astana-view

«Дәрі ащы болғаны үшін, кінәлі емес!»

2015 жылғы 24 Тамыз
7735 просмотров

Жаңа валюта бағамы бәрінің бірдей көңілінен шығып жатқан жоқ. Бірақ табиғатта дағдарысты жүгендеудің басқа рецептісі жоқ

ҚР Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец осылай деп есептейді. Оның ойынша, «жаңа валюта бағамы» ұғымы бүгінде тұрмыстық деңгейде қолданылып жүрген «девальвация» сөзінен әлдеқайда кең көлемде.

«Девальвация туралы емес, валютаның жаңа еркін бағамы жайлы айту керек. Бұл бүгінгі күннің шындығына сәйкес келетін жаңа экономикалық саясат», - деп есептейді республикамыздың металлургтер одағы қауымдастығының басшысы. – «Шын мәнісінде, біз бұған рухани әрі психологиялық жағынан баяғыда дайын болғанбыз. Көшеде сауалнама жүргізіп көріңіз, көпшілік Ресеймен бірыңғай экономикалық кеңістікте бола тұрып, бағамды ұстап тұру мүмкін емес деген ақиқатты растап береді».

Николай Радостовецтің ойынша, халықтың теңге құлдырауына психологиялық жағынан дайын болғанына жанама дәлел банктер мен елдегі айырбастау орындарында долларды сатып алудың өсуі болып табылады.

«Көптеген адамдар өз жинақтарын долларға ауыстырды. Және де бұл олардың Үкімет шешімін күтуімен байланысты (жаңа бағамды орнату туралы – авт.еск.). Экономикалық заңдарға қарсы шықпай, оны ұстану керектігін бәріміз де түсінеміз ғой. Соңғы айларда Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бағамды түзету түйткілінің талқыланғаны да кездейсоқ емес. Пікірталасқа экспортшылар ғана емес, ең алдымен, өнеркәсіптік қайта өңдеу салаларының өкілдері де қатысты. Барлығы да теңге мен рубльдің тепе-теңдік бағамының бұзылуы Қазақстандағы қазақстандық өнімнің, әсіресе қайта өңдеу, тамақ, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің бәсекеге қабілетсіз болуына әкеледі деген ойда болды. Бәсекелестер, ең алдымен ресейлік бәсекелестер ішкі нарықтан ығыстыра бастады».

Сарапшының пікірінше, бағамды түзету ішкі ғана емес, сыртқы нарықтарда да қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін көтереді. «Отандық компаниялар объективті экономикалық жағдайларға түсе алады. Бұған дейін олар объективті емес ортада болған еді және рубль бағамының төмендігінен ғана бәсекеде жеңіліп жүрген еді», - деген сенімде кеншілер мен металлургтер қоғамдық ұйымының төрағасы. - «Егер жаңа экономикалық жағдайларға бейімделу орын алатын болса, онда біздің өндірушілердің өндіріс көлемін өсіруі тиімдірек болады. Ал бұл өз кезегінде жұмыс орындарының сақталуына ғана емес, олардың өсуіне септесетін болады».

Николай Радостовецтің айтуынша, ел Үкіметі жаңа бағам туралы хабарлай отырып, «жаңа ештеңені ойлап тапқан жоқ».

«Бұл – әлемдік тәжірибе! Басқа да көптеген мемлекеттерде – Түркияда, Еуропалық одақ елдерінде ұлттық валюталардың бағамын түзету немесе ұлттық валюталарды босаңсыту жүргізілді. Және де бұл үнемі отандық өндірістің өсіміне әкеліп отырды. Алысқа кетудің қажеті жоқ – Ресейді қараңыздар! Рубль бағамының әлсіреуі Ресейде өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне сеп болды. Олар өнімнің өзіндік құны деңгейі жөнінен әлемде 4 орынға шықты және бұл олардың өнімін бәсекеге қабілетті етеді. Бірақ Қазақстанның экономикалық жағдайы жақсырақ, себебі бізге Батыстың экономикалық санкциялары таралмайды. Сондықтан да бағамның түзетілуі мен теңгенің әлсіреуіне байланысты экномикалық өсім мүмкіндігі әлдеқайда көбірек», - деп есептейді экономист.

Алайда салалық одақ басшысы республикадағы барлық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне микроэкономикалық талдау жүргізу қажеттігін көрсетіп отыр. 

«Әрине, жағдайды қайта бағалау жүруге тиіс. Әрбір кәсіпорында шығындардағы долларлық әрі теңгелік құрамдас үлесінің көлемін анықтау қажет. Және де долларлық құрамдас салдарынан баға қаншалықты объективті түрде өсетін болады. Осыған орай таяу 10-15 күнде ешқандай дүрлігудің болмағаны, ал әрбір кәсіпорын, жеке кәсіпкерліктің жаңа экономикалық жағдайдағы бәсекеге қабілеттілік мүмкіндіктерін байыппен бағалау жүргені өте маңызды».

Экономистің ойынша, металлургия кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігі төмендеуінде дәл осы теңгенің қайта бағалануы шешуші фактор болған: «Теңге бағамы қайта бағаланғандықтан сатып алған жоқпыз. Негізгі металдар бағасы құлдырағандығына байланысты, метал өндіру мен сатудағы бәсекелестеріміз – Австралия, Бразилия, Ресей және басқа да мемлекеттерде ұлттық валютаның әлсіреуі орын алды. Доллардың әлсіреуі нәтижесінде ресейліктерде металдарды біршама арзан бағамен сату мүмкіндігі пайда болды. Сондықтан да бұрындары біздің өндірушілер жеткізген тауарлардың едәуір бөлігінің орнын алмастыру жүрді. Мысалы, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі бұрын көршілес ресейлік «Магниткаға» (Магнитогор комбинаты) темір кені кесектерін енді біздің ресейлік бәсекелестер тікелей әрі біршама төмен бағаға жеткізеді. Ал біздің дәстүрлі жеткізу бағыттарын қалпына келтіру үшін, бағамның әлсіреуі қажет болды», - деп атайды сарапшы.

Николай Радостовец қазақстандық өндірушілердің өз өткізу нарығын ұтқызып алғанына мысал ретінде тас көмір нарығын келтірді. Оның айтуынша, «ресейліктер біздің көміршілерді өз нарығынан ығыстырды». Ал жақында ғана ресейлік нарықтағы қазақстандық көмірдің үлесі шамамен 18% ғана құраған еді, енді ол түсіп барады. Теңгенің әлсіреуі ғана қазақстандық көмірдің жоғалтып алған жайғасымын қайтарып алуына мүмкіндік береді.

«Теңгенің әлсіреуі экспортшылар мүмкіндіктерінің жақсаруын білдіреді. Ал бұл жұмыс орындарын сақтап қалу ғана емес, олардың кеңеюі. Саладағы бірқатар кәсіпорындардың осы күзде еңбекақыны және қызметкерлерді қысқартуды жоспарлағаны ешкімге құпия емес. Тіпті ел Үкіметінің отандық ірі кәсіпорындарды қолдау тәртібінде берген жеңілдігі – өнімді тасымалдауға жеңілдіктер де көмектескен жоқ. Біз оны қолданып қала алмадық, себебі күн өткен сайын жөнелтім азайды – сұраныс төмендеп кетті. Бұған не себеп? Қытайлық тұтынушыларымыз біз ұсынғанға қарағанда біршама төмен бағадағы шикізатты іздеп, тауып алған еді. Биыл Соколов-Сарыбай ТӨБ Қытай бағытына тек 500 мың тонна темір кені кесегін жөнелткен, ал былтырғы жылы жөнелтім миллиондаған тоннамен есептелген еді», - деп атады сарапшы.

Оның айтуынша, компания өндірген кеннің өзіндік құнының жоғары болуы салдарынан «қоймаға» жұмыс жасауға мәжбүр болған, өйткені технологиялық тұрғыдан тек тәулік бойғы режимде жұмыс жасай алатын өндірісті тоқтата алмаған.

Сарапшы металл мен кендердің өзіндік құнының жоғары болуына қазақстандық кәсіпорындардың «техникалық артта қалуы» әсер етеді деген пайымға үзілді-кесілді қарсы шығады. «Оған ТӨК кәсіпорындары өткен жылдары сыртқы нарықта табыспен бәсекелесуі және тауарлық топтарын сатуда көшбасшы орын алуы дәлел бола алады. Өзіндік құн түйткілі 2014 жылдың соңында-2015 жылдың басында «теңге-рубль» бағамдық паритетінің бұзылуы салдарынан туындаған еді. Ал қазақстандық компанияларға келер болсақ, олар әлемдік көлемдегі алыптармен бәсекелеседі! Жоғары техникалық жабдықталу және инновациялық технологияларды енгізу тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарын басқа салалардан айтарлықтай ерекшелейді. Еуразиялық топтағы «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, Анод зауыты кәсіпорындарын алып қарайық. Бұл инновациялылығын шетелдік сарапшылар растап отырған кәсіпорындар», - деп баса көрсетті экономист.

«Жаңа валюта саясаты – ащы да болса, экономикамызды емдеуге қажет болған «дәрі» екенін түсінуіміз керек», – деп есептейді Николай Радостовец. – «Ал дәріні ащы деп кінәлай алмайсыз ғой».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер