқатар кездесулер өткізген, сонымен қатар сот отырысына тікелей қатысқан Ұлттық палата Кедендік әкімшілік ету департаменті қызметкердерінің қолдауы мен кәсіби әрекеттерінің арқасында, өз мүддемізді қорғап қалдық – Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шешімді біздің пайдамызға шығарды», - деп жазады елордалық «Мир круп» ЖШС Бас директоры Нұржамал Тұранова.

Кәсіпорын басшысы сот шешіміне қанағаттанды, бірақ... оқиға сәтті аяқталды деп есептемейді.

«Өкінішке орай, фискалды органдардың кәсіпкерлерге қарсы сот ауыртпалықтарын соңғы саты – Жоғарғы Сотқа дейін жеткізу практикасы негізінде бизнеске қысым көрсетудің заңды механизмі болып табылады», - деп назаланады кәсіпкер. – «Соттар екі жылға дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт бойында кәсіпкерлер кеден, салық органдары және прокуратура тұлғасындағы мемлекеттік машинаның күллі қуатына қарсы жалғыз қалады. Кәсіпкерлер бизнесті дамытудың орнына уақыты мен ақшасын сотқа жұмсауға мәжбүр болады. Сонымен бірге нақты лауазымды тұлғалар мен олардың басшылары еш жауапкершілік алмайды, тіпті сотта жеңіліс тауып жатса да».

Елордалық компания басшысы ҰКП құрылымында «кәсіпкерлерді қорғап қана қоймай, сот тәртібінде еліміздегі бизнеске қолынан келгенше бөгет жасап жүрген шенеуніктерді жазалауға қол жеткізетін кәсіпқой сот адвокаттары пулын» құруды ұсынады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер