astana-view

"Бизнеске қысым жасау тоқтатылсын!", - Алматы кәсіпкерлері салық тексерістерінен қажыды

2015 жылғы 28 Тамыз
10970 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жаңа экономикалық саясат жағдайында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері талқыланды.

Үш комитеттің (туристік сала, ШОБ-ты дамыту және сауда) алғашқы отырысында «САЯТ» туристік фирмасының негізін қалаушы Инна Рей сөз алып, туристік саланың теңге бағамының түсуінен салмақты зардап шегіп отырғанын мәлімдеді.

«Бұл процеске жедел арада араласып, жағдайды түзету керек деп есептейміз. Осындай ахуалда қалып қойған туристік фирмаларға шағын да болса, көмек көрсету керек. Турға кіретін барлық қызметтерді ҚР аумағындағы доллар эквивалентіне теңестіруді ұсынамыз. Кез-келген турдың ең салмақты құрамдасы – бұл ұшу. Ол авиакомпания шығындары есебінен қалыптасады. Авиакомпания шығындары болса, негізінде, халықаралық әуежай қызметімен байланысты шығындар, ал ондағы қызметтер доллар баламасында ұсынылады», - деді ол.

«Қазіргі сәтте туристік салаға келген залалды есептеп шығу оңай. Президенттің теңгенің еркін бағамына көшу барысында салмақты залал келтірілген құрылымдарды қолдау жайлы айтып отырғанын ескере отырып, туристік саланың әлі келмейтін шығындардың орнын толтыру мүмкіндігін қарауды ұсынамыз», - деп жалғады сөзін ол.

Туризм индустриясы департаментінің өкілі Қайрат Сәдуақасов жағдайдың күрделілігімен келісіп, қосымша жиналыс өтккізуді ұсынды. «Бұл жерде кешенді тұрғыдан келуіміз керек, себебі бұл туризм ғана емес, азаматтық авиация комитетіне де қатысты болып отыр. Барлық ұсыныстар талқыланады», - деп ол уәде берді.

Туристік сала комитетінің төрайымы Роза Асанбаева экономика министрі Ерболат Досаевтың жаңа жобалар бойынша, мысалы АТА – арнайы туристік аймақтар құру бойынша заңнамалық базаны толығымен тоқтатып қойғанын мәлімдеді.

«Ішкі туризмді белсендіру үшін, және де шетелге кететін 10 миллион қазақстандық туристі Қазақстанда қалдыру үшін, сұрап отырмыз. Ол үшін бізге туристік сертификаттар енгізу қажет. Бұрынғыдай кәсіподақтық жолдамалар жасау керек. Кәсіпорын қазақстандық шипажайларға берілетін жолдамаларға ақы төлейді», - деді ол.

Роза Асанбаева сонымен қатар қонақүйге тоқтағандар үшін bed tax енгізуді ұсынды. «Қымбат қонақүйлерде, негізінде, мұнайшылар, шетелдіктер, іссапарға шыққан адамдар тұрады. Олар үшін тәулігіне 1 доллар төлеген түк емес. Бүгінде Астана қаласы қонып шығудан пайда көріп отыр. Туризм бюджеттен ақша сұрамайды. Біз оны туристер есебінен аламыз», - деп мәлімдеді ол.

Отырыс модераторы ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаеваға бейнебайланыс арқылы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Юрий Тілеумұратов жүгінді. «Сізге, Гүлнар Төретайқызы, «Атамекен» ҰКП басқармасына Алматы қаласындағы шағын және орта бизнестің жағдайына қатысты жүгініп отырмын. Мемлекеттік табыс комитетінің үлкен тобы (аз дегенде 170 адам) жұмыс жасап жатқанына 3 айдан асты. Салықшылар тәуекелдерді басқару жүйесінен ауытқуда. Барлық импортшылардың бірін қалдырмай хронометражға алып, айлап тексеріп жатыр. Хронометражды бір ай жүргізіп, шағын кемшілік тауып, сол үшін тағы бір айға созған кәсіпорындарды білемін. Мемлекеттік табыс комитетінің басшылығына Алматы бойынша мұндай қудалауды тоқтатуды сұрап жүгінуді өтінеміз», - деп мәлімдеді ол.

«ҚАЗКА» Қазақстанның кәсіпкерлер қауымдастығы Басқарма кеңесінің төрағасы Жұмабек Жанықұлов бұған қатысты дағдарыс кезінде бизнесті тексеруге мораторий жариялауды ұсынды. «Мұндай тәжірибе болған. Бизнестің жандануына жақсы көмектесті. Себебі айлар бойы түрлі кәсіпорындарда отыру бизнесті тоқтатып тастайды. Егер осындай өтінішпен шықсақ, Мемлекет басшысы бізді қолдайды деп ойлаймын», - деді ол.

Кәсіпкерлер форумының өкілі Гүлнар Қуанғанова «үкімет ойлап тауып отырған» жаңа реттеу формаларына да мораторий енгізуді ұсынды – ол жаңа салық төлемдері, алымдар, қосымша кедендік әкімшілік ету шаралары.

Отырыс соңында Гүлнар Құрбанбаеваның кеңесшісі Нұрлан Мұқалиев сөз алды. Ол Ұлттық палата жүзеге асыруды ұсынып отырған үш жаңа жоба жайлы айтты. «Біріншісі, Орталық Азия сапаны басқару және бәсекеге қабілетті көтеру институтын құру. ҰКП консультанттарды оқыту инфрақұрылымын құрады. Онда ұқыпты өндіріс жөніндегі сарапшыларды даярлау болжануда. Аталмыш консультанттар оқыту кәсіпорындарында тәжірибеден өте отырып, белгілі бір біліктілікке ие болады және осыдан соң түрлі салалардағы нақты кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін көтереді. Технологияның өзі жекелеген салалардың бәсекеге қабілеттілігі бірнеше есе көтерілуі мүмкін деп шамалап отыр. Барлық есептеулерді жасадық», - деп хабарлады ол.

Палатаның екінші бастамасы ШОБ-ты қаржыландыру тәжірибесіне факторинг жүйесін енгізуді болжайды. «Факторинг – бұл өндірушілер мен көтерме жеткізушілердің өз сатып алушыларына төлем мерзімін ұзартуды ұсынуына мүмкіндік беретін қаржы құралы. Бұл құрал Батыста кең таралған, бізде кенже дамыған. Сауалнама кәсіпкерлердің шамамен 30%-ы төлемдерді кешіктіру түйткіліне ұшырасып жататынын көрсетті», - дейді баяндамашы.

«Және де үшіншісі, ШОБ-ты салалық дамыту бағдарламасы – «Шеберлер қаласы». Идея жаңалық емес, оның мәні бір саладағы ШОБ-ты бір алаңға шоғырландыруда: тігін өндірісі, полиграфиялық және тағы басқалары. Осылайша ШОБ-тың түрлі іс-шараларға, рұқсат алуға және басқаларына шығынын төмендетеміз», - деп қорытты Нұрлан Мұқалиев.

Отырыс модераторы Гүлнар Құрбанбаева алған ұсыныстардың бәрін жинақтады. Ол дағдарыс жағдайында бенчмаркингтің жаңа құралдарын ескере отырып импорттың орнын ауыстыруға назар аудару қажеттігін, сонымен қатар халықтың белгілі тобы үшін, коммерциялық құнына тәуелсіз бағасы тұрақталған әлеуметтік маңызды тауарларға карточкалық жүйені енгізу туралы мәселені қарау керектігін атады.

«Көпшілік Мемлекет басшысына, жағдайды түзету үшін, жаңа реттеу құралдарына да, тексерістерге де кем дегенде үш жылға мораторий мәселелері бойынша жүгіну қажет деген мәселені бір ауыздан құптап отыр», - деді модератор.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер