astana-view

Дәулет Ерғожин: «Бақылау-кассалық машина жоқтығы үшін әзірше айыппұл салмаймыз!»

2015 жылғы 30 Қыркүйек
14967 просмотров

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитетінің төрағасы 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін салықшылардың кәсіпкерлерге бақылау-кассалық машиналардың (БКМ) жоқтығы үшін айыппұл салмайтынын растады.

2015 жылғы 1 шілдеден бастап бензин, дизель отынын, алкоголь өнімін көтерме және бөлшек сатуды жүзеге асыратын салық төлеушілер қолма-қол ақшамен есеп-айырысқан кезде фискалдық деректерді беру функциясы бар БКМ қолдануға міндетті. Алайда Мемлекеттік табыс комитеті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұстанымымен келісе отырып, енгізуді 2015 жылғы 1 қазанға дейін тоқтатты.

Комитет төрағасы Дәулет Ерғожин palata.kz тілшісінің сауалына жауап бере отырып, бұдан әрі мерзімін ұзартудың мүмкін емес екенін және БКМ орнатуға тура келетінін атады. Алайда бизнестің әлі уақыты бар…

«Заң күшіне енді. Бақылау-кассалық машинаны орнатуды одан әрі созу мүмкін емес. Бірақ біз «Атамекен» Ұлттық палатасымен заңды бұзушыларға қатысты белсенді әрекеттер қолданбауға, соның ішінде, айыппұл салмауға келістік. Әсіресе еліміздің желіге қосылуға техникалық мүмкіндігі жоқ аудандарда. Қазір бақылау-кассалық машиналарға көшу қажеттігіне кәсіпкерлердің көзін жеткізіп, кең көлемді түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз», - деп мәлімдеді Дәулет Ерғожин.

Комитет төрағасының айтуынша, «Қазақтелеком» АҚ басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, оның мамандары бизнесті байланыс арналарымен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырмақшы.

«Барлығына қойып біткенше, жыл соңына дейін күте тұрамыз деп ойлаймын. Жыл соңына дейін барлық осы санаттағы салық төлеуші кәсіпкерлер БКМ-ға көшеді деген ойдамын. Бір айта кететіні, соңғы деректер бойынша, бүгін 160 млрд теңгеге жуық сомаға чек өткізілген, және де бұл сан өсіп барады», - деп атады еліміздің салық қызметінің басшысы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер