astana-view

Отандық жиһаз өндірушілер импортшыларға тойтарыс беруге дайын

2015 жылғы 27 Тамыз
11143 просмотров

ҰКП жиһаз кәсіпорындарын бірігуге шақырады

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Жиһаз индустриясы кәсіпорындарының тізілімі жасақталады. Тізілім саладағы шынайы әрекет етуші кәсіпорындарды айқындауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңдеу өнеркәсібі комитеті Жиһаз индустриясы кіші комитетінің 2 отырысында Палатаның Өңдеу комитеті Хатшылығының басшысы Нұрлан Сақуов осылай деп хабарлады.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың маусым айынан бері Хатшылық қалыптастыра бастаған осындай тізілімді құру жиһаз индустриясы кәсіпорындарының шоғырлануына сеп болады. Негіз ретінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитетінің көрсеткіштері алынды. Хатшылық сонымен қатар Өңірлік кәсіпкерлер палатасына сауалнама жүргізуді тапсырды. Аталмыш сауалнама өңірлердегі жиһаз кәсіпорындарының саны жөнінен шынайы көріністі көрсетер еді.

Нұрлан Сақуовтың айтуынша, «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасында ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығы аккредиттеуден өткен. Қауымдастыққа шамамен 30 кәсіпорын кіреді. Олар негізінде Алматы қаласы мен Алматы облысында орын тепкен. 1 тамызға дейінгі ахуалы бойынша Қазақстанда 685 жиһаз кәсіпорны әрекет етеді.

«Бүгінгі таңғы жағдайда салалық Қауымдастықтың кәсіпорындарды шоғырландырудағы ролі ерекше өсіп келеді. Ол, шынымен де, көшбасшыға айналып, сала түйткілдерін шешу үшін барлық өңірлердегі жиһаз кәсіпорындарын біріктіре алар еді», - деп атады Өңдеу өнеркәсібі комитеті Хатшылығының басшысы. Сондай-ақ ол 2015 жылдан бастап ҰКП өз функциясының бір бөлігін өздерін көрсеткен қауымдастықтарға белсенді түрде беріп жатқанын айта кетті.

Ал отандық жиһазшылардың түйткілдері аз емес. Аталып өткендей, соңғы кездері мұнай өнімдеріне әлемдік бағаның құлауымен байланысты қалыптасқан жағдай, тауарлар әкелу, сонымен бірге Ресейден              келетін жиһаз өнімі көлемінің ұлғаюы отандық жиһаз индустриясы кәсіпорындары шығаратын өнімді өткізу нарығының құлдырауына алып келді.

Қазірде Плата, сонымен бірге Хатшылық теңгенің еркін айырбас бағамы орнауына орай болатын тәуекелдер, ықтимал шығындар бойынша күн сайын мониторинг жүргізуде. Аталмыш жұмыстың қажеттілігін Жиһаз саласы кіші комитеті отырысына қатысушылар мақұлдады. Мұндай жұмыстарды жүргізу қажеттілігі Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процестеріне орай ерекше өткірленіп тұрғаны аталды. Бұл да отандық өндірушілердің шығынға ұшырау тәуекелдерін туындатуы мүмкін. 

«Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы, ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының президенті Михаил Глухов еліміздегі жиһаз индустриясының дамуына кедергі келтіріп жүрген дүниелерді сөз етті.

«Кеден Одағы құрылған сәттен бері Қазақстанның жиһазшылары ішкі нарықтағы орындарын нығайтып алды. Егер бұрын отандық кәсіпорындар үлесі шамамен 30 % құраса, бүгінде, тәуелсіз сарапшылар берген статистика мен бағаға сәйкес, 40 және 60% қатынасы жайлы айтуға болады. Неге олай болып отыр? Менің ойымша, Жиһаз кәсіпорындары қауымдастығы, ҰКП және мемлекеттік органдардың бірлескен әрекетінің арқасында импортқа қатысты алғандағы отандық өндірістің дамуына жағдай жасалды. Бұл, бірінші кезекте, КО аясында өз ролін ойнаған қорғаныш факторлары», - деп атады Михаил Глухов. Ол сонымен бірге Қытайдан, Польшадан, Италиядан және басқа да елдерден жиһаз контрабандасын тоқтатуға қол жеткізілгенін айтып өтті. Сондай-ақ көптеген жайғасымдар бойынша құрамдастарға деген бірыңғай кедендік тарифті дайындауда кедендік баждардың нөлдік мөлшерлемесі белгіленді.

Отандық тауар өндірушілердің ішкі нарықтағы жайғасымдарын нығайтуға әрі жиһазды контрабандалық импорттау көлемін қысқартуға мүмкіндік берген факторлардың бірі Қауымдастық пен Хатшылықтың кеден органдары үшін тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды дайындау жұмысы болды. Ол бақылау формасын күшейтуге және басқа тауарларды тасаланып Қазақстанға жиһаз әкелінетін жағдайларды анықтауды қамтамасыз етті.   

«Осының бәрі дайын жиһазға белгілі бір баж мөлшерлемесі болған жағдайда отандық тауар өндірушілер үшін қосымша жағдай жасады. Нәтижесінде, біздің бағалауымыз бойынша, басқа елдердегі әріптестермен бәсекелестік күресте ішкі нарықта шамамен 10 %-ды қалай да «алып қала алдық». Негізгі күрес дайын өнімді импорттаушылар мен отандық тауар өндірушілер арасында жүреді», - деп түсіндірді Қауымдастық басшысы.  

Ол сонымен бірге кеден баждарының қолданыстағы нөлдік мөлшерлемесінің Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі кезінде өңдеу кәсіпорнын дамытуға, соның ішінде жиһаз саласын дамытуға оң әсерін тигізетінін атады.  

Алайда отандық жиһазшыларға кездесіп тұратын түйткілдер де баршылық. Сонымен, Михаил Глухов мемлекеттік органдардың тақталық материалдарды әкелуге темір жол тарифтерін төмендету мәселесін қарауын сұрады. Оның айтуынша, мұндай еркіндік тек жекелеген компанияларға ғана беріледі, ал бұл, шын мәнісінде, әділетсіз әрі түйкілді шешпейді.

«Тақталық материалдарға арнайы темір жол тарифтерін ұсынғандарыңыз қажет. Біз оларды үлкен көлемде, шамамен 400 мыңнан астам текше метр мөлшерінде қолданамыз. Бұл қаншама вагонға тиелетін жүк. Оны үш мың шақырым жерден әкелеміз. Негізінде, біздің тапсырыс берушілеріміз – ресейлік және белорустық зауыттар, және де, әрине, көлік шығындары дайын өнімнің өзіндік құнына, біздің бәсекеге қабілеттілігімізге біршама ауыртпалық боп жүктеледі», - деп назаланды кәсіпкер.

Михаил Глухов жуық арада шешілуге тиіс кейбір түйткілдерге ерекше назар аударды.

«Ұзақ жылдар бойы ШОБ кәсіпорындарын реформалау туралы айтып келеміз. Бұл саладағы жағдай, өкінішке орай, шешілмей отыр, талқылауға шығарылмайды. Бұл да алаңдатпай қоймайды. Бүгінгі таңда салық салу саласында салық жүйесінің икемділігі жоққа тән. Ол салық жүктемесі коэффициенті бойынша бизнестің шынайы мүмкіндіктерін ескерер еді. ҰКП алаңында мемлекеттік органдармен аталмыш мәселені кешенді шешу жөнінде пікірталас өткізгіміз келеді», - деді Қауымдастық басшысы.

«Торнадо  Plus» ЖШС бас директоры Игорь Проценко да жиһаз индустриясы кәсіпорындарының мемлекеттік тендерлер, мемлекеттік сыңайлы кәсіпорындар мен қосалқы мердігерлік ұйымдар тендерлеріне қатысу және олар бойынша тапсырыс алу түйткілдерін қозғады.

Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алулар көбінесе бұзулармен өткізіледі.

«Бүгінде отандық туар өндірушілер мәртебесін екінің бірі иеленеді. Мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін CT KZ сертификатын алса, жетіп жатыр», - деді ол. 

Ол сонымен қатар мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезіндегі шартты жеңілдіктерді қолдану мәселесін көтерді. Аталмыш жеңілдіктер заң бойынша жосықсыз қатысушылармен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

«Бірақ мәселе аталмыш жеңілдіктерді қолдану реттемеленбегендігінде болып отыр, және де нарықтағы қатысу өтілі, кәсіпорындағы жұмысшылар саны, салық жүктемесі, өткізілген жобалардың жағымды тәжірибесі, сертификатталған өндіріс пен өнімнің, ұсыныс хаттың және т.б. болуы ескерілмейді», - деп түсіндірді кәсіпкер.

Игорь Проценко сонымен қатар мемлекеттік сатып алулар процедурасына көшпелі комиссияның әлеуетті жеткізушіні тексеруі сияқты құжатты енгізу қажеттігіне назар аударды. Бұл өндіруші мәртебесін растауға, демек соңғы кездері қаптап кеткен жалған өндірушілермен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Нұрсұлтан Саймасаев айтып өткендей, мемлекеттік органдардың отандық тауарларды барынша көп мөлшерде сатып алуына нұсқау бар. Оның айтуынша, отандық тауар өндірушілерді аттап өтіп, шетелдік өнімді сатып алған жағдайда кәсіпкерлер бұл деректер жайлы ҰКП-ға хабарлауға тиіс.

Отырыста отандық тауар өндірушілердің, сонымен бірге жиһазшылардың «EXPO-2017» халықаралық көрме құрылысына қатысу мәселелері талқыланды. Қазір бас мердігерлер осы бағыттағы жұмыстарды нүктелі түрде жүргізуде. Нұрлан Сақуов хабарлағандай, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету жөніндегі жоспар бар, EXPO құрылысына қатысуға тілек білдіруші кәсіпорындар тізімі құрылған. Аталмыш тізім компанияның өзін, сонымен қатар алдағы қысқы Универсиада құрылысына қатысу аясында Алматы қаласы әкімдігіне жіберіледі.

Бір айта кететіні, қазір Инвестициялар және даму министрлігі ҰКП, басқа да мемлекеттік органдармен бірге жиһаз өнеркәсібін дамыту жөніндегі Жол картасын дайындауда. Оның көмегімен көптеген салалық түйткілдерді шешуге болады.

Отырысқа қатысушылар сонымен қатар жиһаз кәсіпорындары көптеп шоғырланған өңірлерде жиһаз парктерін (индустриялық аймақтарды) құру, отандық тауар өндірушілер үшін шикізат жеткізуде, монополистер қызметтерін (электр энергиясы, темір жол тасымалдауларын) төлеу кезіндегі шығындарды қысқарту мәселелерін талқыға салды. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік сыңайлы кәсіпорындардың тауарларды сатып алуы кезіндегі қазақстандық мазмұнды көтеру, жиһаз индустриясы өнімдерін экспорттау көлемі мәселелері қозғалып, отандық тауар өндірушілерді қорғаудың тарифтік және бейтарифтік шараларын енгізу жайлы айтылды.

«Аталмыш бағытта мемлекеттік органдармен жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз. Жетекші халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай жағдайда кәсіпорындарды шоғырландыру, түйткілді мәселелерді жинауды, талдау жасап, түйткілді жоюға бағытталған шешімдер шығаруды қамтамасыз ететін бірыңғай орган құру, салалық кәсіпорындарды дамыту ең тиімді шешім болып табылады», - деп түйіндеді «Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитеті Хатшылығының басшысы Нұрлан Сақуов.  

Қарлығаш ЖҮСІПБЕКОВА


Еншілес ұйымдар

Серіктестер