astana-view

Бизнеске арналған жаңа бағдарлар картасы

2015 жылғы 22 Шілде
7785 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы бәріне де қолжетімді болады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әрбір өңірдегі әлеует пен ерекшеліктерді анықтауға жүргізген талдау нәтижесінде қарапайым электронды карта дайындалады.

«Біздің мақсатымыз, біріншіден, әрбір өңірді талдаудан өткізу, оның тарихи мамандануын түсіну: кеңес заманында өңірде не өндірілді, және де қазір ол неге жоқ. Екіншіден, біз өңірлер ерекшеліктерін зерттейміз: қандай шикізат бар, оның базасында қандай да бір өндіріс құруға бола ма, ол нарықта сұранысқа ие бола ма», - деп хабарлады журналистерге «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев баспасөзбен таңғы ас барысында.

Нұржан Әлтаев Инвестициялар мен даму министрлігі дайындап қойған Кәсіпкерлікті дамыту картасы мен Индустрияландыру картасының айырмашылығын түсіндірді.

«Индустрияландыру картасы дайындалған кезде мемлекет белгі береді деп күтілген еді: қандай да бір өңірде осындай жоба болуға тиіс, оны мемлекет қолдайтын болады, себебі ол бірқатар инфрақұрылымдық мәселелерді шешеді әрі шағын және орта бизнесті өзімен бірге алға тартады дегендей. Алайда, өкінішке орай, Индустрияландыру картасы біршама басқаша болып шықты: мәні жөнінен ол кәсіпкерлер бастамалаған жобалар жинағын танытады», - деді ол.

ҰКП өкілі Индустрияландыру картасы аясында талдау жүргізілмегенін, ал оның кейбір түйтілдерге әкеп соққанын атады.

«Бұл белгілі бір талдаусыз жасалды. Анығын айтқанда, мен әкімдікке келемін де, былай деймін: «Мынадай зауыт салғым келеді». Әкімдік болса, бұл кәсіпорынның керек-керек еместігіне талдау жасамастан, жобаны Индустрияландыру картасына қосады. Оған қойылатын бірінші сауал: «Оған ақшаң бар ма? Банктермен қарыз жөніндегі мәселелерің шешілді ме? Егер бұл бар болса, мәселе шешілді», - деп түсіндірді ол.

«Бірінші бес жылдың нәтижесінде, мәселен, Шымкентте үш цемент зауыты бар екенін көріп отырмыз. (…) Бұл талдамағаннан, жай ғана барлық бастамаларды алған да, оған қолдау көрсетіп, мемлекеттің ақшасын салған. Ақырында осының бәрі бір-бірімен бәсекелесуде, және де шикізаты жоқ зауыттар бар. Кәсіпкер, бәлкім, еш дайындықсыз, жалаң бастамамен келген шығар, ал оның ойлағаны жүзеге аспай, осыдан келіп түйткілдер туындаған», - деді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасын даярлау барысында көршілес елдер нарықтары зерттеледі: Қытай, Ресей, яғни «оларға жеткізу үшін, нені өндіру немесе өсіру керектігін түсіну үшін және осының бәрін негізге ала отырып, талдау жүргізіп, қандай өңірде қандай өндірістерді іске қосу керектігін түсіну үшін».

«Кейбір өңірлерде нақты жобалардың кәсіпкерлік драйверіне айналатынын көріп отырмыз. Мәселен, кейбір өңірлерде қандай бір көлік-логистикалық орталықтар, қоймалар, тоңазытқыштар жетіспейді. Жеміс-көкөніс көптеп өседі делік. Үлгерсе – сатты, үлгермесе – шіріп кетеді. Ал онда бірнеше ай бойы сақтап қоятын орын болса, 2-3 айдан кейін маусым өтіп кетеді де, баға қайта өседі, тауарды нарыққа шығарасың, жағдай мүлдем өзгереді», - деді ол.

Ұлттық палата өкілі зерттеулерді 2015 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Инвестициялардың рентабельділігін зерттеу жөніндегі агенттік» ЖШС директоры Ерлан Хасенбеков әрбір өңір үшін 16 карта әзірленетінін айтты.

«Біздің міндет – жер-жерлердегі кәсіпкерлердің ойын айқындау. Қай салада екені маңызды емес, олардың мемлекет айқындап берген жағдайдағы өзін сезінуін білу маңызды – бұл бизнестің дамуына сеп бола ма әлде кедергі келтіре ме. Сонымен қатар біздің міндет – кәсіпкерлерге кедергі келтіретін бөгеттер мен шектеулерді айқындау», - деді ол.

Нұржан Әлтаев өңірлік даму картасының сонымен қатар шетелдік инвестицияларды тартуға арналған құрал болатынын баса көрсетті. «Қазір қандай да бір өңір жайлы, ондағы бос тұрған тауашалар жайлы түсінік, ақпарат жоқ», - деп атады ол.

Палата басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, бүгінде бірде бір мемлекеттік орган, ашығын айтсақ, «елімізде қанша шұжық цехы бар екені» жайлы білмейді.

«Осы картаны даярлау аясында өңірлерге (өңірлік Кәсіпкерлер палаталарына – Ред.еск.) тапсырмалар бердік. Олар аралап, әрбір ауданда не өндірілетінін білуге тиіс. Соңында қарапайым электронды карта жасап шыққымыз келеді. Ол жалпыға қол жетімді болады. Еліміздің қай түкпірінде, қандай өндіріс орналасқанын әркім де көре алатын болады. Осыған қоса бүгінде қандай жобалардың жүзеге асырылып жатқаны көрсетіледі. Мәселен, сіз инвесторсыз: картаны ашасыз да, ол ауданда не бар екенін, қай жерде зауыт тұрғызатыныңызды, қандай да бір өндірістің салынып жатқанын көресіз», - деп қорытты Нұржан Әлтаев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер