astana-view

Жанармай төңірегіндегі пікірталас

2015 жылғы 14 Тамыз
- Ақмола облысы
9850 просмотров

Бензин және солярка ЖЖМ сатушылар мен мемлекеттік органдар өкілдері арасындағы қызу әңгіменің тақырыбы болды

Пікірталасқа көлік прокуратурасы, көлік бақылау инспекциясы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, мемлекеттік табыс, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменттерінің өкілдері қатысты. Егіс алқаптарындағы жинау жұмыстары қарсаңында Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткізілген кездесуге ЖЖМ айналымы саласында қызмет етіп жүрген бизнес субъектілерінен келген бірқатар өтініштер себеп болды.

Кәсіпкерлер ортаға салған түйткілдер жаңалық емес және барлығы бірдей деуге де болады. Мұнай өнімдері нарығына еркін қолжетімділіктің болмауы, өңірдегі ЖЖМ нарығының ашық болмауы, көтерме бағаларды реттеу қажеттігі — көптеген өтініштердің негізгі желісі осы.

«Отынның қалай бөлінетіні түсініксіз. Оператор – кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына берілген өтінімге сәйкес бізге бөлінетін көлемдер жеткіліксіз, операторда коммерциялық көлемдердің болуына қарамастан, ресурстар шектеулі», - деп сұрады жеке кәсіпкер Владимир Свидерский.

Келесі кәсіпкер «ЮНА» НПО» ЖШС қаржы директоры Мария Свиркова басқа, бірақ бәріне ортақ түйткіл – мұнай өнімдерін көтерме сатушыларды мемлекеттік реттеудің жоқтығын қозғады.

«Көтерме баға, бөлшек сатудың өзгеріссіз қалатынына қарамастан, бақылаусыз көтеріледі. Көтерме сатушылар (ірі бизнес) өз түйткілдерін Авто құю бекеттері, яғни орта бизнес есебінен, оларың құқықтарына қысым жасай отырып шешеді. Ал мемлекеттік органдар оған еш жауап қатар емес. Сонымен қатар бөлшек сатушылар өтінім бергенге дейін қалыптасқан мұнай өнімдерінің бағасы жарияланбайды», - дейді Мария Свиркова.

Өтініш жасаушылар сұрақтарына жауап алатындықтарына және мәселелерінің шешім табарына сенеді. Бизнес өз ұсыныстарын да алға тартуда. «Қазақстандық отын қауымдастығының жұмысын қолдауды сұраймыз! Қазақстандық көтерме сатушылар бойынша мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек сату арасында кем дегенде 30% маржадағы баға айырмасын орнатумен көтерме бағаларды реттеу қажеттігіне мемлекеттік органдардың көзін жеткізу керек. Сондай-ақ мемлекет бөлетін отын көлемін бөлу процедурасының ашықтығын қамтамасыз ету керек», - делінген кәсіпкерлер өтінішінде.

Өкінішке орай, пікірталас күтілгендей өтпеді. Мемлекеттік органдарға қойылған сұрақтардың көпшілігі жауапсыз қалды. Оған бейіндік өңірлік ведомстволардың бірінші басшыларының жоқтығы да себеп болған шығар.

«Бұл мәселелер мұқият зерттеуді қажет етеді, және оларды шешу үшін мемлекеттік органдармен әрекеттестіктің бірлескен алгоритмі, кері байланыс қажет. Біз сұхбатқа дайынбыз, және де бастамаларымыздың еленбеуін БАҚ-ты тарта отырып кеңінен жариялайтын боламыз», - деп баса көрсетті Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Уәлихан Ғабдуллин.

Кәсіпкерлермен мұндай кездесулерді апта сайын өткізіп отыру жоспарлануда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер