astana-view

Медициналық сақтандыру үлгісі жетілдіруге зәру

2015 жылғы 09 Шілде
11037 просмотров

Парламент мүшелері мен кәсіпкерлер міндетті медициналық сақтандыру енгізу туралы заң жобасын аяқтап бітіруді сұрайды

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі барлық төлем жасаушылардан келіп түсетін төлемдерді шоғырландыратын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын құруды ұсынады.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің төрағасы Алмас Құрманов «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы жобасының Тұжырымдамасы бойынша қоғамдық тыңдауда осылай деп хабарлады.

Тұжырымдамаға сәйкес, 2017 жылдан бастап жұмыс берушілер еңбекке ақы төлеу қорынан 5 % мөлшерінде әлеуметтік медициналық сақтандыруға міндетті аударым жасауға міндеттеледі. Ал 2020 жылдан бастап жұмысшылар да еңбекақысынан 2 % аударуға тиіс болады.

Денсаулық сақтау министрлігі берген ақпарат бойынша, мұндай қор құру азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретін қызметтерді ұсынуға мүкіндік береді. Мұнда Германия тәжірибесі негізге алынып отыр. Онда елдегі 130 сақтандыру қоры жинаған сақтандыру жарналары бірыңғай Тәуекелдерді теңестіру қорына шоғырландырылып, федералдық бюджеттен субсидиялармен толықтырылады.

Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар өкілдері және кәсіпкерлер мен қаржы секторының қатысуымен өткен талқылау қызу пікірталасқа ұласты.

Тау-кен және металлургия өнеркәсібі қауымдастығының Атқарушы директоры Николай Радостовец мәлімдегендей, денсаулық сақтау минситрлігі «жауапкершілікті жұмыс берушілер мойнына жүктей салмақшы». Металлургтердің салалық қауымдастығы басшысы Тұжырымдаманы жарамсыз деп тануға үндеді, өйткені нарықтық қағидаттарға сәйкес келмейді. «Жұмыс беруші жұмысшысын емдеумен айналысуға міндетті емес, ол өндіріспен айналысуға тиіс!», - деп мәлімдеді ол. Сонымен бірге жеке медициналық сақтандыру қағидатын алу қажеттігін айта кетті, ал жетпеген жағдайда әлеуметтік салықтың 11 пайызын қолдануды ұсынды.  

Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева осы пікірге келісіп отыр. Ол медициналық сақтандыру қажеттігін теріске шығармастан, оны жүзеге асыру механизмдерімен салмақты жұмыс жасау керек болатындығы жайлы ой тастады.

«Медициналық сақтандыру, әрине, қажет. Бұл жүйе дүниежүзінде жұмыс жасайды. Алайда бұл жерде бұл ақшаның қалайша жұмсалуы керектігін көрсететін есептеулер қажет. Менің ойымша, министрліктің мұның ЭЫДҰ            (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы – авто.еск.) елдерінде қалай жасалатыны жайлы түсінігі жоқ. Біздегі көптеген шетелдік инвесторлар ЭЫДҰ барлық елдеріндегі сақтандырудың өркениетті жүйесіне үйренген, ал онда назар жеке сақтандыруға аударылады», - деп түсіндірді депутат.

«Қордың түсініксіз схемасы: қанша қызметкері болады, олар қандай еңекақы алады? Бәлкім, бұл 5% Қорды ұстауға кететін шығар, ал біз кейін уақыты келгенде олардың немен айналысып жатқанын сұрайтын боламыз. Сонымен қатар, біз қанша КТС (корпоративтік табыс салығы – авт. еск.) түсетінін есептеуді талап етеміз, себебі көптеген жұмыс берушілер еңбекақыны жасыра бастайды, штатты қысқартады», - деп есептейді Айгүл Соловьева.

Депутат Азат Перуашев мұның отандық экономика үшін белгілі бір тәуекелдерге әкелетінін мәлімдей келе, жұмыс берушілер үшін міндетті аударымдар енгізуге қарсы шықты. Оның ойынша, бұл іс жүзінде жасырын салық болып табылады.

«Себебі 11% мөлшеріндегі еңбекақы қорына әлеуметтік салық бұрыннан бар. Енді біздің жұмыс берушіден тағы 5% және жұмысшының өзінен 1 % қосуды ұсынып отыр. Бұл аса оғаш ұстаным. Сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінің дамуына сілтеме жасалып отыр. Дамыған елдерде мұндай механизм жоқ! Онда әрбір жұмысшы өзін сақтандырады, ал жұмыс беруші оған көмектесуі мүмкін. Және де, біріншіден, бұл адамның өзінің мүддесі, екіншіден, сақтандыру компаниялары оның салауатты өмір салтын сақтауын, жаттығулар жасауын, шылым шегу-шекпеуін, алкогольді теріс пайдалануын қадағалап отырады. Бұл бірден шешіле қоймайтын іс-шаралардың көлемді кешені. Қазір бізге ұсынылып отырғаны не? Денсаулық сақтау министрлігі ең қарапайым жолды таңдап отыр: бәрінен ақша жинап алу, және де министрлік жанынан осы ақшаны шоғырландыратын қандай да бір қор құру», - деп түсінік берді Азат Перуашев.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Фармацевтикалық, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызметтер комитетінің төрағасы Арнұр Нұртаев атап өткендей, денсаулық сақтау министрлігі ұсынып отырған жүйе медициналық сақтандыру спецификасын ескермейді.

«Асқан дәлдікпен жүргізілген есептеулер болуға тиіс және ол кәсіпкерлерге ұсынылуы керек. Мұндай есептеулердің жоқтығы бизнес тарапынан түсінбеушілікке алып келеді. Өкінішке орай, жаңа медициналық сақтандыру жүйесінде бүгінгі таңда осы салада жұмыс жасап жүрген және осындай қызметтер ұсынушы сақтандыру компаниялары орын таппапты», - деді Арнұр Нұртаев.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева атап өткендей, біздегі денсаулық сақтау секторында көптеген қатысушылар жұмыс жасайды, бұл жеке меншік медициналық клиникалар, сақтандыру компаниялары және т.б.

«Сондықтан да қазір дайындап жатқан жүйе қосымша жүктеме алып, күшпен тартып алу тудыратын факторларға ие болып қана қоймай, бизнесті дамыту үшін, қызметкерлерді дамыту үшін ынталандырылуға тиіс. Бұл жүйе актуарийлік есептеулер, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміндегі кемшіліктер, қателіктерді ескере отырып құрылуға тиіс», - деп түсіндірді ҰКП төрағасының орынбасары.

Жиналыс қорытындысы бойынша Медициналық сақтандыру тұжырымдамасын дайындау жөніндегі баламалы жұмыс тобын құру ұсынылды. Аталмыш топ бизнес-қоғамдастықтың барлық ұсыныстарын топтастырып, шоғырландырылған ұстаным жасап шығады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер