astana-view

«Темір Тұлпар НТ» ісіне нүкте қоюға әлі ерте

2015 жылғы 23 Шілде
11089 просмотров

Автопарк әкімдіктің өтінішімен талап-арызын қайтып алды, алайда кәсіпкерлерге олардың бағдарлары қайтарылмады

«Бұл мәселені уәкілетті мемлекеттік органдар – Астана қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Бәсекелестікті қорғау комитетінің сәйкес жауаптарын алғаннан кейін жабуға болады. Жауап әлі күнге дейін келген жоқ», - деп мәлімдеді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.

Ол Ұлттық палатаның жолаушылар тасымалы саласында қоғамдық мониторинг жүргізу жөніндегі жұмысты жалғастырып жатқанын баса көрсетті.

«Қазір барлық өңірлерден ақпарат жинап жатырмыз. Аралық ақпарат қолымызда. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жария етеміз», - дейді Олег Савеленко.

«Темір Тұлпар НТ» ЖШС директорының орынбасары Жомарт Молдахметов жағдайға түсінік бере отырып, автопарктің әлі де зиян шегіп жатқанын атап өтті.

«17 шілдеде Басқарма қызмет көрсету үшін 38-бағдарды берді және кешегі күні 2-бағдар берілді. Яғни мәмілеге келе бастадық. Олардан «талап арыздарыңызды қайтарып алыңыздар» деген өтініш келіп түсті. Әрине, біз түсіністік таныттық. Бірақ 3 бағдарымызды қайтармады. 2 берілді, біршама жақсы бағдар, бірақ өзіміздікіне жетпейді ғой. Дегенмен де, кредиттерімізді жаба аламыз – біз үшін бастысы осы», - деп хабарлады ол.

«Темір Тұлпар НТ» өкілі басқарманың қысым көрген автопаркке бұдан былай да түсіністік танытуға уәде бергенін атады. «Сөзбе-сөз келтірсем, былай деді: «Сіздермен не істейтінімізді ойланамыз, жұмыс тауып береміз», - деді Жомарт Молдахметов.

«Атамекен» Ұлттық палатасының Астана қаласы прокуратурасына, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне, сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментіне жүгінгенін еске саламыз.

Прокуратура әкімдіктің тасымалдаушымен шартты бұзуының заңсыздығын растады және жолаушылар тасымалы басқармасының «Темір Тұлпар НТ» серіктестігімен азаматтық-құқықтық қатынасты қалпына келтіруін талап етті. Алайда 30 маусымда бағдарларды тарату тендері өтті және олар басқа автопарктерге берілді. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне жүгіну ақпараттың жетіспеушілігіне байланысты созылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер