astana-view

Кредит бар – берем деген ниет жоқ

2015 жылғы 07 Тамыз
- Жамбыл облысы
14712 просмотров

«Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ желісі бойынша шаруаларға кредит беруге өтінімдерді қарау мерзімін тез арада қысқарту қажет!

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Директоры Қарлығаш Аралбекова осындай мәлімдеме жасады.

Бүгінде шаруалар даярлайтын құжаттар тізбесі тым қомақты. Осының салдарынан қаржылай көмекті ресімдеу мерзімі созылып кетеді де, ақырында айтарлықтай көлемдегі қаражат игерілмей қалады. Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова бұл туралы аграрлық саланы кредиттеу жөніндегі мемлекеттік қаржы институттарының басшыларымен кездесуде сөз қылды.

Оның айтуынша, жамбылдық диқандар мен малшылар үшін айналымдық қаражаттың жетіспеушілігі басты түйткілдердің бірі болып қала береді. Шаруашылықтың көпшілігінің бөлшектеніп кетуі салдарынан олар түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды, ал ірілену процесі ерекше баяу жүріп жатыр. Ал ұсақ шаруашылықтар қаржы институттарына жүгінген кезде, көптеген құжаттарды даярлау түйткіліне ұшырасып жатады. Бірақ түрлі бұрыштамалар мен мөрлер соғылуға тиіс құжаттар көлемінің болуы кредит алуға кепілдік емес!

Алайда даму институттары да өз дәлелдерін келтіруде. «Біздің ұйымымыздан кредит алуды қалайтындар өте көп. Қаражат болуына қарамастан, құжаттарды даярлауға кететін уақыттың ұзақтығы салдарынан қызмет көрсетіп үлгермейміз. Штаттың шағындығы себебінен мамандар жетіспеушілігі сезіледі», -  деп мәлімдеді «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрғали Сейітбеков.

Қарлығаш Аралбекова орынды сауал тастады: «Олай болса, штатты неге үлкейтпеске, осылайша, құжаттарды даярлау мерзімін қысқарту түйткілін шешуді неге ойламайсыздар?»

Бұған Нұрғали Сейітбековтің берген жауабы: «Қызметкерлерім соңғы екі жыл бойы еңбек демалысына да шыққан жоқ. Үстіміздегі жылы қалай да оларға демалу мүмкіндігін беруім керек». Қарлығаш Аралбекова шаруалардың түйткілін шешуге ерекше талпынысы байқалмаған қаржы институтының директорына бірге жұмыс жасауды ұсынды. Ендігі жерде Өңірлік палата мамандары жобаларды сүйемелдеуді қолға алып, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-дан кредит алу үшін құжаттарды даярлауда шаруаларға көмек көрсете бастайды. Кредиттік ұйым мамандары өз тараптарынан Палата талдаушыларына кредиттік құжаттарды даярлауға үйрету бойынша сәйкес семинарлар ұйымдастыратын болады.

Әрине, банк қызметкерлерінің функцияларын Палата қызметкерлеріне жүктеудың заңдылығы жайлы мәселені алға тартуға болады. Алайда тамыз айының нағыз егістік жинау жұмыстарының шағы екенін білеміз. Ол кезде шаруаларға ЖЖМ сатып алуға кредит ауадай қажет! Бірақ бастысы – әр күніміз қымбат!

«Басқа жолын көріп тұрған жоқпын. Себебі, негізінде, екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығына кредит беруге ерекше ниет білдіре қоймайды. Олар тек нық тұрған шаруашылықтарға крдит бере отырып, қалғандарының өтінімдерін кері қайтарып, жеңіл жолмен жүреді. Міне, сондықтан да қаржылай дамыту институттарының ролін күшейту қажет, себебі жамбылдың барлық 17 мың шаруа қожалығы кредит ресурстарына қол жеткізе алмай отыр. Сонымен қатар, облыс үшін қаржы институттары арқылы бөлінетін қаражат лимитінің көлемін ұлғайтатын уақыт келді, себебі әлі күнге дейін шаруаларымызда байқалып отырған кредиттеуге деген үлкен көлемді сұранысты қанағаттандыра алмай келеміз. Көршілес Қырғызстанмен арадағы шекараның ашылуы шаруа қожалықтарымыз үшін бәсекелестік деңгейінің айтарлықтай өсетінін білдіреді және біз бәсекелестік күресінде олардың шыдас беруіне көмектесуіміз қажет. Ал ең басты әрі ықпалды көмек уақытында қаржыландыру болып табылады», - деп қорытты Қарлығаш Аралбекова. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер