astana-view

Туризм қанша тұрады?

2015 жылғы 15 Қазан
9706 просмотров

Туристік операторлар Турист құқығын қорғау қорына сараланған аударымдар жасалуын сұрауда

«Атамекен» ҚР ҰКП Туристік сала комитетінің отырысында туризм саласындағы заңнамалық жаңа енгізілімдер талқыланды.

Атап айтқанда, мәселелердің бірі ҚР Парламентінің Сенаты депутаттары қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Индустрия және даму министрлігі дайындап жатқан Үкіметтің қаулылары жобаларын талқылау болды. Аталмыш өзгертулер Ұлттық палатаның ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментімен бірге екі жыл бойы жүргізіп келе жатқан жүйелік жұмысының нәтижесі болып табылады.

ҰКП Комитетінің өкілдері, салалық қауымдастықтар басшылары, сонымен қатар «Air Astana» авиакомпаниясының басшылығы туристік операторлар мен кеме жалдаушы-туроператорлар үшін банк кепілдіктері сомасын, сыртқа шығу туризмі саласындағы ҚР азаматтары құқығына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің арнайы шотына аударылуға тиесілі соманы, жүйе әкімшісі қызметін қаржыландыру болжанатын комиссиялық алым мөлшерін белгілеу талқыланды.

«Kazunion» ЖШС директоры Лаура Ғалиева Қорды құрылтайшылар есебінен ұстауды, ал жобаға әкімшілік етуді Қазақстанның Туристік операторлар қауымдастығына жүктеуді ұсынды. «Air Astana» авиакомпаниясының аға вице-президенті Ербол Оспанов Қорды басқаруды уәкілетті мемлекеттік органға (ҚР ИДМ) беру қажет деп есептейді. Оның ойынша, бұл бір нарық қатысушылары арасындағы түсінбеушіліктерді жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, авиатасымалдаушылар заң жобасында туроператорлар үшін жарнаның ең төменгі деңгейін жазуды ұсынады. Туроператорлар нарыққа талдау жүргізіп, өз есептеулерін жариялады.

«Кеме жалдаушы-туроператор үшін чартерлік сапарлардағы турлардың жылдық айналымынан 1% мөлшеріндегі аударымды белгілеу қажет деп есептейміз. Бірақ бұл кем дегенде 50 млн. теңге, немесе 25 мың АЕК болуға тиіс. Сыртқа шығу туризмі саласындағы қаржылай кепілдік кем дегенде 30 млн. теңге, немесе 15 мың АЕК болуға тиіс. Бұл соманы салуға орташа туроператордың шамасы келеді деп санаймын», - деп мәлімдеді Лаура Ғалиева.

Қазақстанның Туристік агенттіктер қауымдастығы (ҚТАҚ) Президенті Әсел Нүркебаева жоғарыда аталған сомаларды есептеу кезінде қолданылатын тәсіл сатылған туристік пакеттер санына қарай саралануға тиіс деген ой айтты. Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығының Астаналық филиалының төрағасы Қанат Елеусізов те осындай көзқараста.

Оның үстіне, Шұғыл көмек қорын құру үшін, туроператорлар ойынша, бір жылдағы сыртқа шығатын туристер саны туралы нақты деректерден хабардар болу қажет. «Kazunion» ЖШС берген деректер бойынша, чартерлік және негізгі сапарлармен орташа алғанда 350-450 мың турист саяхат жасайды. Осыған қарай, форс-мажорлық жағдайларға арналған қорланым сомасы 100 млн теңгеден асып кетуі мүмкін.

Алайда жиналыстың барлық қатысушылары бірдей мұндай есептеулермен келісе қоймады. «Қазақстандық туристік қауымдастық» ЗТБ директоры Рашида Шайкенова саладағы есептеулердің миллиондармен саналуы мүмкін еместігіне сенімді.

Рашида Шайкенованың ойынша, мұндай есептеулерде қазақстандық нарықта ірі ресейлік компаниялар қалып, отандықтар көлеңкеге кетіп қалады.

Екінші қаралған мәселе ҚР ИДМ 2016 жылғы маусымда Түркия бағытына баратын сапарлар санын көбейту мәселесі жөніндегі хаты болды.

Комитет мүшелері ірі туроператорлар болашақ маусымда сату көлемдерін қысқартуды ұсынып отырған жағдайда сапарлар санын көбейтудің орынсыздығына қатысты пікірде екіге бөлініп кетті.

Үшінші мәселе – үстіміздегі жылдағы Комитеттің заң шығару қызметінің қорытындылары.

Комитет пен ҚР ИДМ ТИД бірлескен жұмысының барысында ҚР қолданыстағы 9 заңы мен кодексіне 53 өзгерту мен толықтыру жасалды. Ұсынылған өзгертулер мен толықтырулар мынаған бағытталды:

1) ішкі туризм саласындағы қызмет шарттарын айтарлықтай өзгерту – басқарудың жаңа үлгілерін (арнайы туристік аймақ, конвеншн-бюро, туризмді дамыту орталығы), жаңа құралдар (туристік сертификаттар жүйесі) енгізу, салық артықшылықтарын енгізу, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік қызмет жүргізу жөніндегі шарттарды жеңілдету және т.б.;

2) туристер құқығын қорғауға бағытталған сыртқа шығу туризмі саласын қаржылай қамтамасыз ету жүйесін енгізу.

Бұл кезеңде сыртқа шығу туризмі саласында турист құқығын қорғау және туроператорлардың қаржылай жауапкершілігін күшейтуді қамтамасыз етуге бағытталған 16 түзету қабылданды.

Сонымен қатар «Туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» ҚР заңына, «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңға сәйкес, туроператор мен турагент туристік қызметтің әртүрлі түрлерін жүзеге асыруына байланысты туроператор мен турагент арасындағы сақтандыру нысанын бөліп көрсету және нақтылау жөнінен өзгертулер енгізілді (5 түзету) .

Заң жобасы аясында қабылданбаған ішкі туризм саласын қозғайтын өзгертулерді іске асыру 2016 жылға жоспарланды.

Жиналыс қорытындысы бойынша ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева қатысушыларға барлық жаңа енгізілімдермен тағы бір рет танысып шығып, жарналар мөлшерлері мен жаңа Қор жұмысы жөніндегі ұсыныстарын ҰКП Туристік сала комиетті Хатшылығына бір апта ішінде жолдауды, сонымен қатар сапарлар санын көбейту мәселесі бойынша бәтуаға келуді ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер