astana-view

ОҚО-да ШОБ қарқынды даму үстінде

2016 жылғы 23 Ақпан
9481 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысы экономикасының тірегі шағын бизнес болып тұр

Оңтүстік  Қазақстан облысы экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуде шағын және орта бизнес субъектілері маңызды рөл атқарады. «Инвестиция тартуға қатысты, тұтастай алғанда, 2015 жылдың қорытындылары бойынша негізгі капиталға инвестицияланған 416 млрд.теңгенің жартысынан астамын шағын бизнес салған», – деді бүгін ОКҚ брифингінде ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов.

«Тұтастай алғанда, әсіресе дағдарыс кезінде экономика тұрақтылығы ШОБ арқасында сақталып тұр, дәл осы себептен біз шағын және орта бизнесті дамытуды көздеп отырмыз», – деді облыс басшысы.

Осыған байланысты өңірде «әр қала мен ауданда индустриалды аймақ құруға көңіл бөлініп» отыр.  Атамқұлов келтірген деректер бойынша 11 индустриалды аймақ құрылып, 151 жоба белгіленген. Әкімдік есебінше, бұл инвестиция түріндегі 163 млрд. теңгені тартып, 13 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Әкім «Оңтүстік» АЭА-ның экономикалық қайтарымдылығын бағалай отырып, «аймақтың сәтті жұмыс атқарып отырғанын» айтты. Сөзіне дәлел ретінде ол статистикалық мәліметтер келтірді. Ол бойынша «АЭА өз жұмыс жылдарында құны 25 млрд.теңге болатын 10 жобаны іске асырған». Бүгінде АЭА аумағында 2145 адам еңбек етуде.

Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысында шетел инвесторларын тарту жұмыстарының қарқынын арттырмақшы. Бұл үшін өңірде «бір терезе» қағидасы бойынша әрекет ететін «Оңтүстік-инвест» деп аталатын арнайы орталық ашылмақ. Атамқұловтың мәліметінше, бүгінгі күні өңірде шетел инвесторларының қаражатымен төрт жоба іске қосылған.

ОҚО кәсіпорындарының өнім өндіру серпініне тоқталған Атамқұлов 2015 жыл бойынша тауарлар, қызметтер және азық-түлік мөлшері 345 млрд.теңгеге тең болғанын айтты. «Жергілікті өнім, оның ішінде жеміс-көкөніске дейін тұтас облыстың ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның басым бөлігінің қажеттілігін де өтеп отыр», – деді әкім.

Ол «Қазақстанда өндірілетін бақша дақылдарының 65%-ы, жүзімнің 60%-ы, жеміс-жидек өнімінің үштен бірі Оңтүстік Қазақстан өнімдері» екенін жеткізді.

Облыста қолданысқа енген «Кооперация туралы» заңға зор үміт артылып отыр.

«Бұл заң бізге ұсақ ауылшаруашылық өндірушілерін кооперативке біріктіру мүмкіндігін береді. Бүгінде өңірімізде 50-ге жуық ұсақ ауылшаруашылық өндірушілері бар. Бір ғана Мақтаарал ауданында – 18 мың өндіруші бар»,  деді әкім.

Б.Атамқұловтың деректері бойынша, ұсақ фермерлер кооперациясы оларға жер өңдеу техникасын сатып алуға мүмкіндік берер еді. «Бүгінде сегіз кооператив тіркелу үстінде, ал он кооператив құжаттарын өткізуде. Біз олармен машина-трактор бекеттерін салуға несиелеу бойынша жұмыс жасаудамыз», – деп сендірді Бейбіт Атамқұлов.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер